Хамас пен Израиль: бұл «үлкен ойынның» бір пұшпағы ғана...

Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғаларға біржақты қарауға болмайды. Яғни орын алған оқиғаның төңірегінде ғана талдау жасап, оның тарихымен ғана шектелу үлкен қателіктерге ұрындырады. Таяу Шығыста болып жатқан қанды қырғын тек Палестина не болмаса Араб–Израиль проблемасы емес. Бұл жаһандық көлемде жүріп жатқан үлкен ойынның бір пұшпағы ғана...

Хамас ұйымының биылғы 7 қазан күнгі ойраны Израиль үшін тура АҚШ-тағы 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиға секілді әсер қалдырып отыр. Осы екі оқиғаның бір-біріне егіз қозыдай қатты ұқсастығы бар. Аль-Каида АҚШ-қа, ал, Хамас Израиль секілді алпауыт мемлекетке шабуыл жасады. АҚШ әлемдік үстемдікке қол жеткізу үшін «Кім бізбен бірге емес, сол бізге жау» деген ұранмен, терроризмге қарсы күрес желеуімен Ауғанстанға, Орталық Азияға, Иракқа кіріп, өзінің әскери базаларын орнатса, Израиль үлкен Израиль жобасын жүзеге асыру үшін Газаны аяусыз бомбалаудың астына алып, ол жердің тұрғындарына «Мысырға көшіңдер» деп талап қоюда. 
Палестинаның азаттығы үшін күрес жүргізіп жатқан Хамас ұйымы Израильдің бақылауындағы Палестина жерлерін қайтарып алу үшін 7 қазан күні шабуыл жасады. Неге дәл 7 қазанда? Себебі бұдан 50 жыл бұрын яхудилердің діни мерекесі – Йом-Кипур (Қиямет күні) күні, яғни 1973 жылы 6 қазанда Мысыр мен Сирияның жетекшілігіндегі араб коалициясы Израильге шабуыл жасаған болатын. Израиль бұл соғыста күтпеген соққыдан көп шығынға ұшырады, бірақ түбінде жеңіске жетіп, 19 күннен кейін қарсыласын бейбіт келісімшарт жасасуға мәжбүрлеген.
Бүгінде халықаралық қауымдастықта Хамастың 7 қазанда Израильге жасаған шабуылы Йом-Кипур оқиғасының 50 жылдығына орайластырылған деген түсінік пайда бола бастады. Ал, бұл болжам расқа айналса, бұндай оқиғаны айтулы күндерге орайластырып ұйымдастырудың астарында үлкен мән жатқандай болады. Бұл бір жағынан күмән туғызбайтындай шындыққа жанасады. Халықтың санасында да неліктен бұл күні шабуыл жасады деген сұрақ туындамайды. Бұл үшін әрине, ақпарат құралдары іске қосылады. Бұл сөзіміздің растығына интернет желісіндегі хабарлардың алғашқы беттерінен-ақ көз жеткізуге болады. Яғни әлемдік БАҚ-тың тізгінін қолында ұстап отырғандар халықаралық қауымдастықтың назарын негізгі мәселеден көлегейлеп жатыр. Ал, Палестина қырғыны астарында жатқан негізгі мәселе не?
Әлемдегі озық технология мен соңғы үлгідегі қару-жараққа ие, шекарасын құс ұшыртқызбайтындай етіп жарақтаған Израильдің ескі қару-жараққа ие Хамас сарбаздарынан аяқ астынан опық жеп қалуы расында да ойландырмай қоймайды. Технологияның соңғы жетістіктерін қолданған Израильдің шекарасынан хамастықтар өтіп қана қоймай, алғашқы сәттерде біршама шақырым жерді өз бақылауларына алған. Хамас ұйымының осы шабуылға дайындығын әлемдегі ең күшті тыңшылық желісіне ие Израильдің барлау орталығы МОССАД қалай байқамаған?! МОССАД қалайша Йом-Кипур (Қиямет күні) шабуылына 50 жыл өткенін, осындай айтулы күндерде Хамастың шабуыл жасау ықтималдығы артатынын күні бұрын неге білмеді?  МОССАД қана емес, әлемдегі барлық елдердің барлау орталықтары айтулы күндерде қандай да бір оқыс оқиғаларға, аяқ асты келеңсіз жағдайларға, абыройсыздыққа, соққыға ұшырап қалмайық деп қырағылықтарын күшейтіп, әскери дайындықтарын пысықтайды емес пе?! Сол күндері МОССАД-тың қырағы көзін кім тұмшалады? Хамастың құрамында не болмаса Газада МОССАД-тың бірде-бір жансызы жоқ па? Израильге барынша қолдау көрсетіп отырған одақтасы АҚШ-тың да тыңшылары жоқ па бұл аймақта? Вагнердің Мәскеуге қарсы жорығын күні бұрын біліп, Ақ үйді, Пентагонды, мемлекеттік департамент пен конгресті хабардар еткен АҚШ барлау орталықтары Хамастың шабуыл жасайтынын қалайша білмей қалды? Хамас бұл шабуылға айлап, жылдап дайындалды. Хамасқа Израильдің соңғы технологиямен жарақтандырылған шекарасын асып өтуге қандай күш көмек берді? Израильге шабуыл жасап соққы берген күннің өзінде мұның арты немен бітетінін Хамас ұйымы есептемеді ме? Хамас Израиль секілді әлемнің алдыңғы қатарлы еліне қанша уақыт қарсы тұра алады? Соғыс ұзаққа созылған жағдайда қажетті қару-жарақты, оқ-дәріні т.б. қажеттіліктерді қайдан, қалай алады? Хамастың алғашқы сәттердегі табысты шабуылдары Израильдің ең мықты деп мақтаған әуе қорғанысының абыройын айрандай төккен жоқ па?! Ал, бұл Израильді әлсіз, бейшара етіп көрсетпей ме? Бұл кімге, не үшін керек? Міне, осы және осыған ұсқас көптеген сұрақтар Хамастың шабуылын кездейсоқ жағдай деп қарастыруға болмайтынын көрсетіп отыр. Жалпы, бұл сұрақтардың өзін белгілі бір дәрежеде жауап деуге де болады.
Ал, енді Хамастың әрекеттерін талдар болсақ, олардың әрекеттерінде исламның қағидаларына қайшы келетін әрекеттер байқалады. Өздерін «Ислам қарсылық қозғалысы» деп ислам дінінің атынан әрекет ететін моджахедтер ретінде көрсетеді. Ал, ислам соғыс барысында бейбіт тұрғындарға қарсы қару қолдануды, тұтқындарды өлтіруді қолдамайды. Хамастықтар болса шабуыл барысында әскер мен полицияны ғана емес, бейбіт тұрғындардың өздерін мотоциклмен қуып жүріп атқылап, шығынға ұшыратады. Хамастықтардың бұл әрекеті Израильдің қытығына тиіп, оны өзіне қарсы шабуыл жасауға мәжбүрлеу деп қарастырсақ болады. Оққа ұшқан бір-екі жауынгері үшін бүкіл қырманды өртеп жіберуге дайын израильдіктердің бұл әрекеті іздегенге сұраған болды. Хамастықтар Израильдің абыройын айрандай төгетін шабуылдың қарымтасы өте қатал, аяусыз болатынын сезбеді ме? Қаншама бала-шаға, бейкүнә жандардың құрбан болатынын, қаншама ғимараттардың, аурухана мен әлеуметтік нысандардың жермен жексен болатынын білмеді ме?
Аймақтағы қақтығысқа ең бірінші болып АҚШ-тың араласуы да күдікті қоюлата түседі. АҚШ конгресінен Израильге ондаған миллиард доллар қаржы бөлінді. АҚШ президенті Джо Байден, мемлекеттік хатшысы Э.Блинкен Израильге дүркін-дүркін келуде. Әлемдегі ең қуатты мемлекет АҚШ өзінің Израильді қолдайтынын сөзімен ғана емес, ісімен де көрсетіп, аймаққа  кемелерін, әскерлерін шоғырландырды. Әлемдегі ең қуатты әскери теңіз күші Gerald Ford-ты, Toma Hawk зымыранына ие көптеген кемелерді, баллистикалық зымырандары бар әскери-теңіз күштері мен әуе күштерін аймаққа жіберді. Сіз АҚШ мұның бәрін бір ғана Хамасқа қарсы тұру үшін істеп жатыр деп ойлайсыз ба? АҚШ-тың Таяу Шығыста ондаған (ашық, жасырын) әскери базасы бар. Егер Израильге көмек көрсету қажет деп есептесе, аймаққа әскери теңіз флотын жібермей- ақ, сол базалардан-ақ тиісті әскери көмекті артығымен көрсетуіне болар еді ғой, алайда, АҚШ әскери-теңіз флотын аймаққа жіберу арқылы бүкіл жаһанға сес көрсетіп отыр. 
Демек, мақсат Палестина–Израиль проблемасы емес. Мақсат – АҚШ-тың  әскери-теңіз күштерін аймаққа шоғырландырып, өзінің күшін көрсету, өзге елдердің Израильдің ісіне араласпауын әрі Израиль билігіне өзін бұл аймақта 70 жылдан бері кім қорғаштап, қолдап, ұстап тұрғанын сездіру.
