«Қымбат оталар қолжетімді болуы тиіс»
Бұрын облыстық клиникалық аурухананы басқарған Елдос Едігеұлының Төлеби ауданына қызмет ауыстырғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен аудан орталығындағы медициналық мекеме туралы жергілікті тұрғындардың пікірі жақсы. Газет оқырмандарының назарына бас дәрігермен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Әңгімемізді өзіңіз басқаратын аурухананың тыныс-тіршілігінен бастасақ...
– Емдеу орны 228 төсек орынды. Мұнда 7 бөлімше бар. Аурухана негізінен қаладағы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Төлеби ауданында 120 мыңнан астам халық тұрса, орталықта 40 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Осылайша біз Леңгір қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендерге медициналық қызмет көрсетеміз. Шұғыл ауырған жағдайда қала мен дала деп бөлінбей, науқастарды қабылдай береміз. Ауруханада хирургия, терапия бөлімшелері бар. Мәселен, аурухана шағын болғандықтан көпбейінді емес. Хирургияның ішіне урология, травматология саласы кіреді. Терапия бөлімшесі де сондай. Жеке-жеке бөлінбейді. Соның ішінде пульмонология, кардиология, нефрология мен неврология бар. Одан бөлек, 54 төсектік балалар мен босану бөлімшелері жұмыс істейді. Оның ішіне патология мен гинекология енеді. Сонымен қатар, жұқпалы аурулар мен жансақтау бөлімшелері қызмет көрсетеді. Бұған қосымша физикалық емдеу мен клиникалық зертхана, мәйітхана жұмыс істейді. Жұқпалы аурулар бөлімі бұрынғы аурухана ауласында орналасқан. Бұл нормативтік талапқа сай. Оның су және кәріз жүйелері де бөлек болуы тиіс.
Біздің аурухана 2015 жылы ел игілігіне берілген. Пайдалану мерзімі де 10 жылға жуықтады. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді. Ғимараттың кейбір бөліктері, әсіресе, жылу және су жүйелері, терезе әйнектері тозған. Келесі жылы ғимаратты толық күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жаздық. Жылу қазандықтары да жөндеуді қажет етеді.
– Емдеу ісінде жаңалықтар бар ма?
– Иә, науқастарды емдеу ісінде оңды өзгерістер байқалады. Хирургия саласы бойынша алға басушылық бар. Өйткені ота жасату үшін Шымкент қаласына баратын науқастар саябырсыды. Мұндай кез келген күрделі операцияларды өзіміз жасай береміз. Атап айтқанда, біздің хирургтер үшін асқазанға ота жасап, бауыр құртын, оның бір бөлігін, өтті алып тастау қиын емес. Жарықтың (грыжа) барлық түрлеріне операция жасаймыз. Ішектің жараларын кесіп тастап, қайта қалпына келтіру оталары да жасалады. Жаз айларында демалыс аймақтарына саяхаттаушылар арасында жарақат алғандары болды. Шетелдік қонақтар да кездесті. Солардың барлығына толыққанды медициналық көмек көрсетілді. Бірақ күрделі оталарды жасауға қауқарлы хирургиялық құрылғы (стойка) жоқ. Осы құрылғымен қамтамасыз етілсе, хирургия мен гинекология саласындағы барлық инвазивті операцияларды лапароскопиялық әдіспен жасауға мүмкіндік туар еді. Бұл дәрігер мен науқасқа өте тиімді. Науқас емдеу мекемесінде көп жатпайды, 2-3 күнде үйіне қайтады. Бұл құрылғыны келесі жылғы жоспарға енгізіп отырмыз. Бұдан бөлек, «С 2 Дуба» рентген құрылғысы бар. Бұл жалпы хирургия мен хромотологияға керек. Оған да тапсырыс берілді. Егер бұл құрылғылар сатып алынса, хирургия, гинекология және стоматология саласында жақсы нәтижеге қол жеткізген болар едік. Яғни облыс деңгейіндегі оталар бізде де жасалады. Біз ИЧ/55 мекемесіне де медициналық қызмет көрсетеміз.
– Қызмет ауыстырғанда командаңызды ерте келдіңіз. Бұл ауруханада маман тапшылығы бар деген сөз бе?
– Хирургия саласындағы мамандар туралы айтасыз ба? Рас, менімен бірге өзімнің орынбасарым да келді. Ол менің шәкіртім – Ержан Түзелбаев. Сонымен бірге түнгі кезекшілікті атқаратын 3-4 білікті хирург кестеге сай жұмыс істеуде. Ана мен бала жөніндегі орынбасарымның жұмысына көңілім толады. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс сапасы жолға қойылды деп айтуға негіз бар.
– Жергілікті мамандарға көңіліңіз толмады ма?
– Әсте олай емес. Бұл жұмыс сапасын жақсарту үшін қолға алынған қадам. Мұнда да білікті, тәжірибелі мамандар жеткілікті. Терапия бөлімінің меңгерушісі Айгүл Оханова – өте білімді маман. Неврология бойынша Әлия Беріковадан асқан білікті дәрігер жоқ. Инфекция бөлімшесіне жетекшілік ететін Эльмира Нышанова келешегінен зор үміт күттіреді. Сол сияқты жан сақтау, хирургия, балалар бөлімшелеріндегі дәрігерлердің жұмысы да қанағаттанарлық. Бірақ олар болашақ ізбасарларын тәрбиелеуі тиіс. Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың ауылға келгісі келмейді. Сондықтан Шымкент қаласындағы ОҚММА мен Леңгір қаласындағы медициналық колледж түлектерін қызметке алып, оларды одан әрі оқытып, маман даярлауға ден қоймасақ болмайды.
