Мұндай да болады екен

Спорт тарихында қызықты оқиғалар жиі кездеседі. Соның ішінде естіген адамның күлкісін келтіретін ең атақты оқиға ретінде Тунис спортшыларының Олимпиададағы қызығын, ақырзаманға сеніп, жоғары мансаптан айырылған қақпашының әрекетін айтуға болады. Оқырмандарға түсінікті болу үшін тарқатып айтайық.

1960 жылы Олимпиада ойындары Рим қаласында өтті. Осы ойындар кезінде Тунистен келген бес­сайыс­шылар көпшіліктің күлкісіне қалды. Суға жүзу сайысында спортшылардың бірі суға тұншығып, ұйымдастырушылардан көмек сұраған көрінеді. Ал, нысана көздеу сайысында тунистік спортшылар оқты айдалаға атқан. Тіпті, сайысты бақылап отыратын төрешілерді жарақаттай жаздаған. Қызықтың бәрі ат спорты сынында болған. Спортшылар атқа отырып, 15 кедергіден өтуі тиіс еді. Алайда, спорт тарихында алғаш рет бір команданың 5 спортшысы да бірінші кедергіге жетпей, аттан ауып қалған. Ескек есу сайысында да тунистіктер күлкіге қалды. Бессайыстың өзге жарыстарынан бір ерекшелігі, мұнда жарысқа бір спортшыны ғана қосуға болады. Ал, тунистіктер өздерінің күшіне күмәнданып, өзге елдің азаматын жарыс жолына шығарып жіберіпті. Олардың бұл қулығы да іске аспаған. 
Спортта күлкіге қалу бойынша тунистік бессайысшылармен аргентиналық қақпашы Карлос Роа таласа алады. 1998 жылғы Аргентина мен Англия арасындағы ойын әлі күнге дейін көпшіліктің есінде. Диего Симеоне мен Дэвид Бекхэмнің ерегісі, Майкл Оуэннің ғаламат ойыны, қақпашы Карлос Роаның пенальти қайтаруы... Осының бәрі әлем чемпионатының 1/8 финалында орын алды. Матч соңындағы пенальти сериасында шеберлігімен көзге түсіп, «альбиселестаны» ширек финалға алып шыққан Карлос Роаны Аргентина халқы «ұлт батырына» балады. Осы мундиальден кейін Роа ТОП клубқа жол тартады, мансабы өрге домалайды деушілер көп болды. Бірақ... Карло Роа дінге берік адам болып шықты. Бірде ол Испания чемпионатының (испаниялық «Мальорконың» ойыншысы еді) бір ойынына шығудан бас тартты. Себебі, күн бататын ымырт шақта бірнәрсе істеу сәтсіздік әкеледі деп ойлады. Ал, Испания чемпионатындағы ойындардың басым бөлігі осындай кешкі мезгілге жоспарланған. Әлем чемпионатындағы ойынынан кейін қақпашыны «Челси», «МЮ» секілді клубтар қатарына алғысы келді. Бірақ, Роа «ақырзаман жақындап қалды, соған дайындаламын» деп футболдағы мансабын ерте аяқтады.
18 қараша күні франциялық «Тьонвилля» клубы футбол тарихындағы ең алыс сапарға шықпақ. Олар Франция кубогінің 6-кезеңі аясында Жаңа Каледониядағы «Инген Спорт» клубымен күш сынасады. Айта кетейік, Жаңа Каледония Тынық мұхитындағы Францияның иелігі саналады. Тиісінше бұл елдің командалары Франция кубогіне қатыса алады. «Тьонвилля» бұл матчты өткізу үшін 32 630 шақырымды артқа тастауы керек екен. Сонау жерден келген соң жеңілуге де қақылары жоқ шығар?!
Пікір қалдырыңыз