Швециядағы SIPRI зерттеу институтының мәліметтеріне қарағанда, 2018-2022 жылдар аралығында ең көп қару-жарақ сатып алған мемлекеттердің алғашқы ондығына аймақтағы Сауд Арабиясы, Катар, Мысыр секілді 9 араб мемлекеті кіреді екен. Ал, бұл мемлекеттерге қару-жарақ сатуда АҚШ бірінші орынға шықты. Яғни АҚШ бір тараптан Израильге қажетті қолдау көрсетіп отырса, екінші жағынан оған қарсы араб мемлекеттеріне де қару-жарақ сатып пайда тауып отырған. Осылайша АҚШ  Израильді пайдаланып, аймақта белгілі бір тепе-теңдік сақтау саясатын ұстанып отыр десек болады.   
Алайда, АҚШ-ты Израильдің өзіне жүктеген міндеттен ауытқып, Қытайға бет бұруы қатты алаңдатты. Әлемдік деңгейде Қытайды өзінің басты бақталасы ретінде көретін Америка өзінің жобасы ретінде көрген Израильдің уысынан сусып шығып бара жатқанына қарап отыра алмасы анық еді. 
Израиль соңғы жылдары Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасын жариялағаннан бері аспан асты елімен Ұлы Жібек жолын жаңғырту мақсатында екі жақты ынтымақтастықты жандандырған еді. Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды премьер болып сайланғаннан кейін Қытай өкіметі  биыл 28 маусым күні ресми сапармен Пекинге шақырды. Бұл премьер-министрдің Қытайға төртінші сапары болмақ. Бірақ бұл сапардың қашан болатыны әзір белгісіз. 
Қытайдың шақыруы АҚШ үкіметі мен Израиль үкіметі арасындағы келіспеушіліктің шиеленісіп тұрған кезіне дөп келген еді. Әдетте Израиль премьер-министрін сайланғаннан бірнеше апта өткеннен кейін АҚШ-қа, Ақ үйге шақыру дәстүрі бар. (Израиль парламенті Беньямин Нетаньяху басшылығындағы жаңа үкіметті 2022 жылы желтоқсанда бекіткен болатын). Алайда, Байден үкіметі Беньямин Нетаньяхуды Ақ үйге шақыруға асықпады. Өйткені Беньямин Нетаньяхудың коалициясына әсіреоңшыл партияның енуі және олардың Израильдің жоғарғы сотын әлсірететін заңдар қабылдауы АҚШ-қа сезік тудырды. Егер Байден үкіметі Беньямин Нетаньяхуды шақырса, бұл оны және оның коалициясының әрекеттерін қолдаған секілді болып көрінетін еді. Сол себепті 2023 жылы наурызда АҚШ президенті Джо Байден Израильдегі сот реформаларына қатысты протестерге байланысты Беньямин Нетаньяхуды жуық арада шақыра қоймайтынын ашық түрде мәлімдеді. Ал, Израиль үкіметі болса, АҚШ пен Қытай арасындағы бақталастыққа қарамастан, АҚШ-қа «сен болмасаң, сенен басқалары да бар» дегендей сыңай танытып, Беньямин Нетаньяхудың Қытайға ресми сапары 2023 жылдың аяғына таман жүзеге асатынын тамыз айының басында-ақ мәлімдеп үлгерді. 
