Білімсізсің – қауіптісің!

Мысыр елінің президенті Анвар Садатты өлтірген қанішерден сот «cіз Садатты не үшін өлтірдіңіз?» деп сұрақ қойғанда «зайырлы көзқараста болғаны үшін»    деп жауап беріпті әлгі қылмыскер. Соттың «Зайырлы болуды өзің қалай түсінесің?» деген сұрағына әлгі «Білмеймін» депті.

Жазушы Фарач Фоданы жауыздықпен өлтірген адамнан не үшін олай істегенін сұрағанда: «Фарач Фода Құдайға сенбейді» болыпты қанішердің жауабы. «Құдайға сенбейтінін сіз қайдан біле қойдыңыз?» деген келесі сауалына қылмыскер: «Оның жазған кітаптарынан» деп жауап қайтарыпты. «Сонда жазушы Фарач Фоданың қай кітабынан оның Құдайға сенбейтініне көзіңіз жетті?» деп сұрақ қойған екен сот. «Мен оның кітаптарын оқыған жоқпын. Жаза да, оқи да білмеймін»  депті анау сабазың.

Білімсіздіктен надандық туады, надандықтан қараңғылық, одан өшпенділік, ал, өшпенділіктің салдары, әрине, қатыгездік. Жоғарыдағы аталған оқиғалар білімсіздіктің қаншалықты қасірет әкелетінін көрсетеді. 

Осыдан шамамен елу жыл бұрын республикалық «Лениншіл жас» газетінде жарияланған бір мақалада мынадай бір оқиға баяндалған еді.

Көшеде келе жатқан жас жігіт, мүмкін студент болар, алдында келе жатқан бейтаныс қызға:

– Қарындас, сіз Вердиді білесіз бе? – деп тосыннан сұрақ қойыпты. 

– Жоқ, білмеймін, – депті қыз.

– Онда сіздің Гаиднды да танымағаныңыз ғой, – деген оқымысты жігітің екінші сұрағын естіген сұлу қыз:

– Ол кім еді тағы? – деп ыршып түсіпті.

Осы ойламаған кездесудегі әңгіме мына бағытта өрбігенде әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетер ме еді...

Бейтаныс қыз:

– Джузеппе Верди – Италияның ұлы композиторы. Оның кантата, увертюра, опералары, атап айтсам, «Аида» операсы Милан қаласындағы ең үлкен опера театрының репертуарынан түскен емес. Сол әлемдегі ең үлкен опера театры қалай аталады? – деп оқымысты жігіттің өзіне қарама-қарсы сұрақ қойса, кім біледі, мүмкін қазақстандық жақсы жұп болар ма еді?! Бүкіл әлем соған куә болмас па еді?! Сеніммен айтып тұрғаным, сол жылдары еліміздегі кинотеатрларда Данияның «Тристан және Изольда» атты түрлі-түсті, кең форматты кинофильмі жүріп жатты. «Баянын» үйіне дейін шығарып салған біздің «Батырбек» бала өзін Тристанға балап, Изольдасымен жақын танысу үшін киноға билет алып, таныстығын жалғастыруы мүмкін еді ғой. Ар жағы белгілі. 

Қазіргі жұп құрған жастарымыздың арасында ажырасу көбейіп кетті. Әрине, бұл қасіретке жұмыссыздық, материалдық жағдай, баспана мәселесі, тағы басқа да жағдайлардың әсер етпеуі мүмкін емес. Менің өмірлік тәжірибемде отбасын құрамыз деген жұптардың арасында «психологиялық комфорт» болмаса, болашақта өте қиын болады, яғни стреске апаратын жол ашылды деп есептей беріңіздер. Айтпағым, білім деңгейлері алшақ болса, тәрбиелерінде алшақтық сезіліп тұрса, онда жақсы болмағаны. Ұялы телефон арқылы танысып, кейіннен үйленіп жатқан жастарымыз да жетерлік. Бұл бір-бірімізді соншалықты жақсы танудың да қажеті жоқ дегенді білдірмей ме?!

