Бұл науқанға отаншылдықпен қарау керек
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азаматтың қасиетті де қастерлі борышы. Сондықтан әрбір ер азамат әскерге баруды өзінің абыройлы міндеті сезініп, антқа адал болуды естен шығармауы тиіс.
Жыл сайын Қазақстан Президенті азаматтарды әскер қатарына шақыру туралы Жарлыққа қол қояды. Сөйтіп еліміздегі 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды азаматтар міндетті түрде әскер қатарына шақыртылады. Тиісінше сарбаздар сапына қосылған әрбір азамат Ата Заң талаптарына сәйкес, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, елдің тыныштығын күзетуге, борышын адал атқаруға ант береді.
Әлбетте, сөзбен патриот болу әркімнің де қолынан келеді. Ал сөз бен істі ұштастыру екінің бірінің қолынан келмейді. Мәселен, соңғы жылдары азаматтарды әскери қызметке шақыру үлкен проблемаға айналды. Өйткені қазір «армия» дегенді естігенде ат-тонын ала қашатындар аз емес. Мұның қазақ елі үшін қауіпті болатынын жүрегі елім, жерім деп соққан әрбір азаматтың түсінері анық.
Осы орайда әскери қызметке шақырылатындар санатына жататын ер азаматтар жергілікті әскери басқару органынан шақыру құжатын алған соң, міндетті түрде комиссиядан өтуі қажет. Сонымен қатар әскери міндетті орындаудан жалтарған тұлғаларды ішкі істер органдары іздестіретіні де қаперлеріңізде болғаны абзал. Себебі әскери қызметтен жалтарудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан еліміздегі барша әскерге шақырылатын азаматтарды саналы түрде әрекет етуге және жұртшылықты жүргізіліп жатқан әскерге шақыру науқанына отаншылдықпен қарауға шақырамыз.
Ділмұрат НҰРЖАНОВ,
полковник, Түркістан қалалық және
Сауран аудандық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген
басқарма бастығы.