Ордабасыдағы оңды істер
Баспасөз туры
Өңірлік коммуникациялар қызметі Ордабасы
ауданында баспасөз турын ұйымдастырып, оған республикалық, облыстық, аудандық
бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. БАҚ өкілдері аймақта қаңтар-қыркүйек
аралығында атқарылған ауқымды жобалармен танысты.
Өнімдері брендке айналған «Бөрте Милка» ЖШС автоматтандырылған жаңа технологиялық сүт-тауарлы зауытының өндіріс базасы 3 гектар аумақта орналасқан. Өндіріс кешені тәулігіне 50 тонна сүт өңдейді. Зауытқа Италияның «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған.
Зауыт басшысы Бөкейхан Әбішовтің
айтуынша, өндірістің қуаттылығын тәулігіне 9 тоннаға ұлғайту үшін қосымша қаржы
қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Ауыл аманаты»
бағдарламасы аясында жеңілдетілген 2,5 пайызбен 10 жылға 2,7 млрд теңге «Түркістан»
әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыру көзделген.
– Қазіргі таңда зауыт аумағында 4 қора бар. Алғашқы жылдары Венгриядан 400 сиыр әкелінген болса, бүгінде олардың саны 1200-ден асты. Зауыт аумағынан тағы 5-ші қора салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде несие комитетінің оң қорытындысын алдық. Тиісті қаржы бөлінсе, ең соңғы технологиямен шыққан 6 робот сатып алсақ дейміз. Камерамен жабдықталған 1 робот күніне 70 сиырдан сауады және тағы бір ерекшелігі малдың жай-күйін, ауырып тұрғанын, қанша жем-шөп жейтінін, тағы басқа да сипаттарын компьютердегі операторға жеткізіп тұрады. Соңғы кезде жиі айтылып жүрген жасанды интеллектінің өңірімізде қолданылуы біздің зауыттың жетістігі деп білемін, – деді Бөкейхан Нұралыұлы.
Сонымен қатар, «Бөрте Милка» ЖШС мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа да қатыспақ ниетте. Жуырда Малайзия мемлекетінде тәжірибе алмасып қайтқан зауыт басшысы келесі жылы экспортқа жаңа ірімшік шығару ісін жетілдірмек.
Сондай-ақ, сапар аясында журналистер Бадам
ауылы, «BOKEI» ЖШС-нің толық автоматтандырылған қыш зауытының жұмысымен
танысты. Өндіріс орны бүгінде тәулігіне 100 мың дана қыш өндіреді. Италия,
Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен
жабдықталған зауыт Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын
сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Өндіріс орнында бүгінде 70 адам жұмыспен
қамтылған.
– Мемлекеттің қолдауымен ашылған зауыт Украина технологиялық үлгісімен салынған. Бүгінде өндірісте М-150 маркалы қыш шығарылады. Үш аусыммен жұмыс жасайтын қызметкерлердің дені жергілікті ауыл жастары. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалған жобаға тұрғындар да дән риза, – дейді «BOKEI» ЖШС қыш зауытының директоры Жеңіс Садықов.
Аудандағы индустриалды аймақта
орналасқан «KazKioti» ЖШС-ның құрастырған тракторларға сұраныс жоғары. 2021
жылдан бастап іске қосылған зауыт тракторларын қазіргі таңда Түркістан облысына
ғана емес, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда, Орал мен Ақтөбе қалаларына жөнелтуде.
Зауытта 60 адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік жылына 300 дана трактор
құрастырады. Сонымен қатар, тракторды сатып алған азаматтарға 30%-дық субсидия
беріледі.
Бұл туралы трактор зауытының менеджері Жансая Мырзабекованың айтуынша, кәсіпорын бүгінде Қытай елінің «DongFeng» компаниясымен келісім-шартқа тұрып жұмыс жүргізуде. «Зауыт ашылған жылы 50 трактор жиналып, сатылған. Бүгінде трактордың 5 түрін (40 ат күшімен – 6 500 000 тг., 90 ат күшімен – 13 500 000 тг., 120 ат күшімен – 15 000 000 тг., 140 ат күшімен – 19 000 000 тг., 210 ат күшімен 48 500 000 тг.) жинап шығаруда. Трактор шаруаларға «Оңтүстік» РИЦ» қаржы ұйымы және «КазАгроФинанс» АҚ-мен 5 жыл мерзімге лизинг арқылы 6 пайызбен берілуде» деді ол.
Сондай-ақ, баспасөз туры аудан аумағында орналасқан «Сұлтанберді» жылыжай кешенінде жалғасын тапты. Екі гектар аумақты алып жатқан жылыжай 2020 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тонна өнім өндіреді.
Айта кетерлігі, ауданда жалпы 105,9
гектар алқапқа жылыжай кешені орналасқан. Оның ішінде 21 гектарға өндірістік
жылыжайлар, 84,9 гектар аумаққа фермерлік жылыжайлар орналасқан.
