«Жабық саясат» формуласы

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Басты суретте тұрған әлемдегі ең беделді саясаткерлердің бірі Ким Чен Ынның Еуропада өскенін, «қарт құрлықтың» тәлім-тәрбиесін, білімін алғанын білесіз бе? Ол батыстық өркениеттің ортасында тәрбиеленіп, кәдімгі батыстың баласы құсап баскетбол ойнаған, «Чикаго Булз» командасы мен Майкл Джордонның жанкүйері болған. Швейцарияның ең атақты мектептерінің бірінде білім алған. Сыныптастары оны Пак Ын есімімен таниды. Арада бірнеше жыл өткен соң ол шағын ғана мемлекеттің тізгінін ұстайды. Кедейліктен көз ашпаған халқының жағдайын жақсартуға уәде береді, елінде үлкен құрылыс бастайды. Осы сәтте әлем оның шын есімі – Ким Чен Ын екенін біледі


Аты әлемге жайылардай ол не істеді? Ең бірінші кезекте елінің қауіпсіздігі үшін ядролық қарудан қорғаныс құрды. Өзінің шетсіз-шексіз билігі үшін оппозицияның көзін құртты. Ел шекарасын тас қып бекітті. Өзі өскен, білім алған батыс әлемі үшін де «есігін тарс жапты». Қазір Солтүстік Корея – әлемдегі ең жұмбақ, ең жабық елдердің бірі. Бұл мемлекеттің шекарасын бұзып қашып кету мүмкін емес. Бірақ, елдегі жүйеге шыдамай қашып кеткендер өзінің солтүстіккореялық екенін мақтан тұтып жүреді.

Бізді қызықтыратыны – халқы ішерге тамақ таппай отырғанда, мемлекет неге бар тапқанын ядролық қаруға жұмсады? Бұл мемлекет неліктен алып империя КСРО секілді талан-таражға түсіп кетпеді? Қытай мен Вьетнам секілді батыс капиталистеріне неге есігін ашпай отыр?

Солтүстік Корея, нақтырақ айтсақ, Корей халықтық демократиялық республикасының 25 миллион халқы Ким әулетінен басқа президент көрген жоқ. Бұл мемлекеттің құрылғанына 75 жылдан асса да Ким әулеті билікті қолынан шығармай келеді. Қалай?

Осыдан тұп-тура 71 жыл бұрын АҚШ-тың әуе күші Солтүстік Кореяның астанасы Пхеньян қаласына 900 тонна бомба тастайды. Салыстыру үшін айтайық, бұл бомбалардың зардабы Хиросима мен Нагасаки қаласына түскен атомдық қарудың күшімен тең. Корей соғысы кезінде ел астанасына 200 000 бомба түскен екен. Орта есеппен алғанда бұл – Пхеньянның әрбір тұрғынына 1 бомбадан келеді деген сөз. 

Төменде суреттегі азамат – Кёртис Лемей. Ол сол кездегі АҚШ-тың стратегиялық-әскери бөлімшесін басқарған. Ол штабқа Солтүстік Кореядағы барлық үй мен ғимаратты қиратқанын, тіпті атқылайтын нысан қалмағанын хабарлайды. Тарихты білетіндер, «тоқтай тұрыңыз, Солтүстік Корея Оңтүстікке өзі шабуылдап еді ғой» деген уәж айтуы мүмкін. Дәл солай. 

1945 жылы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Корея екіге қақ бөлінді. Солтүстікте коммунистер, оңтүстікте батыс саясатын қолдайтындар қалды. 1950 жылы 22 маусымда Солтүстік Корея әскері оңтүстікке баса-көктеп кіріп, біраз жерді басып алады. Оңтүстік Кореяның иелегінде Пусан қаласынан басқа жер қалмайды. Осы кезде соғысқа АҚШ пен БҰҰ араласып, солтүстіккореялық әскердің тас-талқанын шығарады. Тура шекарасының маңына америкалық импералистердің келгені КСРО-ға да, Қытайға да ұнамайды. Олар да әскерін жіберіп, солтүстіккореялықтарға жәрдем береді. 1951 жылдың жазында қос тараптың сарбаздары бір жылдан бері соғыс жүріп жатқан 38-параллельге қайта оралады. Арада екі жыл өткен соң тараптар соғысты тоқтату туралы келісімге келіп, қос Кореяның шекарасы бекітіледі.

Қос Корей мемлекеті үшін зардабы ауыр болған соғыс кезінде Солтүстік Кореяны Ким Ир Сен басқарып тұрған. Осы соғыстың арқасында ол «ұлт көсеміне» айналып шыға келді. Тіпті, оны «Солтүстік Кореяның Құдайы» деп атағандар да болды. Қалай дейсіз ғой?

