Алдымызда – өзгерістерге толы оқу жылы

Ерболат Айнабеков, «Оңтүстік Қазақстан».
Жаңа оқу жылының ең басты жаңалықтарының бірі орта мектеп оқушылары үшін 34 апталық оқу бағдарламасы қайтарылды. Яғни мектеп оқушылары жазғы демалысқа бұрынғыдай 25 мамырда шығады. Дегенмен, 5 күндік оқу аптасы сақталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Вице-премьер 36 апталық оқу жылына көшу туралы шешімнің асығыс қабылданғанын атап өтті. Педагогтар мен ата-аналар қауымдастығы тарапынан түскен шағымдар ескеріліп, бұрынғы 34 апталық оқу бағдарламасы қайтарылатын болды. Алайда, оқу аптасының 5 күндік күйінде қалғанын ескерсек, қалған 2 апталық оқу бағдарламасын министрлік қайда жіберді? Осыған дейін оқу жылының 36 аптаға дейін созылуын осы 5 күндік оқу жүйесіне көшумен байланысты екені айтылған. Вице-премьер 36 апталық оқу жүйесіне көшуді 2025 жылға дейін пысықтап барып, ортақ шешімге келуді тапсырды.
Енді мұғалімдерді аттестаттау жүйесіне де өзгерістер енгізілмек. Ұлттық платформа негізіндегі аттестаттау процесі автоматтандырылды. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталмақ. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталынды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуына қарағанда, мұғалім тек модератор мен сарапшыға ауысқанда ғана өз пәні бойынша сынақтан өтеді.
– Алдағы уақытта педагог-зерттеуші және магистр біліктілік санатын беру тәртібі толығымен өзгертіледі. Еңбек жолын алғаш бастайтын немесе еңбек өтілінде үзіліс алған педагогтар үшін санат олардың пайдасына қайта қаралады. Педагогтың кәсіби құзыреттілігін диагностикалау үшін кәсіби қызметін алғаш рет бастайтын немесе еңбек өтілінде үзіліс болған педагогтар тестілеуден өтеді, – деді Ғани Бейсембаев тамыз кеңесінің пленарлы отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, мұғалімдерді марапаттау тетіктері де өзгереді. Бұдан былай мұғалімдер шәкірттерінің жетістіктеріне қарай бағаланып, оған соның нәтижесінде біліктілік санаты беріліп, марапатталады. Бұл зейнет жасындағы мұғалімдерге де қатысты екенін айта кетейік.
Жаңа оқу жылында алғаш рет ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтеді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі ауылдық мектептердің дарынды, талантты оқушыларын анықтау, оларға қолдау білдіру, сондай-ақ, халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру мақсатында ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиаданы енгізуде. Мұндай интеллектуалды сайыстар жаңа 2023-2024 оқу жылында алғаш рет өткізіледі.
Олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Ол аудандық, іріктеу және республикалық кезеңдерден тұрады. Қорытынды кезеңнің қатысушылары республикалық сырттай оқу мектебіне қосымша білім алу үшін қабылданады. І дәрежелі диплом алған жеңімпаздар оқу-жаттығу жиындарына шақыртылып, жалпы білім беретін пәндер бойынша ұлттық олимпиадаға жолдама алады. Сондай-ақ, тәлімгер-ұстаздар үшін де дайындық жиындарын өткізу жоспарлануда.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында Түркістан облысында 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салу көзделген. Оның 63-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен, үшеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен, 21-і жалпы сипаттағы трансферттер есебінен, 9-ы жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен бой көтереді. Биыл осы мектептердің 20-сы оқушыларды қабылдайды.
Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 51 621 оқушы келеді деп күтілуде. 2022 жылы 53 799 шәкірт мектеп табалдырығын алғаш аттаған еді. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірде үш жылда заманауи 63 мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, қыркүйек айында жалпы көлемі 5 мың орыннан астам 17 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде облыстағы жекеменшік мектептер саны 110-ға жетпек.
Осы орайда тамыз кеңесіне қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды бизнес өкілдерін ел болашағы – балаларымыздың сапалы білім алуына инвестиция құюға шақырды.
– Мектептегі оқушы орындарының тапшылығын шешуде жекеменшік сектор біздің негізгі әріптесімізге айналуы тиіс.
