Оны шәкірттері «әке» дейтін

Октябрь Қыдырбайұлы Жарылғапов – қазақ волейболының іргетасын қалаған, оны аяғынан тік тұрғызып, бүкіл әлемге танытқан Тұлға! Ол 1931 жылдың 25 қазанында Өзбекcтан республикасының Ташкент облысындағы Янгиюль қаласында дүниеге келген.
Бүгінде оның есімі аға буынның ғана есінде қалған болуы керек, өкінішке қарай, жас буын Жарылғаповтың кім екенін мүлде білмейді десек, қателесе қоймаймыз.
Біз кейде музейге келген жастардан «Октябрь Жарылғапов кім болған?» деп сұраймыз. Оны «ақын болған» деп жататындар да бар... «Ақын» демекші, осы орайда академик Қаныш Сәтбаевтың мына бір «деген екені» ойға оралады.
Қаныш Сәтбаев алғаш рет КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттығына кандидат болып, Қарағанды облысынан ұсынылған екен. Сайлаушылармен кездесулердің бірінде сенімді өкілі сөзінің соңында: «Қаныш Имантайұлы өзі жұмыс атқарған Семей ет комбинатының директорына дейін көтерілген» деп соғып жіберіпті. Сол кезде Қаныштың қасында отырған жергілікті шенеуніктердің бірі: «Қанеке, ондайыңыз да бар ма еді өзі?» деп таң қалыпты. Сонда тумысынан сыпайы Сәтпаев: «Жамандап жатқан жоқ қой, оқасы жоқ, айта берсін» деген екен. Сол секілді жастар «ақын» десе де, «Жарылғаповты жамандап жатқан жоқ қой» деп амалсыз жұбанамыз.
Октябрь Жарылғапов Түркістандағы №19 мектепті бітіріп, немере ағасы Әшірдің көмегімен 1949 жылы Алматыға оқуға аттанады. 1955 жылы Алматы малдәрігерлік институтын, 1962 жылы Алматы дене шынықтыру институтын сырттай оқып бітірген. 1955-1958 жылдары волейболдан Қазақстанның құрама командасы сапында ойнады. Ол 1954 жылы Диляра деген тәжік қызына үйленеді. 1954-1957 жылдары «Буревестник» командасының құрамында республика чемпионы атанған. 1955-1962 жылдары волейболдан Қазақстан ерлер құрама командасының аға жаттықтырушысы болды. Оның жетекшілігімен Қазақстан волейболшылары халықаралық ареналарда жеңіске жеткен.
Октябрь Қыдырбайұлы В.Кравченко, Ж.Сауранбаев, О.Антропов сынды КСРО-ның, Еуропаның, дүние жүзінің және Олимпиадалық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиелеген. Даңқты боксшы Әбдісалан Нұрмахановтың да бокстан бұрын Жарылғаповтың волейбол командасында жаттыққаны мәлім. Бірақ бүйрегі боксқа бұрып тұрған Әбдісаланды Октябрь аға: «Әй, сен баланың жүрегің ана жақта екен, бара ғой боксқа» деп ақ жол тілеп, шығарып салыпты.
Октябрьдің әкесі Қыдырбай саяси қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жазаға тартылып, хабар-ошарсыз кетеді. Анасы екеуі сол кезде Өзбекстанның Янгиюль қаласынан Түркістанға көшіп келеді. Сөйтіп Октябрьдің балалық шағы Түркiстан қаласында өтедi.
Анасы Айнагүлге Октябрьді басқа бауырларымен бірге өсіріп-жетілдіру оңай болмаған сияқты. Үлкен ұлы Балмахан соғысқа кетіп, ол да оралмайды. Әкесінен ерте айрылып, жетімдіктің тауқыметін тартқан Октябрь мен бауырлары еңбекке ерте араласады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Октябрьдің спортқа деген құлшынысы ерекше болыпты.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында Алматыда қазақ волейболы қанатын кең жайып, жастар жағы бұл ойынға қатты қызығады. Қазақ волейболының дамуына Егор Иконников пен Борис Дмитриев сынды мықты мамандардың көмегі көп тиеді.
Небәрі 37 жасында өмірден озған О.Жарылғаповтың жары Диляра апайдың айтуынша, Октябрь аға өте қарапайым, көпшіл, адамгершілігі мол жан болыпты. Жаттықтырушы болып жүрген кезінде бүкіл құраманың ойыншыларын ас ішуге үнемі үйіне ертіп әкеледі екен. Содан да болар, шәкірттері Октябрьді зор құрметпен «әке» деп атаған. Біреу білер, біреу білмес, Октябрь Жарылғапов «Буревестник» командасының бір мезгілде әрі ойныншысы, әрі капитаны, әрі жаттықтырушысы болған.
Октябрь Жарылғапов – Қазақстан спортындағы ұлы тұлғалардың бірі. Ол бір ғана «Буревестник» командасымен шектеліп қалмай, бірнеше жыл Қазақстан ұлттық құрамасының да бас жаттықтырушысы қызметін атқарған. Арда азамат 1969 жылы 11 мамырда Алматы қаласында қайтыс болған. Дәл сол жылы оның командасы тұңғыш рет КСРО-ның чемпионы атанады. Октябрь ағаға осы бір қуанышты сәтті көру жазбапты. Ол сол жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанындағы дене шынықтыру және спорт жөнiндегi комитет төрағасының орынбасары әрi «Буревестниктiң» бас бапкерi қызметiнде жүрген. Қайтыс боларының алдында, үлкен жүректі азамат Семей облысына іссапармен барып келген екен. Сол кезде онда атом бомбасының кезекті сынағы өткізілген. Жарылыстың зардабы арда туған ұлдың бойына кесел болып жабысып, көп ұзамай соның салдарынан өмірден озады.
Көзкөргендердің айтуынша, оны жерлеуге барған адамдардың қарасында есеп болмаған. Сол күні Алматының бар таксиі бір мезгілде тоқтап, қаралы күй кешіп, сүйікті ұлдарына ерекше құрмет көрсеткен. Қарапайым халықтың мұндай құрметі екінің бірінің маңдайына жазылмаса керек...
Айгүл БАҚЫТҚЫЗЫ,
Саттар Ерубаев музейінің меңгерушісі.