Мәртебелі мамандық

Халқымыздың біртуар перзенті, Алаш арыстарының бірі Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген екен. Мамандықты дұрыс таңдай білген адам: «Мамандығым – мақтанышым» дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына талпынатын болады. Әр адам өз мамандығынан рухани күш алып, еңбектің рахатын көріп, атақ-абыройға кенеледі. Сан түрлі мамандық бар, бірақ кітапханшы мамандығы өзінің қызықты да тартымдылығымен ерекшеленеді. Себебі күн сайын жаңалыққа толы сәттер, кездесулер, басқосулар, жаңа келген газет-журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар толастамайды. Кітапханашылар қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашыны кітап оқитындар болмаса былайғы жұрт көп біле бермейді. Өздері де, еңбектері де қоғам тарапынан көп елене бермейді. Алайда олардың оқырман тарту, кітап оқыту жолында еңбектері ұшан-теңіз. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Қазіргі таңда кітапханалар тек кітап беру, алумен ғана емес, адам білімін жетілдіретін, әлеуетін арттыратын, қоғамдық қарым-қатынас жасайтын рухани орталыққа айналып отыр.
1871 жылы 24 қазанда Оралда алғашқы көпшілік кітапханасы ашылғаны белгілі. ҚР Кітапханашылар қауымдастығы осы даталы күнді назарға алып, бастама көтеріп, Үкіметке ұсынған болатын.
Солай бұл күн – Кітапханашылар күні мерекесі болып бекітілді. Бұл күннің басты мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру болып табылады. Бұл тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітапты жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі.
Кітапхана оқырман үшін рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда болып қала береді. Сондықтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітапсыз, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес» деп атап өтті. Өз мамандығына адал, инабатты да еңбекқор, табиғатынан зиялы, кез келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашылардың игілікті істері қоғамға әрдайым қажет.
А.МҰРТАЗАЕВА,
А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап
кітапханасы, ақпараттық-библиография
бөлімінің меңгерушісі.