Мықты жігіттер барда, шекарадан шыбын да өтпейді
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».
Қазақ-өзбек шекарасы дегенде Сарыағаш туралы айтпай өту мүмкін емес. Аудандық шекара басқармасының тарихы тоқсаныншы жылдардың аяғынан басталады. ҚР ҰҚК-нің 1999 жылғы 15 қыркүйектегі бұйрығымен құрылып, содан бері екі ел арасындағы шекара сызығы қырағы күзетіліп келеді. Жалпы, Сарыағаш аумағындағы күзетілетін шекара ұзындығы 200 шақырымнан асады.
Кезінде осы шекара сызығын белгілеу жұмыстарымен айналысқан мамандар екі ел арасындағы шекараны делимитациялау бойынша жүргізілген келіссөздердің өте қиын болғанын айтады. Өйткені, екі елдің шекарасында күрмеуі көп, шешілуі күрделі учаскелер де бар еді. Оның көпшілігі Сарыағаш және Мақтаарал аудандарындағы халық көп қоныстанған аумақтарда болатын. Содан бері де біраз жылдай уақыт өтті. Осы аралықта елді мекендер елеулі өзгеріске ұшырап, ауылдар мен кенттер саны көбейіп, жаңа шаруашылық нысандары пайда болды. Осының барлығы Қазақстан және Өзбекстан делегациялары тарапынан жергілікті жердегі жағдайды мұқият зерделеуді қажет етті. Мүмкіндігінше, шекара бойында орналасқан халықтың шаруашылық үрдісін бұзбай, дәйекті шешімдер қабылдауды талап етті.
2001 жылы 16 қарашада екі ел Президенттерінің қолы қойылған шарт дайындалды. Осы құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығының 96 пайызын айқындап берді. Бұл екі ел арасындағы достық қатынастарды қамтамасыз ету жағынан алғанда келешегі зор, аса маңызды тарихи оқиға болды. Ал, шекаралық аумақтың қалған 4 пайызы сол жылдары шешілмес түйінге айналды.
Былтыр жыл соңында Қазақстан мен Өзбекстан басшылары қазақ-өзбек шекарасының сол қалған бөлігін шегендеу туралы шартқа қол қойған болатын. Биылғы шілде айының 4-і күні сол шарт күшіне енді. Осылайша 19 жылға созылған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау процесі толық аяқталды. Жалпы, Қазақстанның Өзбекстанмен арадағы шекара ұзындығы 2357 шақырымға созылса, оның едәуір бөлігі Түркістан облысының аумағында. Қазығұрттың тұсынан басталған шекара сызығы Сарыағаш, Келес өңірлерінен асып, Жетісай және Мақтаарал аудандарын басып өтеді. Жақында ел іргесінде жүрген сарбаздардың жағдайын білейік деп ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментіндегі мамандармен бірге Сарыағаш және Келес аудандарының аумағында орналасқан шекара бекеттерінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
«Қырағылық – басты қаруымыз»
Біз барған шекара бөліміне Сарыағаш ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылының тұсынан өтетін қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын күзету міндеттелген. Мұндағы жігіттердің көпшілігі келісімшарт негізінде жұмыс істейтін қатардағы жауынгерлер. Олардың дені отбасымен шекарашыларға арналған әскери қалашықта тұрса, енді бірі жақын ауылдарда пәтер жалдап тұрады. Атшаптырым аумақты алып жатқан қалашықта әскери отбасылардың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Бізді «Дархан» шекара бөлімшесінің бастығы, аға лейтенант Алдияр Құрал қарсы алды. Алдиярдың алғырлығына қарап «Жас келсе – іске» деген қанатты сөздің мәніне бойлағандай болдық. Жасы отызға да толмаған жігерлі жауынгер бір бөлімшенің жұмысын өрге домалатып отыр. Мұнда келгенге дейін ол еліміздің бірнеше өңіріндегі заставаларда шыңдалыпты.
– Өзім Көкшетау облысының тумасымын. 2020 жылы Алматы қаласындағы ҚР ҰҚК Шекара академиясын бітіріп, содан бері оңтүстік өңірдегі шекара бекеттерінде жұмыс істеп келемін. Бұл қызметке осы жылдың басында тағайындалдым. Отан қорғау – кез келген азамат үшін абыройлы міндет. Біздің бөлімшедегі әрбір қызметкер мұны терең сезінеді. Бөлімше ішіндегі темірдей тәртіп бәрінен маңызды. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Бір қарағанда, шекарашылардың өмірі бір сарынмен өтіп жатқан бөлек бір әлем секілді көрінетін шығар. Алайда, олай емес. Бөлімшедегілер өзара достық қарым-қатынас, жанашырлық пен қамқорлық секілді игі қасиеттерді берік сақтайды. Бір сөзбен айтсам, бәріміз бір отбасы секілдіміз. Бөлімшеде келісімшарт бойынша
46 жауынгер, 4 офицер қызмет етеді. Одан өзге әскери борышын өтеп жүрген 15 сарбазымыз бар. Шекара маңында болған әрбір жағдай назарымыздан тыс қалмайды. Қырағылық – басты қаруымыз. Қарауымызда із кесуге машықтанған иттер, жүйрік аттар мен қажетті техникалар бар, – дейді Алдияр Серікұлы.