Сонымен бірге, көшпелі баспасөз турында біз «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, жұмыс бастаған ауыл тұрғындарымен сұхбаттастық. Жобасына 4 ауылдық округ (Бадам, Шұбар, Бөржар, Қараспан) енген. Биыл сәуірден бастап 1 753 млн. теңгені құрайтын 337 жобаға өтініш түскен. Оның ішінде уәкілетті органмен 1 511 млн. теңгенің 232 жобасы мақұлданып, жалпы соммасы 1 043. млн теңгені құрайтын 165 жоба қаржыландырылды. Кооперативтердің жұмысын жандандыру мақсатында «Шұбар-1» өндірістік кооперативі 27,6 млн. теңгеге қаржыландырылып, оған ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Бұдан бөлек, іс сапар барысында БАҚ өкілдері «Темірлан ауылындағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталық бүгінде үш бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, «Ардагерлер орталығы» – егде жастағы зейнеткерлер мен аға буын азаматтарына, «Тең қоғам» – мүгедектігі бар адамдарға көмек береді. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан дағдарысқа ұшыраған жәбірленушілерге де арнаулы әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі. Мекемедегі балаларға арналған бөлімде 28 бала тіркелген. Олардың дені ерекше балалар. Оларға мұнда түрлі қызмет көрсетіледі.
Баспасөз турының соңында аудан әкімі Азат
Оралбаев 9 айдың қорытындысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Аудан – аграрлы
аймақ. Егін және мал шаруашылығы, өнеркәсіп
салалары жақсы дамыған. Келесі 2024 жылы 14 жоба қолға алынбақ. Оның бесеуі ірі жоба.
Инвестициялық жобалардың арқасында 608 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Мәселен, «De Support» ЖШС-нің көгалдандыру және ПЭТ қалдықтарын өңдеу жобасы жүзеге
асса, 300 тұрғын жұмыспен қамтылмақ. «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің цитрус
өнімдерін өсіру жобасын жүзеге асыру арқылы қуаттылығы жылына 10 000 тонна
банан, авокадо өнімдерін алу жоспарда бар. Бұл жоба жүзеге асса 150 адамды жұмыспен
қамтымақ. Сонымен қатар, жылына 100 мың
куб ағаш өңдейтін «BalKausar» ЖШС-нің павлония жеңіл ағаштарын өсіру жобасы
аясында 20 азаматты жұмыспен қамту көзделуде.
Жүзден астам адамды жұмыспен қамтамасыз ететін «АДС-Агро» ЖШС 30 уақ, 10 мың ірі қара мал бордақылауды қолға алмақ.
Сондай-ақ, брифингте аудан әкімі Шұбарсу
ауыл округінде жылыжай өнімдерінің көлемін арттырып, ауыл тұрғындары арасында
жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жұмыстар істеліп жатқандығын жеткізді.
Аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың санын 2 есе қысқарту
мақсатында жылыжай кешенін салу үшін 15 гектар жер телімі бөлініп отыр. Жер
телімін алып, кәсіп бастауға бүгінгі күнге дейін 100 өтініш келіп түскен. Бұдан
өзге, аймақтағы тұрғындардың тұрмыстық деңгейін арттыру үшін өңдеу өнеркәсібі
саласындағы әр түрлі кіші қуатты цехтарды бір жерге шоғырландыру көзделіп отыр.
Бұл үшін арнайы шағын өндірістік аймақ құру бағытында Шұбар аумағынан 10 гектар
жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылым желілерін жүргізіп беру бойынша жұмыстар
ұйымдастырылуда.
– «Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық
құны 21 млрд. 234 млн. теңге құрайтын 6 кәсіпорын 439 жұмыс орны орналасқан.
Жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі «Gold
Aluminum» ЖШС – алюминий профильдерін өндіру жобасы. Инвестициялық құны 3 млрд.
теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу үстінде.
Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен ашылады. «RZN» ЖШС-нің автоклавталған
газоблок бұйымдарын өндіру жобасы. 25 жұмыс орны биыл желтоқсан айында іске
қосылады. Бұл жобаның инвестициялық құны - 1,5 млрд. теңге. Сондай-ақ,
инвестициялық құны 400 млн. теңгені құрайтын тағы 2 жобаның құжаттары рәсімделуде.
Ауданда бизнес-климатты жақсарту бойынша атқарылған жұмыстарды және ірі
жобаларды іске асыру нәтижесінде биыл 9 айда 28 млрд. теңге инвестиция
тартылған. Бүгінгі таңда, инвестициялық құны 10 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба
іске асырылуда. Жалпы, бюджеттік инвестициялардың үлесі - 21,4%, жеке
инвестициялардың үлесі - 78,6% құрап отыр, – деді Азат Әбдіғалиұлы (суретте).
Айта кетейік, ауданда 57 елді мекеннің 51-і сапалы ауыз сумен, 9-ы табиғи газбен және толықтай орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген.
Альвира ПАЙЫСХАН.