Қытай көліктерінің 8 кемшілігі
Бірнеше жыл бұрын қытайлық көліктер қазақстандық сатып алушылар арасында айтарлықтай қызығушылық тудырмайтын. Дегенмен қазір елімізде қытайлық көліктерге деген сұраныс артып жатыр. Себебі ол көліктер стильді, электроникасы дамыған түрде өндіріліп жатыр. Алайда кемшіліктері де көп-ақ. Бүгін сол кемшіліктер жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.
Металл сапасы
Қытайлық автоөнеркәсіп едәуір қарқын алғанымен, өндірушілер сапасы төмен материалдарды пайдалану арқылы өндіріс құнын төмендетуді жалғастырып жатыр. Бұл тұрғыда корпустың коррозиясына қатысты мәселелер әлі күнге дейін өзекті екенін атап өту керек. Яғни көптеген сарапшылар экспортқа шығатын орта сегментті машиналарды жасайтын қытайлықтар сапасыз металдарды пайдалану арқылы саналы түрде үнем жасап жатыр деп ойлайды. Ал бұл көліктерге де тұрақты қызмет пен қосалқы бөлшектер керек болатынын ескерсек, бұл мәселе өте маңызды болып шыға келеді.
Бір күндік брендтер
Бренд атауы – көлік құралын таңдаудағы шешуші факторлардың бірі. Яғни әлемге әйгілі автомобильдердің сатып алушыларға ұнауының себебі – олар көлік маркасы арқылы компанияның жұмыс механизмін бағамдай алады. Ал Қытайда бәрі басқаша – компаниялар құрылған сәттен бастап автомобиль шығарылғанға дейін бір жыл өтеді, ал 4-5 жылдан кейін өндіруші алғашқы сатылымнан пайда табады да, нарықтан кете салады. Мәселен, соңғы жылдарда осындай қадамға барған қытайлық брендтер ретінде Lifan, Brilliance, Borgward пен Zotye-ні атап өтуге болады. Сонда бұл бренд жоғалып кеткесін, көлікке қажетті бөлшектердің жайы не болады? Бұл сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр.
Эргономика
Электроникамен жабдықтау тұрғысынан Қытай көліктері жапондық және еуропалық модельдерден бір саты жоғары болып тұр. Бірақ жабдықтарды дұрыс орналастыру жағынан әлі де дамымаған. Яғни салон ішіндегі элементтердің орналасуынан пайда болатын қолайсыздықтар көбіне жүргізушінің де, жолаушылардың да жайлылығына кері әсер етеді. Тіпті кейбір функцияларды пайдаланатын болсаңыз, тұтқа немесе түймені табу үшін еңкеюге тура келеді.
Дизайн
Қытайлық автоөндірушілер ұлттық сипаттағы ерекшеліктерге сүйене отырып, Батыс машиналарының ең тартымды тұстарын қолданудан іргесін аулақ ұстай алмады. Себебі мұндағы көптеген зауыттар еуропалық дизайнерлерді жалдайды. Соған қарамастан, олар әйгілі брендтердің көшірмелерін өндіруін тоқтатар емес. Мысалы, Hongqi – Rolls Royce, BAIC – Mercedes, BYD - Lexus, Geely – BMW, Great Wall – Fiat, li One – Cadillac көліктерінің көшірмесі сияқты. Демек, қытайлықтар өздеріне ұнаған кез келген модельдің аналогын қайталап жасай алады.
Баға
Бұрын қытайлық автомобильдер қолжетімді бағамен сатылатын. Бірақ қазіргілері еуропалық және американдық көліктермен шамалас. Сатушылар арасында жетекші орынға ие болған қытайлық дилерлер жыл соңына қарай машиналардың құнын тағы 15-20 пайызға көтереді деп болжанып отыр. Қытайлық автоөндірушілер ішкі нарықта автокөлікке деген сұраныстың артуына байланысты жергілікті автоөнеркәсіптің бағасын жапондық және корейлік көліктерді айтпағанда, неміс үштігінің деңгейіне дейін көтерді. Мысалы, қазір қытайлық ZEEKR брендінің құны Cadillac және Lincoln сияқты көліктермен бірдей болып тұр. Ал Tesla электромобильдері қытайлық электромобильдердің көпшілігіне қарағанда арзанырақ.
Болашақта пайдалану мәселелері Отандық нарыққа кірген көптеген қытайлық көліктерді 3-5 жылдан кейін пайдалану жағы қалай болатынын болжау өте қиын.
Қайта сату
Елдің бәрі жаңа көлік ала бермей, біраз қолданылғандарын да сатып алатыны белгілі. Осы тұрғыдан қарағанда, қытайлық көліктерді біреудің қолынан алу тығырыққа тірелгенмен бірдей болып отыр. Мұның себебі – сапаға деген күмән, брендтердің тұрақсыздығы және пайдаланылған көліктің техникалық жағдайынан қорқу. Әлбетте арамызда қытай автоөнеркәсібінің сарапшылары мен жанкүйерлері болуы мүмкін. Бірақ олардың өзі бұл жағдайға қатысты мардымды сөз айта алмаса керек. Себебі әзірге қолданылған қытайлық көліктерді сату үрдісі бастала қойған жоқ. Тиісінше қайталама нарық сатылымы бойынша корейлер мен жапондықтар көш бастап тұр. Жалпы, көптеген адам қытайлық брендтердің банкроттығы, яғни тұрақсыздығынан аяқ тартады. Өйткені компания жабылып қалса, мұндай көлікті, тіпті арзан бағамен сатудың өзі өте қиын болады.
Қытай көліктері
Қытайда автокөліктердің көптігі соншалық, жергілікті тұрғындардың барлығы отандық көліктерді мініп жүрген сияқты көрінеді екен. Ал шын мәнінде, қытайлықтардың көпшілігі импорттық көліктерді таңдайды екен. Демек Қытай тұрғындары арасында да отандық көліктерге сенімсіздік бар деген сөз. Қытайда жергілікті көліктерді көбіне такси, жүк тасымалдау, әлеуметтік қызметтер және импорттық автомобильдерді сатып алуға тыйым салынған мемлекеттік қызметкерлер алатын көрінеді.