Қандай бензин құйған дұрыс?

Бүгінде еліміздегі ең арзан жанармайдың бағасы 200 теңгенің айналасында. Бұл баға біреуге қымбат тисе, енді біреуге қолжетімді. Дегенмен, кім болса да жанармайға жаратылатын шығынға үнем жасаудан бас тартпайтыны анық. Ал, ол үнемді көлік қозғалтқышына зиян тигізбестен қалай жасауға болады? 

Бұл тұрғыда бәрі қарапайым. Дәлірек айтсақ, автомобиль өндірушісінің ұсыныстарын басшылыққа алу жеткілікті. Дегенмен, сіздің көлігіңіздің кепілдік мерзімі аяқталмаған болса, бұл жеткіліксіз болады. Себебі, дилерлік қызмет көрсетушілер кепілдік мерзімі бітпей жатып қозғалтқышта қандай да бір проблемалар туындаса, бірінші кезекте жанармай багынан сынама алады. Ал, ол дұрыс болмай шықса, тегін жөндеуден бас тартады. 
Әдетте, өндірушілер көлікке құйылатын жанармайға қатысты рұқсат етілген ең төменгі октан санын көрсетеді. Жалпақ тілмен айтар болсақ, қазіргі уақытта көптеген өндірушілер көлікке AИ-95 маркалы бензин құюды ұсынады. Сонымен қатар, октан саны жоғары 98 немесе 100 маркалы бензинді пайдалануға болады. Бірақ, сіздің көлігіңіз бастапқыда мұндай отынға лайықталмаған болса, бұл қозғалтқыштың қуаты мен жылдамдыққа соншалықты әсер етпейді. 
Енді октан санының не үшін маңызды екенін айтайық. Бензин құрамындағы октанның саны детонацияға төзімділікпен байланысты. Детонация дегеніміз – жанармайдың цилиндрлердегі жануы, қысым мен температураның жоғарылауынан пайда болып, поршень, клапан секілді өзге де қозғалтқыш бөліктерінің бұзылуы. Сондықтан төмен жылдамдықпен жүріп келе жатып қозғалтқыштан металл дыбысын естісеңіз, осы құбылыстың себептерін іздеп, көлігіңізді дереу шеберге апарыңыз. Бұл жағдайға жеткізетін негізгі себеп – төмен октанды отынды пайдалану. Мұндай жағдай, әсіресе, жазда, күн қатты ысығанда орын алады. Ал, оның алдын алу үшін ұсынылған AИ-95-ті құю қажет. Тиісінше, күн салқын кезеңде бензиннің сортына қарамастан, бюджеттік AИ-92 жанармайын құюға болады. Дегенмен, қазіргі кейбір көліктердің электроникасы тіпті, арзан қозғалтқыштардың параметрлерін де әртүрлі жанармайға бейімдей алады. Бірақ, төмен октанды бензинді пайдаланған кезде сіз динамиканың нашарлауына және отын шығынының артуына дайын болуыңыз керек. 
Беделді компаниялардың жанармай құю бекеттерінде сіз әдеттегі AИ-95 бензинін де, олардың «ultimate», «XTRim» және т.б. жетілдірілген түрлерін де таба аласыз. Өндірушілердің айтуынша, бұл жанармайлар қозғалтқыштың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, отын жүйесін шөгінділерден тазартады екен. Яғни бензиннің жуғыш қасиеті болып саналатын белсенді заттары бар қоспалар металл бетінен көміртегі мен шөгінділердің бөлшектерін шайып әкетіп, оларды жану камерасы арқылы шығарып тастайды. Бұлар ескі қозғалтқыштағы тығыздағыштарды ерітіп жібереді деп қорықпау керек. Керісінше, ескі көліктерде бұл жуғыштың әсері айқын білінуі мүмкін. Ал, жаңа қозғалтқышта шөгінділер өте аз немесе жоқ болатындықтан, мұны қолданудың қажеті болмайды. Қалай болғанда да, беделді брендтің бензині зиянсыз болады. Бірақ, оның бағасы әдеттегі бензиндерден қымбат. 
Ендігі бір қауіпті жағдай – ірі қалалар маңындағы логотипі танымал брендтерге ұқсайтын, бірақ атауы бейтаныс жанармай құю стансаларынан бензин құю. Мұндай жердегі кәсіпкерлер құжат талап еткен жүргізушілердің талабынан жалтаруы да мүмкін. Демек, жанармайдың сапасына кепілдік жоқ деген сөз. Тиісінше, осындай бекеттен бензин құйсаңыз, қозғалтқыштың қуаты азайып, көлігіңіз ұзаққа бармауы мүмкін. Сондықтан көпшіліктің көңілінен шығып жүрген, танымал жанармай құю стансаларының бензинін тұтынған абзал. Мінсіз жанармай құятын бекеттер таза, заманауи жабдықтар орнатылған, қызметкерлері сыпайы болады және құйылатын бензиннің құжаттарын көрсетуден жалтармайды. 
Тағы бір тиімді кеңес – ұзақ жолға шыққанда жүк көліктері көп тоқтайтын бекеттерге басымдық берсеңіз, қателеспейсіз. Себебі, жүк көліктерінің тәжірибелі жүргізушілері бакқа жанармай құйылғаннан кейін бірден тексереді. Яғни құйған жанар-жағармайының таза немесе тұнбасы көп екеніне көз жеткізеді.
Пікір қалдырыңыз