Шекарашылардың өмірі өзіне тән қиындығымен һәм қызығымен ерешеленеді. Белгілі бір шекарада бірнеше жыл қызмет атқарғаннан кейін басшылықтың бұйрығымен еліміздің кез келген аймағындағы шекара бекеттеріне жұмыс ауыстыруларына тура келеді. «Онда емес, анда барғым келеді» деген сыңайдағы уәж қабылданбайды. Себебі, бұйрық талқыланбайды. Шекарадағы болаттай берік жігіттер мұндайға әбден үйренген. Павлодар облысының тумасы Әли Омар да Шекара академиясын бітіргеннен кейін жолдамамен «Дархан» шекара бөлімшесіне қызметке келіпті. Бүгінде бөлімше бастығының орынбасары ретінде жауынгерлердің әскери дайындығымен айналысады. Жолдасы Таңшолпанмен бірге шекара бөлімшесіндегі қызметтік үйде тұрып жатыр. Бұйыртса, биыл кішкентайлы болмақ. Шекарашының әйелі Таңшолпанды әңгімеге тарттық.
– Өзім Ақтөбе облысында туып-өстім. Бірде Әли басшылықтың бұйрығы бойынша оңтүстікке қызметке баратынын айтты. Мен оның кез келген шешімін қолдайтынымды жеткіздім. Басында үйрену қиын болды. Қазір бәрі жақсы. Бөлімше ішінде баспанамыз, кітапхана, жаттығу залы секілді қажетті дүниенің бәрі бар. Кейде торығатын кездер де болады. Ондайда бір-бірімізге демеу болуға тырысамыз, – дейді Таңшолпан Сағымбайқызы.
«Отанымның тыныштығын күзетіп жүрмін»
Жоғарыда айтқанымыздай, бөлімшеде жауынгерлер негізінен келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Мамандығы әскери саламен мүлдем қабыспаса да келісімшарт негізінде шекарашы болуға бел байлағандардың бірі – Шыңғысхан Оралбай. Екі баланың әкесі бөлімше іргесінде орналасқан Абай ауылында пәтер жалдап тұрады. Тәулігіне 7-8 сағат қана демалатын Шыңғысханның бала тәрбиесімен айналысуға мұршасы жоқ. Негізінен бала тәрбиесімен жұбайы айналысады.
– Мұнда келгенге дейін Арыс қаласындағы әскери бөлімде жұмыс істедім. 2019 жылы болған алапат жарылысты көзіммен көрдім. Қазіргі жұмысым одан да жауапты. Кезекшілік кезінде бір сәт босаңсуға болмайды. Қару-жарақпен жұмыс істегендіктен, жауапкершілік те жоғары. Күн сайын жаттығу жасап, күш-жігерімізді арттырамыз. Арнаулы мамандардан сабақ аламыз. Өзім үшін шекара үлкен мектеп. Бала күнімде полиция болуды армандадым. Ол мақсатым орындалмаса да, ел шетінде Отанымның тыныштығын күзетіп жүрмін. Қызметім өзіме ұнайды. Бейбіт күніміз баянды болсын, – дейді Шыңғысхан Артықұлы.
Шекараға келісімшарт негізінде қызметке келуге әскери борышын өтеген кез келген азаматтың ниет білдіре алатынын айта кеткен жөн. Жасыңыз бен денсаулығыңыз сай келсе, әскери-нормативтік талаптардан мүдірмей өтсеңіз, соған сай тегеурінді болсаңыз, сіз де шекарашы атана аласыз. Шекарашы үшін жақсы жалақы мен жайлы баспана қарастырылған. Олай болмаған жағдайда отбасыңыздың әрбір мүшесіне баспана жалдау ақысы төленеді.
Жастардың құлшынысы артып келеді
Байқағанымыз, әскери борышын өтеп жүрген мұндағы сарбаздардың дені Түркістан облысынан екен. Солардың бірі – Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Қайнар елді мекенінен келген Арман Сматилла есімді азамат. Араманның мұнда келгеніне 5 айға жуықтапты. Бұдан алдын ол Шығыс Қазақстан облысына қарасты Күршім ауданындағы шекара бекетінде тәжірибеден өткен.
