Асыл тұқымды мал өсірудің артықшылығы көп

Бұрындары еліміздің мал шаруашылығы саласы отандық асыл тұқымды ірі қараның өнімділігін арттыруға қатысты жүйелі селекциялық жұмыстарды қарқынды жүргізген. Соның ішінде ең көп тараған қазақтың ақбас тұқымы тәуелсіздік алған жылдары екі миллионға жеткен. Бірақ, өкінішке қарай, 2000 жылдардың басында олардың саны 75 мыңға дейін қысқарған. Тек соңғы он жылдың көлемінде елдегі мал шаруашылығын қайта жаңғыртудың арқасында ақбас тұқымды сиыр саны 500 мыңға жуықтап отыр. 

Кеңестер одағы кезінде еліміздің жергілікті малымен сырттан әкелінген британдық герефорд бұқаларын будандастыру арқылы танылған қазақтың әйгілі ақбас сиырының пайда болғанына да жетпіс жылдан асыпты. Аталған сиыр тұқымы 475 келіден 510 келіге дейінгі аралықта салмақ тартып, жергілікті сиырлармен салыстырғанда 200 келіге артық болған. Бұл экономикалық тұрғыдан алғанда, мал өсіру тиімділігінің артқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда елімізде қазақтың ақбас тұқымынан 15 мыңдай мал бар деген мәлімет бар. Бұл малдың артықшылығы, далалы және шөлейтті аймақтарға бейімді. Әрі тез жетіледі. Біздің Созақ ауданында ақбас сиырына сұраныс мол. Бүгінгі күні теріскей тарапта Еркебұлан Әлібеков басқаратын «Созақ ет шаруашылығы» шаруа қожалығы 150 бас, Еркін Асанов басшылық ететін Қарақұр ауылындағы «Сенім» шаруа қожалығы 625 бас, Мұхтар Сәбитовтің (Шолаққорған ауылы) «Атақоныс» шаруа қожалығы 17 бас осындай асыл тұқымды ірі қара өсіріп отыр. Бұдан басқа да ірілі-
ұсақты шаруа қожалықтарында ақбас сиырлары көптеп табылады. Егер олар республикалық қазақ ақбас тұқымы палатасына тіркеліп жатса, алдағы уақыттарда өздеріне қажетті мемлекеттік қолдауларға қол жеткізетін болады.
Иә, елімізде мал шаруашылығын дамыту мен ет өнімін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар ұдайы жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта экспортқа 60 мың тонна ет өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда еліміз бойынша экспортталатын еттің көлемі 17 мың тоннаны құрайды. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Қолдау шаралары негізінен импорттық өндірушілерге бағытталып дайындалғандай. Бұған себеп, осыдан біраз бұрын отандық сиырды сатып алу үшін бір малға 150 мың теңге, импорттық малға 300 мың теңге және сүт бағытындағы жергілікті сиыр үшін 150 мың, ал, импорттық сауын сиырына 400 мың теңге субсидия бөлінді. 2020 жылы елімізге шетелдік селекциядан сегіз мыңға жуық ірі қара мал әкелініп, асыл тұқымды мал үлесі 8,8 пайыздан 16,3 пайызға артқан. 
Биыл мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1 трлн. теңге бөлінді. Ақпан айынан бастап «Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» іске қосылды. Онда бөлінген қаражаттың толық игерілуі және тиісті адамдарға жетуі үшін субсидиялаудың шарты өзгерген. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатындарға отандық және импорттық малдың сүттілігіне қарай 300 мың теңге, ал, етті малдың 1 басына 200 мың теңге деңгейінде бірыңғай норматив енгізілді. 
Бұл салаға бөлінген 52,4 млрд. теңге толығымен кәсіп бастаушы немесе шаруасын дамытқысы келетін ауыл тұрғындарын несиелендіруге бағытталды. Микронесие ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылғыларын лизинг пен кооперативке арналған инвестициялық субсидия алуға мүмкіндік береді. Несие мерзімі мал шаруашылығына – 5 жыл, ал, ауыл шаруашылығы кооперативін құруға 7 жыл белгіленді. Аталған қанатқақты жобаны іске асыру 2024 жылы 74,6 млрд. теңге көлемінде, 2025 жылға 76,7 млрд. теңге шамасында жоспарланып отыр. Айта кету керек, бұдан бұрын да «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда кешенді жұмыстар жүргізілгені бар. Онда субсидиялау тәртібі автоматтандырылып, қазақтың ақбас тұқымын өсірумен айналысатын фермерлерге үйде отырып субсидия алуға өтінім беру жағы қарастырылған болатын. Малшылар үшін мемлекеттік қолдау бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруда микронесиелер мен мемлекеттік гранттар бөлініп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері тегін оқытылды. Қазіргі нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес халықаралық келісімдер аясында ірі қара малды біріздендіру әрі цифрландыруды жүзеге асыруда еліміздің мал шаруашылығындағы селекциялық асыл тұқымды малдың жаңа цифрлық платформасын құру қолға алынды. Қазіргі таңда мал шаруашылығы саласында жануарлардың генетикалық әлеуетін жетілдіруде және арттыруда, асыл тұқымды өнімдерді есепке алуда пайдаланылатын әрі селекциялық үдеріске тартылатын жануарлар туралы деректерді жинаудың, жинақтаудың және өңдеудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Өткен жылы қазан айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Аталған заң аясында селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарын жетілдіру мақсатында жаңа бағалау әдістері қосылып, геномдық бағалау, индекстік бағалау және молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу жұмыстары енген. Осыған орай, қазіргі таңда селекциялық-асыл тұқымдардың жаңа цифрлық платформасы аталған заңға сәйкес жаңартылып, мал бастарын асылдандыру ісінде жаңа геномдық және индекстік бағалауды пайдалану жұмыстарын автоматтандыру арқылы жаңа деңгейге жеткізілді. Аталған жаңартулар республикалық палатаның атқарып отырған жұмыстарын одан әрі жеңілдетіп қана қоймай, қазақтың ақбас тұкымды ірі қара малын ұлттық брендке айналдыруға ықпал ететін болады. 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Пікір қалдырыңыз