Израильдің Қытаймен арадағы сауда айналымы да 15 миллиард доллардан асып кетті. Қытай Еуропа Одағы және АҚШ-тан кейін Израильдің үшінші сауда әріптесі болып отыр. Осындай кең көлемді қарым-қатынас жоғары деңгейдегі саяси ынтымақтастық үшін үлкен алғышарттар дайындап отыр десек болады. Мұнымен қатар, Қытайдың Таяу Шығыстағы саяси-экономикалық белсенділігі АҚШ-ты ерекше алаңдатып отыр. Қытайдың делдалдығы арқасында 2023 жылы сәуірде Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы өшпенділік саябырсып, дипломатиялық қарым-қатынас қайта орнап, ынтымақтастық жалғасын табатын болды. Сонымен қатар, Палестина мемлекетінің президенті Махмуд Аббастың биыл 13-16 маусымда  Қытайға сапарында екіжақты стратегиялық әріптестік құрылып, Қытай инвестициясын Палестинаның коммуникациясына, тұрмысқа қажетті өнімдер саласына құю мәселесі қолға алынды. Қытайдың Палестинамен де, Израильмен де конструктивті қарым-қатынасты қалыптастыру саясаты АҚШ тарапынан Қытайдың Таяу Шығыс аймағында ықпалының артуы ретінде қабылданып отыр. Өйткені Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы араздықты қоздырған және оны ең көп пайдаланған АҚШ болатын. Ираннан қауіптенген Сауд Арабиясына ең көп қару-жарақ сатқан да Сэм ағай еді. Ал, Қытай ежелден бір-біріне жұлдызы қарсы екі елді татуластыру арқылы АҚШ-тың «картасын шашып жіберді». Америка «бөліп ал да, билей бер» саясаты негізінде әрекет етіп отырса, Қытай өзінің жобасын іске асыру үшін аймақтағы елдің достық қарым-қатынаста болғанын қалайды. Қытай, сонымен қатар, Палестина мен Израиль арасындағы бітпей келе жатқан дауды да реттеуді қолға алған болатын. Өйткені тұрақтылық, тыныштық бар жерде сауда-саттық дамиды, инвестицияның құйылуына жағдай туындайды. Сондықтан бұл жерде Хамас ұйымының Израильге шабуыл жасауының астарында Израильді «тәрбиелеу» рәсімі жүріп жатыр десек, қателеспейміз. Тек қаншама бейбіт тұрғындар, бейкүнә жандардың құрбан болып жатқандығы ауыр ойларға жетелейді. 
Сонымен Таяу Шығыстағы соғыс тек Хамас пен Израиль арасындағы соғыс десек, ол шындықтың ауылынан алыс кеткендігіміз болып шығады. Мәселе біз ойланғаннан әлдеқайда терең әрі күрделі. Ал, Газадағы қанды қырғынға қатысты мемлекеттердің әртүрлі деңгейде айтқан сөздерін не әрекеттерін мына оқиға арқылы түсінуге болады. АҚШ барлау орталықтарының мұқият жүргізген жұмыстары нәтижесінде 2020 жылы 3 қаңтарда ішінде Иран революциялық гвардиясының Күдүс күші қолбасшысы Касем Сүлеймани бар автоколонна нысанаға алынып, зымыранмен атқыланады. Осы операция кезінде К.Сүлейманимен бірге 10 адам оққа ұшады. Бұл оқиға Иранда халықтың толқуына себеп болды. Иран билігі К.Сүлейманиге жасалған қастандық сұраусыз қалмайды дегенді ұқтырып,  АҚШ-тың әскери базасын зымыранмен атқылады. Бұл оқиғаның БАҚ-та жарияланған, біз білетін ғана жағы. Ал, мұның бізге беймәлім жағын АҚШ-тың экс-президенті Д.Трамптың өз аузынан тыңдайық: «К.Сүлеймани өлтірілгеннен кейін ирандық өкілдер менімен байланысқа шықты. «Тыңдаңыздар, бізде басқа амал жоқ. Біз сіздің елді атқылауға мәжбүрміз, өйткені өзімізді құрметтейміз. Сіздің аса көп қолданыста болмаған әскери базаңыз бар. Біз ол жерге 18 зымыран жібереміз». Мен оларды түсіндім. Біз соққымен олардың әскери адамдарын өлтірген едік. Олар  бұған қарымта жауап ретінде бір нәрсе істеулері керек еді. Ираннан атқыланған 18 зымыранның бесеуінің әуеде көзін жойып жібердік, қалғандары әскери базаның төңірегіне түсті. Ал, негізінде бұл зымырандар барынша дөп түсетін, мүлт кетпейтін зымырандар еді. Иран зымырандарын атқылаған кезде көптеген американдықтар қатты алаңдады. Алайда, мен барынша байсалдылық таныттым». Д.Трамптың осы айтқанынан көп мәселені аңғаруға болады. Палестинаға қатысты Иранның немесе өзге мұсылман мемлекеттерінің «Израиль қанды қырғынды тоқтатпаса зымыранмен атқылаймын, өйтемін, бүйтемін» деген бопсаға толы сөздері бос сөздер-ау осы  деген де ойда қаласың...
Мемлекеттер өз араларында өздері түсінетін жасырын каналдар арқылы байланыс құрып, халықаралық қауымдастықтың білуі әрі естуі тиіс «қиял-ғажайыптарды» өздері дайындайды. Біз сол «қиял-ғажайыпты» БАҚ арқылы естіп-біліп отырамыз. Сондықтан бүгінгі күні Таяу Шығыста болып жатқан оқиғаларды қызу эмоциямен емес, парасаттылықпен бағалай білу маңызды.

Рашид ТӘЖІБАЕВ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің  халықаралық қатынастар 
кафедрасының PhD докторы, 
доцент міндетін атқарушы.

Пікір қалдырыңыз