– Президентіміздің әскери борышты өз аймағында өтеу туралы бастамасы біз секілді жастардың әскерге деген құлшынысын арттырды деуге болады. Шындығында, кәмелеттік жасқа енді толған жастарға басқа аймақта әскери қызметін өтеу қиындау тиеді. Мұның бәрі сарбазға психологиялық және физиологиялық тұрғыдан әсер етеді. Мәселен, жылы жақтан барғандарға суық аймақтың климаттық жағдайына үйренісудің өзі оған көп қиындық әкеледі. Маған да Шығыстың ауа райына үйрену оңай болмады. Қазіргі келген жерім өзіме ұнайды. Өзімді Отанын көзінің қарашығындай күзететін сарбаздардың қатарынан көргім келеді. Себебі, әр азаматтың борышы – Отан қорғау! Біз болмасақ, елдің тыныштығын кім қорғайды? – дейді Арман Бауыржанұлы.
Ит иесіне тартады
Шекараны күзетуде қызметтік жылқылар мен иісшіл иттердің орны бөлек. Бөлімшеде оларға арнайы қора-жайлар тұрғызылған. Олардың күтімімен осындағы сарбаздардың өздері айналысады. Бұл жақтағы иттердің мәртебесі ауылдағы үйшік ішінен үретін төрт аяқтылардан жоғары. Арнайы үйретілген, кәсіби тәжірибеден өткен қызметтік иттерге жүктелген міндет те аз емес. «Қызыл таң» шекара бөлімшесінің сарбазы, кіші сержант Абылайхан Байсеріктің айтуынша, итпен жұмыс істеу үшін тіл табыса білу керек. Ол мұнда 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді. Өзінің «Мавр» есімді жеке иті бар. Абылайхан оған шекара бұзған адамды іздеуді, шекара аумағын күзетуді үйретеді.
– Жалпы, кез келген итті үйретуге болады. Десе де, әлемдік тәжірибеде неміс және бельгия овчаркалары жоғары бағаланады. Себебі, оларды үйрету оңай. Маврдың мұнда келгеніне
7 жылдан асты. Жалпы, бір иттің қызмет ету мерзімі 8 жыл, одан соң демалысқа шығарамыз. Иттерді көбіне ойын әдістері арқылы бейімдейміз. Маврдың сүйікті ісі – доппен ойнау. Ит неғұрлым көбірек команданы орындай білсе, соғұрлым жақсы дамып, әр нәрсеге машықтана түседі. Тапсырманы дұрыс орындаған кезде «Жарайсың!» деп қойған да артықтық етпейді. Себебі, иттер мақтау сүйеді. Қызметтік иттер бір адамға үйреніп, сол адамның ғана бұйрығын орындайды. Ал, екінші адамға үйрену үшін 2-3 жыл уақыт керек, – дейді Абылайхан Бақытжанұлы.
Із жолағын салуға да ептілік қажет
Шекара бекетінде сырт көзге оңайшылықпен көріне бермейтін кәсіп иелері аз емес. Шекара бойындағы топыраққа арнайы жолақ жүргізетін тракторшылардың еңбегін осы қатарға жатқызуға болады. Келес ауданы, Ораз ата ауылының тұрғыны Темірхан Лесов «Дархан» шекара бөлімшесі ашылғалы бері осында жұмыс істеп келеді. Бір қарағанда, оның жұмысы елеусіздеу көрінуі мүмкін. Бірақ, ол жүргізген жолақты сүрлемдер шекара бұзушының оңай бой тасалап кетуіне мүмкіндік бермейді.
– Шекара бойына жолақты сүрлем жүргізудің өзіндік ережелері бар. Содан ауытқымау қажет. Таңертең бөлімше бастығы екеуміз шекара бойын бір сүзіп шығамыз. Осыдан кейін қай жерге жолақ салу қажет, қай тұстың топырағын реттеу керек жөнінде тапсырма береді. Менің жұмысым – трактормен шекара бойындағы жолақты сүрлемді қағидаға сай реттеп отыру. Себебі, шекарадан өткен адамның ізі топырақта айқын көрініп жатуы қажет. Мамандар сол түскен ізге қарап шешім қабылдайды. Ара-тұра болмаса, кейінгі жылдары шекараны заңсыз кесіп өту оқиғалары тыйылып қалды. Себебі, біздегі тікенек сымдарға дабыл беретін жүйе орнатылған. Оған қол тисе, бірден бөлімшеге хабар түседі. Тіпті, құс сымға қонақтаса да, дабыл беріледі, – дейді Темірхан Түзелбекұлы.
Иә, мұнда келсеңіз, қаланың шулы тіршілігінен бір сәт тынығып қаласыз. Шекара бөлімшесі – өзімен-өзі жатқан әлем. Қалашық іші мұнтаздай. Сарбаздардың саптық адымы ғана естіледі. Әлемдегі геосаяси жағдайлар шиеленісіп тұрған тұста осы тынышытық мәңгі сақталса екен дейсің. Бізді мұнда бастап келген ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департамент қызметкері, капитан Рауан Нұрмет шекарашылардың былайғы жұрт біле бермейтін маңызды міндеттері туралы әңгімелеп берді. «Мұндай мықты жігіттер барда, шекарадан шыбын өтпейді» дейді ол бізді күлдіріп. Шекара шебін күзеткен Отан қорғаушылармен қоштасып, заставадан ұзай бердік.