Бұл бойынша тиісті басқармаларға мектеп қажет ететін елді мекендер картасын әзірлеп, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы бизнес өкілдерімен ашық форматта жұмыстар жүргізуді, қажет болған жағдайда жекеменшік секторға қажетті коммуналдық инфрақұрылымдарды тиісті орынға дейін жеткізіп беруді тапсырамын, – деп мәлімдеді облыс әкімі.
Оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2024-2027 жылдары халқы тығыз орналасқан аудан, қалалардан 2 Оқушылар сарайы мен 7 Өнер мектебі салынады.
Сонымен қатар, Түркістан, Арыс, Кентау және Леңгір қалаларында заманауи техникамен жабдықталған оқушыларды шығармашылыққа үйрететін «Fablab» шеберханалары ашылып, қызмет көрсетуде. Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында балалар үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және UNICEF-Қазақстанмен бірлескен UniSat білім беру хабының қатысуымен ғарыш әлемі орталығы ашылды.
Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 млрд. теңге бөлінді. Қауіпсіздікті 6 бағытта жүргізіп, мәселені 100% шешу көзделді. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, ол полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылмақ.
Мемлекеттік 936 білім беру мекемесі 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылған екен. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым болатын қоршауы жаңғыртылды. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылуда.
Өңірімізде жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары түгел бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Яғни бұл мүмкіндікке 187 832 бала ие болды. Жыл соңына дейін оған облыстық бюджеттен 6,2 млрд. теңге қаралады.
Ағымдағы жылы асханасы жоқ 110 мектепте оқушыны тамақтандыру мәселесі жақын орналасқан асханасы бар мектептер арқылы шешіледі. Сонымен қатар, ол мектептерге модульдік асхана орнату мәселесі қарастырылуда.
Қазіргі таңда облыста 20 мектеп- интернаттағы тамақтандыру мәселесі мемлекеттік-жекешелік әріптесік шеңберінде шешіліп, асханалардың материалдық-техникалық базасы нығайды.
Тамақ сапасы артып, оқушылар мен ата-аналар разылықтарын білдіруде. Осы 20 интернаттың ата-аналары өз балаларының күнделікті тамақтануын онлайн режимде қашықтан қадағалауға мүмкіндік алды.
Жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі міндеттерінің бірі – білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету. Бұл бағытта Түркістан облысында баспалармен келісімшарт жасалған екен. Осы жылы оқулықтардың 20 пайызы жаңарады. Осылайша 213 915 кітап жаңартылмақ.
Түркістан облысы білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінің секциялық басқосуында 33 үздік ұстазға арнайы Алғыс хаттар берілді. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атынан ұстаздар қауымы 3 бағыт бойынша марапатталды.
Марапатқа ие болғандардың тиісті білім беру деңгейі бойынша білім беру және тәрбие процестерін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру жане тәрбие бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары еленді.
Ұстаздарға «Білім саласын дамыту жолында қол жеткен табыстары және оған қосқан үлесі үшін» деген ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты мен «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін» Құрмет грамотасы және еліміздің бас ұстазының атынан «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі» Құрмет дипломы табысталды.
Өткен жылы Түркістан облысы мектептерінде жаңадан 60 арнайы пән кабинеті жабдықталды. Атап айтқанда, физика – 15, химия – 15, биология – 18, STEAM 12 алынды. Ал, биыл 4 есеге артып, 240 пән кабинеттерін алуға 3,1 млрд. теңге бөлінді. Нақтырақ айтсақ, физика – 64, химия – 48, биология – 64, STEAM 64 кабинеті жаңармақ.
Өткен оқу жылында біздің облыс оқушылары жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында оқушыларымыз 9 алтын, 18 күміс, 20 қола медаль иеленді.
Жалпы, республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында облыс оқушылары 13 алтын, 4 күміс, 8 қола медальға ие болып, жалпыкомандалық есепте үш жыл қатарынан 1-орыннан көрінді.
Соңғы үш жылда жас ұландарымыз республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынында жүлделі бірінші, екінші, ал, «Жас құтқарушы» сайысында екі жыл қатарынан 1-орынды иеленді.
Түркістан облысында кәсіптік білім алуға ниетті жастар үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемі артты. Республикалық бюджеттен қаралған 15 300 грант толық игерілді. Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттерінің саны 4 мыңға көбейді. Өткен жылы колледждерге 17 мың грант бөлініп, оның 11 110 гранты игеріліп, қалған 6 900 орыны игерілмей кері қайтарылған еді.
Сонымен қатар, қыркүйек айынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақылары 27 мыңнан 37 мың теңгеге артып отыр.