Білім деңгейі төмен дәрігер мен мұғалімді көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші. Дәрігердің қолында сенің өмірің, ал, мұғалімнің қолында бала-шағаңның болашағы. Олардың білімі мен біліктілігі төмен болса, онда жауды алыстан іздеудің де қажеті жоқ қой. Қай мамандық иесі болсаң да біріншіден маман болуың керек. Біліміңді күнде жетілдіріп отыруға тиістісің. Жолға күндік нәпақасын табуға шыққан такси жүргізушілері де мықты маман болуы керек, себебі, жолаушылардың өмірі соның қолында. 

Айтпағым, қай салада еңбек етсең де, сол саланы бүге-шүгесіне дейін меңгеріп, зерттеп, нағыз маман атану керек. Сонда еңбек өнімділігі де артады, еліміз де қарыштап дамиды. Ал, білімсіздіктің неге әкеліп соғарын жоғарыдағы мысалдармен түсіндірдік деп ойлаймын.

Білім маған қандай пайда берді? Тәжірибеммен бөліссем, 1986-1988 жылдары Шымкент қаласында лектор-әдіскерлердің облыстық сырттай университетін үздік бітіріп, маған облыстық «Білім қоғамының халықаралық лекторы, лектор-оқытушы» деген біліктілік берілді. Үздік бітіргенім үшін бірден облыстық категория  алдым. Соның нәтижесінде облыста мен бармаған қала, ауыл қалмаған шығар. Облыстағы, қалалар мен аудандардағы партия комитеттерінің идеология саласындағы жауапты азаматтар мен жергілікті «Білім» қоғамының жауапты хатшыларының қадағалауымен әр кездесуде ондаған, тіпті, жүздеген адамдардың алдында «Қазіргі Қытай», «Дүниежүзілік саясаттағы Тынық мұхит – Азия аймағының алатын орны», «Иран- Ирак соғысы», «Палестина проблемасы», «Румыния оқиғалары», т.б. тақырыптарда лекциялар оқыдым.

1989 жылы Алматыдағы Қазақ КСР Ғылым Академиясында ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстанның барлық аймағынан мықты лекторлар шақыртылды. Біздің облыстан, ұмытпасам 5 лектор қатыстық. Бәріміз «Алматы» қонақүйіне жайғасқанбыз. Желтоқсанның 21-і күні Ғылым Академиясында ғалымдар, академиктер мен профессорлар өз тәжірибелерімен бөлісті. Конференцияның үшінші күні біздің облыстан барған делегацияның ұйғарымын филология ғылымының кандидаты, Шымкент педагогикалық институтының доценті Фаткуллин Фатих Халилович білдірді. «Қабылбек, біздің облыстан сенің сөйлегеніңді дұрыс деп шештік. Тәжірибең өте үлкен, сондықтан өз тәжірибеңмен бөліс» деді. Мен келістім де сол күні ойымды берілген 20 минутқа сыйдырдым. 

1990 жылы Шымкенттің облыстық «Білім» қоғамында Алматыдан келген комиссияның алдында білімімнің өте зор екенін дәлелдеп, республикалық категориялы лектор атандым. Есте қалған сәт мынау болды. Облыстық партия комитетінің 25 жылдық еңбек өтілі бар, республикалық категориялы Груздев Павел Прокопьевичтің «Мен лекция оқудан қалдым, облыстың қай қаласы, қай ауданына барсам да, сіздің тақырыбыңызды Қабылбек Теміров есімді лектор өте қызықты етіп оқып кеткен» деп мен туралы ойын комиссия мүшелеріне жеткізгені бар. Шынымды айтсам, ондай мақтауға мен мұқтаж емес едім, сонда да іштей қуанады екенсің. 

Білім саласында ұрлық, коррупция, көзбояушылық жойылмай, оқушыларға деген махаббат қалыптаспай тұрғанда, мұғалімдер күн сайын өз білімдерін саналы түрде көтермесе, елдегі сұмдық оқиғалар, қатыгездік пен қараңғылық, өшпенділік пен надандық көбеймесе, азаймайды. 


Қабылбек ТЕМІР,

ардагер ұстаз.

Пікір қалдырыңыз