Cаналы ұрпақ – кемел болашағымыз
Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілеті мен белсенділігін арттыру, білімге деген қызығушылықтарын ояту, өмірде оны қолдана білуге дағдыландыру – ұстаздың басты міндеті. Қазіргі мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес.
Білімнің қайнар көзі балабақшадан басталады. Мектепке дейінгі шақ – бала өміріндегі ең маңызды кезең. Бұл кезде баланың бойындағы табиғи дарыны жан-жақты дами бастайды, бұл кезде балалармен нақты, жан-жақты жаңа технологиялық әдіс-тәсілдермен, дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс та нәтижелі болады.
Білім беру, білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеріп, оқыту мен тәрбиенің жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерін күнделікті қолдана білетін ұстаз-тәрбиешілердің жұмыстары жемісті болмақ. Мектепке дейінгі білім беру ұйымының басты мақсаты – дені сау, саналы, тәрбиелі ұрпақты балабақшада даярлап, мектепке дайын шәкірт жіберу. Бұл үшін жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін тәжірибеге енгізу тәрбиеленушілердің білімге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылықпен еңбек ету дағдыларын қалыптастырады. Балабақшада сәбилердің креативті ойлау қабілеттерін дамытуда – тәрбиешінің жаңашыл, ізденімпаз болуының маңызы зор. Жаңашыл тәрбиеші қандай болу керек?
Ол – жаңару, жаңғыру технологияларының әдіс-тәсілдерін оқу ісіне:
– жүйелі қолдана алатын;
– педагогикалық үрдісте жүйелі жұмыс жүргізе алатын;
– тәрбиеленушілермен ортақ, тез тіл табысатын;
– білімін жетілдіріп, үнемі ізденісте жүретін;
– білімді, білікті, мейірімді, іскер болуы қажет.
Ал, менің көшбасшылық ұстанымым балабақшамызда балалардың денсаулығын нығайту жолындағы шараларды қауіпсіз ортада жүйелі түрде жүргізуге бағытталған. Саналы ұрпақ – біздің кемел болашағымыз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттың даму стратегиясымен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі.
Білім берудегі жағдай жаңартылған білім беру мазмұнын жаңарту, әлеуметтендіру, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру сияқты оң тенденциялармен ғана шектеліп қоймай, отбасы мен балабақша арасындағы байланыстың өз деңгейінде тығыз қарым-қатынаста болуымен ерекшеленеді.
Сондықтан білім ордалары адамгершілік қарым-қатынастың, құндылықтарды қалыптастырудың, мейірімділіктің, ізгіліктің, бауырмалдықтың ұясы болуы тиіс. Ата-аналар үшін бала тәрбиесінде тәрбиешілермен сенімді серіктеске айналу құзырына ие болу маңызды. Осы ынтымақтастықты қалыптастыра отырып жұмыс істеу мектепке дейінгі тәрбиенің өзегі болуы тиіс.
Ұлтуған ЖҮНІСОВА,
М.Шойманов ауылындағы «Әлі-Нұр» балабақшасының
меңгерушісі.
Отырар ауданы.