Жоғарыда АҚШ-тың әуе күштері Солтүстік Кореяны бомбаның астына алғанын айттық қой. Қаншама корей азаматы қаза тапты. Ел шығынға батты. Ким Ир Сен толыққанды жеңіліс тапты. Бірақ, бұл айтқанымызбен солтүстіккореялық саясаткер тірі болса, келіспес еді. Қос Корея келісімге келген соң ол ел астанасы Пхеньянда жеңісті тойлап, әскери шеру өткізді. Ким Ир Сен «ұлы Отанды азат ету соғысында жеңіске жеттік» деп әлемге жар салды. Бір қызығы, бұл соғысты ол өзі бастаған болатын. Ары қарай Ким Ир Сеннің абыройы үшін КСРО көп көмектесті. Елде алып құрылыс алаңдары пайда болды. Солтүстік Корея сол кезде оңтүстіктегі көршілерінен де қарыштап дамыды. Халқының 80 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысатын мемлекетте осындай «коммунистік жұмақ» пайда болды. Осының бәрінің басында Ким Ир Сен тұрды. Сондықтан да оны «ұлттың ұлы әкесі» деп атады. «Әке» деген сөзге назар аударыңыз. Корей соғысы кезінде Ким Ир Сен миллионға жуық (960 мың) адамынан айырылды. Бұл, әрине, көп. Ал, халқыңның саны 10 миллионның (сол кездегі Солтүстік Корея халқының саны) айналасында болса бұл тіптен көп. Қаншама сәби жетім қалды, қаншама отбасы асыраусыз қалды?!

Ким Ир Сен мұны да өз пайдасына шешіп кетті. Елде жетімдер үйін көптеп салғызып, жетім қалған балалардың дұрыс білім алуына жағдай жасады. Мұндай орталықтарда енді олардың әкесі Ким Ир Сен деген насихат жүрді. Сол насихатпен өскен балалар «ұлттың әкесі Ким Ир Сен» деп есептеді. 

Қазір Солтүстік Корея – ақпараттық технологияға аса ден қойған мемлекет. Осыдан 10 жыл бұрын Ким Чен Ын билікке келген тұста Оңтүстік Корея өз елдеріндегі ақпараттық серверлерге сағат сайын кибер-шабуыл жасалғанын мәлімдеген. Солтүстіккореялық хакерлер әр сағат сайын 1 жарым миллион кибер-шабуыл ұйымдастырған. Яғни әр секунд сайын 17 кибер-шабуыл жасалды деген сөз. 2016-2018 жылдар аралығында солтүстіккореялық хакерлер әлемдік криптовалюта қорынан 1 миллиард АҚШ долларынан астам қаржыны үптеп кеткен.

Корей соғысы Солтүстік Кореяның әскери қуатын арттыру керектігін ұқтырып кетті. Өйткені, АҚШ Жапонияға істегенін Солтүстік Кореяға да істеуі мүмкін еді. Сондықтан да олар жедел түрде ядролық қару жасап шығаруға кірісті. КСРО-ның Дубна қаласында орналасқан ядролық зерттеулер институтына ғалымдарын жіберіп, білімін арттыруға жағдай жасады. Ал, 1964 жылы Иенбон қаласында өздері ядролық институт құрды. Онда КСРО-дан келген құрылғылар орнатылды. Бірақ, КСРО КХДР-ге ядролық қару жасаудың технологиясын беруге асықпады. Себебі...

1962 жылы «Кариб дағдарысы» орын алған-тын. АҚШ өзінің ядролық қаруын Түркияға әкеліп орналастырған. Мұны КСРО жауапсыз қалдырған жоқ. Олар да өз кезегінде ядролық ракеталарын Кубаға апарып қойды. АҚШ-тың әскери кемелері Кубаны қоршап алып, екі апта бойы торуылдап жүрді. Бүкіл әлем қос алып империяның арасында ядролық соғыс басталатынын күтіп жатты. Бірақ, Кеннеди мен Хрущев жұрт алдына құшақтасып шықты. Қос тарап келісіп, Түркия мен Кубадағы ядролық ракеталар «туған жеріне» қайтты. Бұл жерде Солтүстік Кореяның қатысы қанша деген сұрақ тууы мүмкін. Ол – заңды. Осы оқиғадан кейін КХДР ешкімге сенуге болмайтынына көз жеткізіп, өзі әрекет етуге көшті. Егер Солтүстік Корея бюджетінің қару-жараққа жұмсалатын бөлігі 1956 жылы 3,4 пайыз ғана болса, 1966 жылы бұл 30 пайызға дейін жетті. Осыдан бастап Солтүстік Кореямен өзге мемлекеттер санасатын болды.