Қабырғалы қаламгерін еске алды

Жуырда Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында жазушы Мархабат Байғұтты еске алуға арналған «Қазақ жанын қаламымен аялаған суреткер» атты тағлымды кеш өтті. Іс-шараға елге танымал азаматтар, депутаттар, оқырмандар мен «Қазығұрт» мөлтекауданындағы №66 жалпы орта мектебінің 8,9,10-сынып оқушылары қатысты.

Кеш барысында халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты Мархабат Байғұттың өмірдерегі таныстырылды. Сондай-ақ, журналист Аида Өтеп «Ана мен баланың жұмақта жүздесуі» атты авторлық монологын және облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібайдың «Менің Мархабат көкем» эссесінен үзінді оқыды. Сонымен қатар, отырарлық ақын Дәулет Полатбаев Мархабат Байғұтқа арнаған өлеңін оқып берді. 
Оқушылар Ақмарал Құдайбергенова құрастырған «Мархабат мақамдары» кітабынан үзінділер оқып, Дәулеткерейдің «Түркімен» күйін орындады.
Қаламгердің жары Қыздаркүл Пернебайқызы, тыл ардагері Шерім Медеуов, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының құрметті азаматы Рысбай Исамудин, Тұран ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әлімбеков, Тұран ауданы әкімінің орынбасары Асылжан Жанаев, академик Шарапат Құрманбекова, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, Қазақстанның құрметті кітапханашылары – Шәрбану Дінәсілова, Зоя Бегежанова, Халықаралық қазақ бірлестігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Мамыркүл Тілеуқабылова және ақын Алтынай Әлиева заңғар жазушы Мархабат Байғұт туралы  естеліктерімен бөлісті.
Кеш соңында кітапхана директоры, профессор Ақмарал Құдайбергенова қонақтарға алғысын білдіріп, қаламгердің зайыбы Қыздаркүл Пернебайқызына құрмет көрсетті.

Арайлым ТИЛЛАЕВА,
Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар 
кітапханасының кітапханашысы.
Пікір қалдырыңыз