Жылыжайдағы қызанақтар жинала бастады

Сансыз баптар мекені атанған Сайрам ауданының халқы еңбекқорлығымен, жаңалықты жатырқамай қабылдайтын жаңашылдығымен, қай іске болса да бейімділігімен көпке үлгі. 

Елімізде жылыжай өнімдерін өсіру мен тамшылатып суғару әдісін алғашқылардың бірі болып тәжірибеге енгізген де солар десек қателеспейміз. Өз жұмысын 2020 жылы бастаған «Малике» шаруа қожалығы бүгінде өңірімізбен қатар еліміздің бірқатар облыстары мен қалаларын көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Жылыжай агрономы Рүстем Садықов мұнда қазір 3 гектар жерге егілген голландиялық қызанақ тұқымының жиналып жатқанын айтады. Бұл өнім ағымдағы жылдың маусым айында егіліпті. 
– Біздің жылыжай жыл бойы өнім алуға бағытталған. Алғашқыда қызанақ пен қиярды қатар еккен болатынбыз. Қазір бар назарымызды голландиялық қызанаққа аударудамыз. Оңтүстік аймақтың ауа-райына осы тұқым қолайлы. Бүгінде жиналып жатқан қызанақтың тұқымын маусым айында еккен болатынбыз. Бұйыртса, алдағы үш айда мұны толық игеріп, келер көктемге дайындық жұмыстарын жүргіземіз, – дейді жылыжай агрономы Рүстем Садықов. 
Жылыжайда 25 жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылған. Маусымдық жұмыстар кезінде олардың қатары екі есеге көбейеді екен. Рүстем Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде агроном мамандығы бойынша білім алған. Кейіпкеріміз алғашқыда бұл кәсіпті іс жүзінде игеріп алып кету оңайға соқпағанын айтады. «Жетістіктің барлығы тынымсыз ізденіспен келеді. Өз кәсібіне сүйіспеншілікпен қараған, кездескен қиындықтардан қашпасаң адам ғана мақсатына жетеді» дейді.
Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында халық саны 234,9 мың адамды жетті. Статистикалық деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіш былтырғы жылдың 8 айымен салыстырғанда 3,9 пайызға өскен. Яғни, аудан халқы облыс тұрғындарының 11 пайызын құрап отыр. Ауданда 11 ауыл округі мен 42 елді мекен бар. Мұнда бүгінге дейін жиналған өнім көлемі 72,3 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 5,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, жыл басындағы жоспар 45,8 пайызға орындалды. 
Жалпы биыл Сайрам ауданында құны 5,1 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың арасында 5 гектар жерге фермерлік жылыжай салу көзделген. «Gen Group Kazakhstan» ЖШС алдағы уақытта осы жоба арқылы 20 адамды жұмыспен қамтымақ. Ал, облыста 2027 жылға дейін 500 гектар алқапқа жаңа жылыжайлар салынбақ. Қазіргі таңда еліміздегі жылыжай шаруашылығының 80 пайызы Түркістан облысына  тиесілі болып отыр. Өңіріміздегі жылыжайлардың көлемі биыл 1 577 гектарға жетіп, 117 мың тонна өнім өндірілді. 

Дилара БИМЕНОВА.

Пікір қалдырыңыз