Жол ережесін ойлап тапқан адам мүлде көлік жүргізбеген
Бүгін оқырманға автокөлік әлеміндегі қызықты деректерді ұсынып отырмыз.
● 1865 жылы Англияда өздігінен қозғалатын барлық көлік құралдарының жылдамдығын шектеу туралы заң қабылданған. Заңға сәйкес, көліктер қала ішінде сағатына 3, ал сыртында сағатына 6 шақырымнан артық жылдам жүре алмаған.
● Mitsubishi Pajero көлігі Испания нарығында Mitsubishi Montero деп аталады. Өйткені жергілікті жаргон бойынша «pajerо» сөзі өте жағымсыз іспен айналысатын адам деген мағынаны білдіреді екен.
● Әлемге әйгілі «Формула-1» автожарысына әйелдер де қатыса алады. Бірақ жарыс тарихында бұл сайысқа 5 қана нәзікжанды қатысқан. Олардың екеуі ғана жарыс соңына дейін жете алса, біреуі ғана гран-приде ұпай жинай алған.
● Швецияның SAAB компаниясы 1937 жылы құрылған. Бірақ олар алдымен тек әскери ұшақтар шығарған. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін компания жаңа нарыққа шығып, автомобиль өндірісіне ден қойған.
● Жол қозғалысының алғашқы ережелерін жасаған американдық Уильям Фелпс Эноның өзі ешқашан көлік жүргізбеген.
● 1909 жылы жасалған «Мерседес-Бенц» логотипіндегі үш сәулелі жұлдыз брендтің құрлықтағы, судағы және ауадағы жетістігін білдіреді. Яғни бұл брендті шығарған компания кеме және авиациялық қозғалтқыштар да өндірген.
● Мас халде көлік жүргізгендер әлемнің көптеген елінде қатаң жазаланады. Бірақ, Уругвайда, керісінше жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізуші мас болса, жазасы жеңілдеуі мүмкін.
● Ресейде автомобиль нөмірлеріне тек кириллицада да, латын тілінде де бар әріптер қолданылады екен. Мұндай әріптер саны – 12. Олар: А, В, Е, К, М, Н, О, Р, С, Т, У, Х әріптері.
● Германиядағы Фрайбург аумағында Фаубан деп аталатын тұрғын ауданы бар. Ол жерде автомобильдерге мүлдем тыйым салынған. Көліктерді аудан шекарасында орналасқан арнайы гараждарға қалдырып кету керек. Тұрғындар жаяу немесе велосипедпен жүреді.
● Land Cruiser Toyota көлігінің атауындағы Land сөзі басқа компанияның атауынан – Land Rover сөзінен алынған. Оған дейін қазіргі Land Cruiser «Toyota Jeep» деп аталған. Өйткені жапондықтар джипті көліктің бір түрі деп ойлаған. Ал шын мәнінде Jeep бренді де Chrysler компаниясына тиесілі болыпты.
● Ленин қыс мезгілінде аң аулау үшін арнайы жасалған шынжыртабанды Роллс-Ройспен шығатын болған. Мұндай автомобиль қолдану революцияға дейін патша флотында қызмет еткен Адольф Кегресстен басталған екен. Ол Мерседес, Паккард және Руссо-Балта көліктерін осылай дайындатқан көрінеді.