– Оқыту демекші, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қай дәрежеде?
– Жыл басында аурухана бойынша қанша дәрігерді оқыту мәселесі қаралып, оның қаражаты облыстық денсаулық сақтау басқармасында бекітіледі. Бұл іс жақсы ұйымдастырылса, жас мамандарды шетелге, ТМД елдеріне немесе өз республикамызға қайта біліктілігін жетілдіру үшін жіберуге мүмкіндік мол.
– Қандай мамандарға сұраныс жоғары?
– Бізде маман тапшылығы жоқ. Өйткені емхана мен аурухана ғимараттың ішінде орналасқандықтан, маманға сұраныс анау айтқандай байқалмайды. Бір-бірімізді көмекке шақырамыз. Егер қиындық туындаса, санавиация арқылы білікті мамандардың жәрдеміне жүгінеміз.
– Науқастар арасында қандай ауру белең алып тұр?
– Былтырғымен салыстырғанда көрсеткіштер тәуір. Ана өлімі мүлде тіркелмеді. Сәбидің шетінеуі өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым азайған. Айта кететін бір жәйт, туа біткен ақаулары бар балалардың көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Мұндай кемістіктерді жекеменшік емханалар мен емдеу мекемелері байқай бермейді. Бұл қателіктің зардабы зор. Қазіргі таңда медицина өте дамыған. Құрсақта жатқан шарананың ақауын алдын-ала табуға болады. Жүкті аналардан түрлі талдаулар алынады, арнайы тексерулерден өтеді. Басқа да созылмалы аурулар, жарақат алу болсын көрсеткішіміз облыс деңгейінен төмен. Операция жасау бұрынғыға қарағанда 70 пайызға өсті. Қиын оталардың түрі көбейді.
Бұл жерде бір проблеманы айта кету керек. Бізде сақтандыру жүйесі бойынша шкала деген нәрсе бар. Қазір дәрігерлер тарапынан да бұл жүйені жою туралы ұсыныс түсіп жатыр. Жоспардан асып кеткен операцияларға төленетін бір айдағы қаражатты сақтандыру жүйесі «кесіп» тастайды. Ал бұл бізді, сөз жоқ, шығынға батырады. Тұрғындар үшін құны қымбат тұратын мұндай оталар қолжетімді болуы тиіс.
– Қазіргі аурушаңдық деңгейі қандай?
– 2020–2021 жылдары дүние жүзіне тараған коронавирус дерті орасан зор шығын әкелді. Біз әлі соның зардабымен күресіп келеміз. Түрлі асқынулардың зияны енді шығып жатыр. Сол кезде науқастар көптеген дәрі-дәрмектер қабылдады. Инсульт пен инфаркттың көбеюі сол ковид синдромының салдарынан орын алуда. Қан тамырларында ерімей қалған дақтар жүректе және ми тамырларына кептеліп, жарылып кетуде. Онкологиялық аурулар жасарып жатыр деген пікіріңізбен де келісемін. Екіншіден, қатерлі обыр ауруын ерте анықтау үдерісі байқалады. Бұл – түрлі скринигтік тексерулердің жемісі. Ал енді науқастарды уақтылы емдеу, сапалы медициналық көмек көрсету – бұл басқа мәселе.
Тағы бір айта кететін жәйт, кейбір жастардың өзіне қол салуы етек ала бастады. Қоғам арасындағы мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға тиіспіз. Бұл тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, құқық қорғау орындарының, педагогтердің, психологтардың, ата-аналардың, жалпы жұртшылықтың жұмылып әрекет ететін міндеті деп бағалауға болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің талабымен жастарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу әрекетін де жақсылыққа бағалап отырмын.
– Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда жеңіл ғой...
– Әрине. Біздің бір жаман қасиетіміз бар. «Бала сабақты оқи алмаса, мұғалім нашар. Ал адам ауырып қалса, дәрігер кінәлі» деген қасаң ұғым санамызға әбден сіңіп қалған. Сол ойдан әлі арыла алмаудамыз. Ауру қайдан келеді? Ересектердің кеселі артық салмақтан. Өйткені дене қимылы өте аз. Дұрыс тамақтанбау да осыған әкеледі. Салауатты өмір салтын ұстанбаймыз. Оның аясына жоғарыда айтылғандардың бәрі кіреді. Сонымен қатар, спортпен шұғылдану, көп қимылдау ауруды алыстата түседі. Уақтылы медициналық байқаудан өтудің, жиі тексеріліп тұрудың тиімді тұстары өте көп.
Түрлі діни ағымға байланысты кейінгі кезде жаңа туған сәбилерге вакцина салдырмайтындардың шығуы алаңдатпай қоймайды. Қажет жағдайда науқасқа қан құю керек болса, оған рұқсат бермейтін ата-аналар да кездеседі... Осындай кедергілер бар. Біз мұны мойындауымыз керек.
– Қызметіңізге табыс тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».