Қойдың жүні көзін тапқанға көл-көсір пайда

Пернебай Сапар,
«Оңтүстік Қазақстан».

Сәлем берген адамынан «Мал-жан аман ба?» деп алдымен малын сұрайтын қазақ үшін төрт түлік жесе тамақ, ішсе сусын, кисе киім, мінсе көлік еді. Қазақ тұрмысын бүгін де малсыз көз алдыңа елестету қиын. Әсіресе, қой өсірудің пайдасы зор. «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық» дейтін халқымыз қойдың еті мен сүтінен бөлек терісі мен жүніне дейін кәдеге жаратып отырған. Бірақ, соңғы жылдары қойдың жүні кәдеге аспай, өртеп жіберетін болдық. Дамыған елдерде, мәселен, Австралия мен Англияда қойдың етінен ғана емес, жүнінен  де мол табыс тауып отыр. «Иен даланы иеленіп отырған елімізде мал басы жыл сайын көбейіп келе жатыр. Енді оның тек етін ғана емес, терісі мен жүнін де кәдеге асырсақ» деп ойлайтындар, ойлап қана қоймай, сол ойын жүзегет асыруға талпынып жүргендер де аз емес екен.


Арыс қаласының тұрғыны Мейрамбек Дүйсен қой жүнінен егіске қолданатын тыңайтқыш өндіруді қолға алыпты.
– Мен 2017 жылы Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ (қазіргі Satbayev University) университетін бітіріп, еңбек жолымды Шымкент қаласындағы «Түркістан жол сервис» компаниясында слесарь және механик қызметінен бастадым. Бүгінде  «KAZ Minerals Aktogay» (КАЗ Минералз Актогай) ЖШС компаниясында слесарь-жөндеуші болып жұмыс істеймін, – дейді Мейрамбек.
Ауыл баласы қашанда дала жұмысына пысық келеді емес пе?! Мейрамбек те атасының тәрбиесін көріп өскен жігіт.
– Бала кезде атам Дүйсеннен көргенім бар еді. Ол кісі қой бағумен қатар аздап егін егумен де айналысатын. Сол кездері жеміс ағашын немесе қандай да бір бақша дақылын егетін кезде түбіне бір уыс қой жүнін салып жіберетін. Ол кезде ойын баласы болғандықтан атамның бұл тірлігіне оншалықты мән бермеген едім. Кейін қой жүнінің босқа ысырап болып, қоқысқа айналып, шашылып-төгіліп жатқанын көргенде атамның әрекеті есіме жиі түсетін болды.  Көненің көзін көрген кісінің әр ісін ойланып барып істейтіні белгілі. Демек, атамның әрекетінде де бір мән бар ғой деп ойландым. Сонымен, қой жүнінің егіске қандай пайдасы бар екенін зерттей бастадым. Ғаламтор арқылы ізденіп, алыс-жақын  шетелдерде жүрген достарыммен хабарласып жүріп, дамыған елдерде жүнді өңдеп, аграрлық мақсатқа қолданып жатқанын естідім. Барлық мәліметке қол жеткізген соң, осы пайдалы істі қолға алсақ, қоқыспен күресу, аграрлық биотыңайтқышқа қол жеткізу және су тапшылығының алдын алу секілді бірнеше проблеманы қатар шеше алатынымызды сездім. Сонымен, тәуекелге бел буып ойға алған ісімді жүзеге асыруға кірістім, – дейді Мейрамбек.
Мейрамбек қой жүнін өңдеп, биотыңайтқышқа айналдыратын мобильді қондырғыны Қытайдан арнайы тапсырыспен алдырыпты.  Оған өзі аздап модернизация енгізіп, қажетіне жарата бастаған. Негізгі ресурс қой жүні болғандықтан шикізат тапшылығы жоқ. Бір қойдан орташа есеппен  2 келі жүн түседі. Арыс қаласының өзінде 672 500-ге жуық қой бар екен. 
– Бір тонна шикізаттан 800 келіге жуық өнім алуға болады. Шикізат бағасы өте тиімді және жеткілікті, – дейді Мейрамбек.
Мейрамбек алдағы уақытта «Ауыл – ел аманаты» бағдарламасы аясында 2.5 пайыздық несие алып, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Қолындағы мобильді қондырғының қуаттылығы – сағатына 30 кг. Алдағы уақытта бағдарлама бойынша несие алып, Ресейден қуаттылығы сағатына 1 тонналық қондырғы алдырмақ. Ол кезде жылына 500-1000 тонна биотыңайтқыш өндіруге болады.
– Қой жаңбырлы күндері жүрмей ұйлығып тұрып қалады. Себебі қой жүнінің құрамындағы лиотин, яғни коллаген (су сіңіруші) атты элемент суды өзіне сіңіріп, қой салмағын ауырлатады. Менің мақсатым – қой жүнін органикалық тыңайтқышқа  айналдырып, өңіріміз үшін маңызды болып табылатын су көздерін үнемдеу және химиялық тыңайтқышты азайту. Біздің тыңайтқыш аммиакка бай. Бағасы да арзан. Мәселен, селитра  900 теңге тұрса, біздің тыңайтқыш бар болғаны 90 теңге тұрады. Қала берді, қаламыздың коммуналдық мекемелері де біздің су көзін үнемдейтін тыңайтқышымызға қызығушылық танытуда. 
Бұл жобаға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова да ерекше қызығушылық танытып, қолдауға дайын екендігін білдірді. Жұмысымыз ілгерілеп жатса, Арыс қаласының барлық елді мекенінде жүн қабылдау пункттерін ашу жоспарымызда бар. Түркістан облысында 5 миллионға жуық қой бар екен. Демек, шикізат та жеткілікті, – дейді Мейрамбек.
Мейрамбектің жоспары жүзеге асып, Арыс қаласындағы қой жүнін өңдеу арқылы биотыңайтқыш өндіру цехы қанатын кеңге жайса, арзан шикізаттан экспорттық ұлттық өнім шығару, тұрақты жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалану, химиялық тыңайтқыштардың көлемін азайту, су ресурстарын үнемдеу секілді бірнеше проблема оңды шешімін табуы мүмкін.
– Жобаның қаржылық мәселесі шешілген соң слесарьлық жұмысымды тастап, біржолата осы кәсіпке ден қойсам деймін. Ойға алған мақсатымның өзіме де, елге де пайдасы тиеді деген сенімдемін, – дейді Мейрамбек. 

Пікір қалдырыңыз