Ол – нағыз еңбек адамы!

Бірқатар мамандықтарды жүре келе үйреніп, тіпті ұршықша меңгеріп кетуге болады. Ал, журналистиканың өзге мамандықтармен салыстырғанда жайы да, жөні де бөлек. Себебі, журналист болам деген адамда әу баста жазу-сызуға, шығармашылыққа деген бейім, қалам ұстауға деген ерекше құштарлық болуы керек. Ал, мұндай дара қасиетті Алла Тағала екінің біріне бере бермесі анық.
Біз бүгін сөз еткелі отырған ардагер журналист Оразбай Мұратовты бойына осындай жазу өнері қонған жан десек, қателеспейміз. Шымкент педагогика институтын ойдағыдай бітіріп, 1971 жылы тарих пәнінің мұғалімі деген диплом алып шыққан Орекең бұл салаға ұзақ тұрақтамады. Мамандығына сай төрт жыл ғана мұғалімдік қызмет атқарған ол екі жыл Қызылқұм аудандық (ол кезде осылай аталатын) атқару комитетінде нұсқаушы, 4 жыл Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде аға ғылыми қызметкер болып, 1982 жылға дейін еселі еңбек етті.
Музейде жұмыс істеген төрт жылда белгілі ғалым-археологтар, ғылым докторлары К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Б.Ерзакович басқарған археологиялық экспедиция құрамында болып, Отырартөбе, Құйрықтөбе және Көкмардан тарихи ескерткіштерін зерттеуге қатысты. Осы қазба жұмыстары нәтижесінде табылған ІV-XIII ғасырлардағы тұтыну бұйымдарының тарихи негіздері туралы аудандық газетке жиі-жиі мақалалар жазып тұрды. Мұғалім кезінде де мектепте өтетін түрлі іс-шараларды, жылт еткен жаңалықтарды оқырмандарға үзбей жеткізіп тұратын. Міне, Орекеңнің жазу-сызуға деген осы ерекше ықыласын сыртынан бақылап жүрген аудандық газеттің сол кездегі бас редакторы Тоқтасын Қысмұратов 1982 жылдың қазан айында оны аудандық партия комитетінің келісімімен аудандық «Қызылқұм» (қазіргі «Отырар алқабы») газетіне бірден жауапты хатшы қызметіне қабылдады. Бұл қызметті 1990 жылға дейін мінсіз атқарып, осы жылы облыстық телерадиокомитеттің Отырар ауданындағы радиохабарлары редакциясы ашылып, осы мекеменің алғашқы жауапты редакторы болды. Оразбай Мұратұлы бұл қызметті 1994 жылға дейін абыроймен атқарды.
Тоқырау кезеңіндегі қиыншылықтарға байланысты Отырар ауданындағы радиохабарлар тарату редакциясы өз жұмысын тоқтатқан соң екінші рет аудандық газеттің жауапты хатшысы қызметіне қайта оралды. Зейнет демалысына шыққан соң тағы да сол кезеңдегі бас редактор Зайыр Сабырдың ұсынысымен 4 жыл өз қызметін жалғастырды. Жақсы журналисті кім жібергісі келеді дейсіз?! 2015 жылы жас мамандардың келуіне орай жастарға орнын босатып, ақ батасын берген Орекең ширек ғасырдан астам еңбек еткен өзінің сүйікті «Отырар алқабы» газетімен қоштасып, сол кезде жаңадан ашылған тәуелсіз «Отырар өркениеті» газетінде күні бүгінге дейін еселі еңбек етіп келеді.
Аймақтың ақпарат саласының өркендеп дамуына қырық жылдан аса ғұмырын арнаған қарымды қаламгер осы жылдардың 30 жылдан аса кезеңінде газеттің жауапты хатшысы қызметін абыроймен атқарған екен. Аты айтып тұрғандай, газеттегі ең қауырт, жауапкершілігі мол шаруаны әр жылдары басшылық еткен бас редакторлардың басқаға емес, осы Орекеңе сеніп табыстауы кездейсоқтық емес. Газеттің мазмұнды һәм оқырмандарға тартымды болып шығуы бас редакторға, сосын осы жауапты хатшыға тікелей байланысты.
Газетке келген материалдарды сұрыптау, жарық көретін нөмірдің макетін дайындау, газеттің беттелу, оқылу процестерін бастан аяқ қадағалау оңай шаруа емес. Міне, осындай нардың жүгіндей тірлікті қарымды қаламгер өзінің парасаттылығы мен байсалдылығының, ешкімге қабақ шытпайтын биязы мінезінің арқасында үлкен абыроймен атқара білді.
Міне, биыл 75 жасқа толып, саналы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын журналистика саласының өсіп-өркендеуіне арнаған ҚР Журналистер одағының мүшесі Оразбай Мұратұлын аудан журналистерінің абызы десек еш қателеспейміз. Орекеңнің еңбекқорлығы, қандай іске болмасын байыптылықпен қарайтын байсалды мінезі, әсіресе шығармашылыққа деген ерекше құштарлығы жас буынға әрқашан үлгі-өнеге. Жас баладай аңғалдығы, ешкімнің көңілін қалдырмайтын ақкөңілділігі, қулық-сұмдықтан, дау-дамайдан бойын аулақ ұстайтын дегдар мінезі артынан ілесіп келе жатқан ізбасарларын өзіне одан сайын ынтықтыра түсетіні ақиқат.
Өз басым газеттің қайнаған тірлігінің бел ортасында білегін түріп, жастармен иық тіресе жұмыс атқарып жүрген жасы жетпіс бестегі Орекеңнен басқа журналисті әлі көрген емеспін. Оның еңбекқорлығы, өз кәсібіне деген адалдығы басшылар тарапынан ескерусіз қалған емес. Ол бірнеше рет аудан әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталып, 2010 жылы ауданның үздік журналисі номинациясына ие болды.
Қарымды қаламгер Оразбай ағаның уақыт көшінен қалмай жарқырап жүруіне оның өмірлік қосағы Азия әпкеміздің де қосып отырған үлесі зор деп білеміз.
Өзінен өрбіген бес ұл-қызынан ондаған немере сүйіп, мәуелі бәйтерекке айналған Оразбай Мұратовтың ауданымыздың мәдени-рухани саласының өркендеп, дамуына қосқан өлшеусіз үлесін ескеріп, аудан басшылығы оған «Отырар ауданының құрметті азаматы» деген абыройлы атақ беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, журналистика саласының жампозы, қалам ұстаған қауымның ақылман абызына айналған мұндай азаматтар қандай құрметке де лайық деп білеміз.
Кәдірхан МАХАНБЕТ, журналист.