Баспа ісінде маркетингтің маңызы зор

Біз қанша жерден «адамдар кітап оқуды қойды» дегенімізбен, статистика соңғы онжылдықта қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс артқанын айтады. Отандық баспа өндірісіндегі кітаптардың шамамен 70 пайызы қазақ тілінде шығарыла бастауының өзі бұған дәлел бола алады. Кітап дүкендеріндегі Буккросинг (ағылшын тілінен аударғанда кітап алмасу деген мағына береді) сөрелерінің пайда болуы оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Көпшілік  кітапханалардың заманауи технологияға сүйеніп жұмыс істей бастауы да кітапқұмарлардың шабытын оята түсті. Әсіресе, кітап қорының цифрлық үлгіге ауысуы үйде отырған оқырмандардың мүмкіндік аясын кеңейтті. Кешегі COVID  нәубеті кезінде нарықтағы сауда көлемі қарқынды өскені белгілі. Коронавирус бүкіл әлем тұрғындарын үйде жұмыс істеуге мәжбүр етіп, тұтынушыларға өзін-өзі дамытуға мүмкіндік туғызды. Осындай кезде үйде бос уақыт өткізгенше деп халықтың дені кітап оқуға бас қойды. Осылайша онлайн кітапқа тапсырыс ұлғайып, ол үлкен сұранысқа ие болды. Бұл өз кезегінде әлемдік кітап нарығының өркендеуіне ықпал етті. Қазақ аудиториясы да әлемдік трендтен қалыс қалмай, түрлі бағыттағы өнімдерді шығаруды қолға алды. Әлемдік бестселлерден басталып, мазмұнды, мәнді, маңызды түрлі кітаптар түпнұсқа тілден қазақ тіліне тікелей аударылып басыла бастады. Бірден айтайық, оның ішінде білім беру бағытындағы кітаптар басым болып тұр. Статистикаға сүйенсек, 2021 жылы дүние жүзі бойынша кітап нарығы 138,35 млрд. АҚШ долларына бағаланды және 2022-2030 жылдар аралығында жылдық жиынтық өсу қарқыны (CAGR) 1,9%-ға өседі деген болжам бар. 
Кейінгі кезде кәдуілгі кітап және электронды кітап бағасы шарықтап барады. Әлемде орын алып жатқан қымбатшылық бұл саланы да айналып өтпеген. Шетелден әкелінетін баспа ісіне қатысты шикізат құнының шарықтауы да қымбатшылыққа әкеп соғуда. Нарықтағы бағаның тым көтерілуі кітапқұмарларға оңай тимей отыр. Оқырмандар қымбат кітаптарды сатып алғаннан гөрі, қолдан сататындарға өтініш айтуына тура келеді. Болмағанда авторлық құқығы күмәнді электронды нұсқаларын жүктеуді жөн көреді. 
Жалпы, Қазақстанда алғашында 12 баспа тіркелген болса, қазіргі таңда мұндай кәсіпорындардың саны 271-ге жеткен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2019 жылы баспа нарығы 76,9 млрд. теңгені құраған. Ал, былтыр бұл көрсеткіш 35,8 млрд. теңгемен шектелген. Демек, баспа ісін қолға алып, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін балалар кітабының алар орны ерекше. «Балаларға арналған кітаптар – ең бәсекеге қабілетті нарық» деген пікір тегін айтылмаса керек. Балалар әдебиеті баспа бизнесінің алғашқы баспалдағы сынды, яғни «нарықтың локомотиві» бола алады. Бұдан 15-20 жыл бұрынғы баспадан шығатын балаларға арналған кітаптардың мұқабасы мен ішкі беттері тартымсыз, қызықсыз болатын. Ал, қазір бұл олқылықтар жойылып, жеткіншектер мен жасөспірімдерге арналған кітаптар көздің жауын алады. Бояуы, суреті мен ішкі беттерінің безендірілуі бала түгілі ересектерді де еріксіз кітап оқуға шақырады. Десе де, бүгінгі  жасөспірімдердің көпшілігі оқудан гөрі компьютерлік ойындарға бейім. Сондықтан да балаға кітап оқытуда ата-ана өзі үлгі болуы керектігін тағы бір еске салғымыз келеді. 
Интернеті дамыған, бәсекесі жоғары нарықтық экономикада қандай өнім болмасын маркетингке мұқтаж. Бұл кітап шығару ісіне де қатысты жәйт. Кітапқа рухани азық ретінде емес, тауар ретінде қарап отырғандар үшін көршілес елдің баспаларымен бәсекелестікке түсу оңайға соқпас. Кейінгі кездері баспа өнімдерінің өзіндік құнының шарықтауына әсер етіп жатқан бірден-бір себеп – отандық нарықтағы қағаз, сия секілді баспа ісіне қажетті заттардың өзімізде шығарылмайтындығында. Шикізаттың барлығы Ресейден тасымалданатынын бәріміз білеміз. Былтыр дәл осы уақытта Ресей мен Украина арасындағы жанжалдың әсерінен қағаз бағасы күрт қымбаттап, қағаз тапшылығын көрдік. Сарапшылардың айтуынша, кітап басу ісін толықтай баспаның жауапкершілігіне жүктеу де әділетсіздік. Кітап басу ісінде маркетинг дұрыс жолға қойылса, кез келген шығармаға сұраныс та жоғарылайды. Сондықтан баспа ісінде қандай жанрда болсын баспа өнімдеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, жарнамалап отырса, авторға да, шығарушы баспаға да үлкен көмек болары сөзсіз. Маркетингтің маңыздылығы балалар әдебиетінің өркендеуіне де ықпал етіп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленері анық. 

Альвира ПАЙЫСХАН.

Пікір қалдырыңыз