Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азат СЕЙТМЕТОВ: «Театр – арыңды, жаныңды тазалайды»

Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы мен «Кафка» атындағы сыйлықтардың иегері, профессор Райымбек Сейтметовтің туғанына биыл 85 жыл толып отыр.  Осыған орай Түркістанда «RAIYMBEK FEST» театр фестивалі ұйымдастырылып, оған даңқты режиссердің ұлы Азат Сейтметов келген еді. Азат та – актер, әке жолын қуған ұл. Төрт күнге созылған фестиваль кестесінің тығыздығына қарамастан, Азат Райымбекұлы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырмандары үшін сұхбат беруге келісті.  

– Азеке, атақты адамның баласы болудан көбірек пайда көрдіңіз бе, көбірек зиян шектіңіз бе?
– Сұрағың орынды. Даңқты әкенің есімін арқалап жүру оңай емес, өзім де өнер жолында жүргендіктен, мұның салмағы екі есе ауыр. Қаншама киноға түсіп, сахнада ойнағаныммен, сырт көз бәрібір әкеммен салыстырып көреді. Сондықтан шығар, қырықтан асқан шағымда: Әшірбек ағамның «Азат, сен енді нағыз актер болдың» дегені бар.
Әкем бүкіл өмірін қазақ өнеріне арнады. Иә, министрлікте бір-екі жыл жұмыс істегені бар. Сол жерде жүріп: «Маған сахна, театр керек. Мына жұмыс маған қол емес екен» деп өз еркімен арызын жазып шығып кеткен. Өздеріңіз де білесіздер, Түркістан қаласына келіп өнер ордасын ашты. Былайша айтқанда, қаншама қиындыққа төзе жүріп, жоқтан бар жасады. Маған «әкеңіздің осындай ерлігін жасау сіздің де қолыңыздан келе ме? Өмірде әкеңіздің есімін пайдаландыңыз ба?» деген сұрақтар жиі қойылып жатады. Өтірік көлгірсімей-ақ қояйын, менде ол кісінің ерлігін қайталайтындай жанкештілік жоқ. Сосын ешқашан әкемнің абыройын, есімін пайдаланған емеспін. Тіпті, өзімнің азды-көпті атақ, марапатымды да айтуға ұяламын.
Біздің бала күнімізде таңертеңнен кешке дейін түзде жүретіндіктен, әкем үйде сирек болатын. Үйде қанша аз болса да, ол бізге керемет мейірімді еді, дауыс көтеріп ұрыспайтын. Ол кісі үндемей қалса, бірдеңе бүлдіргенімізді түсінетінбіз. Жаз мезгілдерінде қолы қалт етсе, елдегі ағайын-туысты, Созақ өңірін аралатып, «мен мына жерде туғанмын» деп Қарашықты көрсететін. 
Мен әкеммен бірге жұмыс істеген жоқпын. Бірақ шәкірттері, үзеңгілес достары ол кісі жайлы үнемі жақсы пікір айтып отырады. Бір жолы Қадырғазы досым «қиналған сәтімде үнемі түсіме Рекең кіреді» деді. Осындай сөздер жаныма жұбаныш болады.
– Театр өнерінің бүгінгі бағытына қалай баға берер едіңіз?
– Бір жылдары сахнадағы алпыс адам залда отырған жиырма адамға өнер көрсеткен кездер де болған. Қазір көрермен көбейді, халықтың театрға деген құштарлығы артты. Тіпті кейде таныстарымыз «билет таппай жатырмыз» деп хабарласады. Бұл көңілге қуаныш ұялатады.
Жаңадан үйленген жылдары театрдағы жалақымыз бір қорап темекіден артылмайтындықтан отбасымды асырау үшін амалсыз бизнеске кеттім. Қазір заман өзгеріп, жағдайымыз түзеліп, сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік туып отыр. Өнердің сиқыры бәрібір жібермейді екен. Қалай болғанда да, театрдың жөні бөлек. Жақсы спектакльде, сахнада кейіпкеріңмен бірге күліп, бірге қайғырасың. Сол оқиғаның арасында өзің жүресің, оның әсерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Театр – арыңды, жаныңды тазалайтын қасиетті орын.
– Кино демекші, әрісі Америкадан, берісі Еуропадан жүлде алған киноларымыз көрерменге жетпей жатады. Тарихи киноларымыз да сынға аз ұшырамайды. Бейәдеп сөздермен былғанған кинолардың көрермені артты. Осы орайда өзіңіз сценарий жазып, оны өзіңіз түсіру ойыңызда жоқ па?
– Халықаралық фестивальдерден жүлде алған киноларға қазы бола алмаймын. Олар авторлық кино болғандықтан өзінің талдайтын, таңдайтын, бағалайтын ортасы бар. Ол жағын түсіне бермейміз.
Қайбір жылы сондай жүлдегер кинолардың бірі «Тюльпан» көп сынға ұшырады. Мен ол киноны көрмеппін. Бірақ, өнер арқылы өз еліңді, халқыңды жерге қарату дұрыс емес. Жалпы, өнер кез келген халықты әлемге танытады. Кешегі «Қыз Жібек» қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналды. Димаш ініміз елімізді дүние жүзіне танытты, жапондарға дейін қазақ тілінде ән салдырды. Міне, өнердің құдіреті! Сондықтан қай салада болмасын, шетелге тек жақсы жағымыздан көрінуіміз керек. 
Бүгінде экранның былапыт сөзбен былғануы өте ерсі жағдай болып тұр. Жастар көргеніне еліктейді, әлгіндей сөздерді санасына тез сіңіріп алады. Халыққа әдемі әдет-ғұрпымыздан аспайтын дүниелерді ұсынуымыз керек. Биылғы жазда маған бір-екі рөл ұсынғандар болды. Сценарийін оқысам, былапыт сөзге толып тұр. Мен ондайды әуел бастан ұнатпаймын, сондықтан ұсыныстан бас тарттым. 
Тарихи киноларымыздың да көп сынға ұшырағаны рас. Ілияс Есенберлиннің өлмес туындысы негізінде түсірілген «Көшпенділер» фильмі де көңілден шықпады.
Жалпы, менің ойымша, бұрынғы көркемдік кеңесті қайта қолға алу керек.
Өз басым сценарий жазып, кино түсірмеймін. Мен актермін. Әркім өз саласының мықты маманы болып қалғаны жөн.
– Соңғы отыз жылда керемет пьеса жазды деп қай драматургті атар едіңіз?
– Драматургия саласының ақсап жатқаны рас. Бірақ мен жазушы емеспін ғой, бұл сұрағыңды жазушыларға қойғаның дұрыс.
– Соңғы сұрақ болсын, жарыңыз да өнер адамы, мұның өзі отбасында қиындық тудырмай ма?
– Біздің отбасымызда, керісінше, екеуміздің де өнерде жүргеніміз өте жақсы болып тұр. Себебі, өзгелер айтпаған сынды бір-бірімізге айтып отырамыз. Қандай жұмыс істесек те: «Мына жерің келіспей тұр, ана тұсында басқаша алып шығуың керек еді» деп талқылап отырамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Пернебай САПАР,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз