Түркістан қаласының әкімі Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ: «Қаланың тазалығы да, тәртібі де басты назарда»

Иә, бұл қалаға төрткүл дүние назарын тігіп отыр десек, қателеспейміз. Бұған дейін де өзінің қасиетті орындарымен, киелі жерлерімен дүйім елге әйгілі болған Түркістан соңғы жылдар бедерінде, яғни облыс орталығы мәртебесі берілгеннен кейін танымалдылығы тіпті арта түсті. Күн сайын көптеген зияратшылар мен жүздеген саяхатшыларды қабылдап жататын қалаға қызығушылық танытатындар көп. Түркістан қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы тілшілеріміз қала әкімі Нұрбол Тұрашбековпен сұхбаттасқан еді. 

– Түркістанды еліміздегі қонақжай қалалардың бірі деуге болады. Күнде қаншама адам келіп, кетіп жататын шаһардың тазалығы жайлы не айтар едіңіз? 
– Тазалық болған жерде тәртіп, тәртіп бар жерде береке болады. Мұны біз үнемі назарда ұстаймыз. Түркістан қаласы соңғы бес жылда ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қадағалауымен қалада көптеген жұмыстар жүзеге асып жатыр. Соның соңғы күндері қолға алынған бір-екеуіне тоқтала кетсек, шаһарда 10,5 гектарға саялы бақ салуды қолға алдық. Мұнда жылыжай да орын тебеді. Жылыжайда жеті мыңнан астам тропикалық ағаш, одан бөлек бір жарым мыңға жуық 21 түрлі ағаш, 1300-ге жуық бұта, 1800 дана әртүрлі гүл отырғызылуда. Аумағы 61 мың шаршы метрді құрайтын демалыс орнында балалар ойын алаңы да қарастырылған. Сондай-ақ, скейтбординг алаңын салып, субұрқақ орнату да жоспарда бар. Одан бөлек, Қызылорда – Шымкент айналма жолы мен Қазыбек би көшесінен №32 көшеге дейінгі аумақта 17,8 гектарға созылған желілік саябақ құрылысын салып жатырмыз. Мұның бәрі қаланың сәнін келтіріп қана қоймай, жасыл желекке орап, тазалығын да қамтамасыз ететін болады. Ал, тәртіп жағына келсек, қазір барлық жерде бейнебақылау бар. Атап айтсақ, «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Түркістан қаласында 812 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Олар «Жеңіс» саябағы, «Алтын Орда» автобекеті, «Керуен сарай» сауда кешені, «Қуаныш» базары маңында, Тәуке хан даңғылы, С.Ерубаев, 
М.Тынышбаев, Төле би көшелерінің бойында және теміржол стансасында іске қосылған. Тәулік бойы жұмыс істеп тұратындықтан ол құрылғылардың қаладағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге ықпалы зор. 
– Нұрбол Әбдісаттарұлы, алдағы уақытта қала аумағы біршама ұлғаюы мүмкін деген әңгіме бар. Бұл қаншалықты рас? 
– Иә, ол рас. Түркістан қаласының шекаралық аумағын кеңейту жоспарда бар. Жоба бойынша қала аумағын кеңейту Сауран ауданының жерін қосу есебінен жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет қаулысына қол қойылды. Дәлірек айтсақ, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 11-бабының 2-тармақшасына сәйкес үкімет басшысы қол қойған қаулыда «Осы қаулының қосымшасына сәйкес, жалпы ауданы 4831,86 гектар Сауран ауданының жерін қосу және жалпы ауданы 4716,29 гектар Түркістан қаласының жерін Сауран ауданының шекарасына қосу арқылы Түркістан қаласының шекарасы өзгертілсін. Бұл туралы мәслихат пен әкімдіктің қаулысына келісім берілсін» делінген. 
– Ұлт руханиятының кіндігі Түркістанда ежелден сауда мәдениеті де қалыптасқан. Облыс орталығы болып, халық саны көбейген сайын бұл салада да жұмыс жандана түскен болар?
– Иә, тоғыз жолдың торабы саналатын Түркістанда сауда саласы жақсы жолға қойылған. Ел еңбекқор, бизнеске бейім. Бүгінгі таңда қалада шағын және орта бизнеспен айналысатын субъектiлер саны 22309 болса, оның ішінде заңды тұлғалар – 1732, жеке кәсіпкерлер –19956, шаруа қожалықтары алты жүзден асып отыр. Қаладағы 33 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Ол игіліктен біздің қала тұрғындары да шет қалып жатқан жоқ. Бүгінде «Ырыс» микроқаржы ұйымы 104 млн. 200 мың теңгеге сегіз жобаны қаржыландырады. Негізі бізде туризмді дамытуға көбірек басымдық беріліп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының 1-бағыты аясында 17 жобаға 809 млн. теңге берілсе, тағы 13 жобаны жүзеге асыру үшін 273,8 млн. теңгеге кепілдік берілді. Сондай-ақ, 2,428 млрд. теңгеге 35 жоба субсидияланды. Ал, қарапайым заттар экономикасы бойынша 3 жоба 1,410 млрд. теңгеге субсидияланып, 1 жоба 160 млн. теңгеге кепілдендірілген.
– Отандық өнімді көбейту мақсатында өндіріс саласын жандандыру керек. Бұл жағы Түркістанда қалай жүзеге асып жатыр?
– Бір сөзбен айтқанда, жаман емес. Биылы жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі бойынша 6408,4 млн. теңгенiң өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 84,9 пайызды құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтар болсам, бүгінгі таңда 734,8 млн. теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 94,0 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін жоспар орындалады.
Жалпы, негізгі капиталға тартылған инвестиция 84.3 млн. теңгеге жетіп, 72,2 пайызды құрады. Оның ішінде, республикалық бюджет есебінен 25359,9 млн. теңге, жергілікті бюджет есебінен 41049,5 млн. теңге, меншікті қаражат есебінен 16591,4 млн. теңге, банк кредиттері есебінен 258,8 млн. теңге, басқа да қарыз есебінен 655,2 теңге болып отыр.
– Тазалық пен тәртіпті бір жүйеге келтіру үшін күнделікті қолымызға сыпырғы алып, көше тазалап жүру аздық етеді. Ол үшін тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастырған маңызды. Байқағанымыз, Түркістан облыс орталығы болғалы бері бұл жұмыстарға да ерекше мән беріле бастаған сияқты. Айтыңызшы, қала тазалығын қалай қолға алып жатырсыздар? 
– Рас айтасыз, қала таза болу  үшін әр бір тұрғын оны өз ауласынан бастауы керек. Бұл жұмыстар бүгінгі таңда біршама жолға қойылды. Жалпы, қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде 787 көшеге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Қалған көшелер қаланың ең шеткі аумақтарында орналасқандықтан үйлер әлі толық салынып бітпеген. Сонда да ол жерлердің тазалығын назардан тыс қалдырмаймыз. Қаладағы 787 көшенің 136-сы механикалық жолмен тазаланса, қалған 651 көше қолмен тазаланады. Оның қырыққа жуығы орталық маңызы бар көше болып саналады. Бүгінгі таңда санитарлық тазалық жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС мен «ШымкентСпецкомплекс» ЖШС атқарып жүр. Сонымен қатар, әр сектор тұрғындары жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасасу арқылы өз аулаларының таза болуына атсалысып келеді.
– Түркістанда су тапшылығы бұрыннан бар еді. Енді қала аумағы ұлғайған сайын суды бұрынғыдан да көп керек ететіні белгілі. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Түркістан қаласында тұрғындардың 98,9 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Яғни бүгінгі таңда қала бойынша 41 552 абонент бар. Әрине, тұрғындар саны көбейген сайын суға да сұраныс артады. Тұрғындарды тіршілік нәрімен толыққанды қамтамасыз ету жолдары қарастырылып, түрлі тетіктер ұсынылуда. Биыл төрт нысанның құрылысын аяқтауымыз керек. Бұл құрылыс жұмыстары аяқталған соң жыл аяғында тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 99,9 пайызды құрамақ.
– Тұрғындар саны артқан сайын қоғамдық көлік қызметіне де сұраныс артатыны белгілі. Жаңа қалаға заманауи автобустар әкелінгенінен хабарымыз бар. Бүгінде тұрғындарды қоғамдық көлік қызметі толыққанды қанағаттандыра ма, әлде тағы алу керек пе?
– Қазіргі уақытта 22 бағыт бойынша екі жүзден астам қоғамдық көлік қызмет етіп жүр. Атап айтқанда, «Жолаушы» ЖШС-і 16 қалаішілік бағытта, «ТехПрофАвто» ЖШС-і 6 бағыт бойынша қатынайды. Облыс орталығына айналғалы шаһарда жүзге жуық автобус жаңартылды. Соның ішінде 2022 жылы 28 автобус тасымалдаушы мекеме есебінен жаңаланса, биыл тағы 46 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда. Жаңа автобустар алынған жағдайда қалаішілік №4, 4а, 2а, 9, 9а бағыттарындағы шағын автобустар жаңа сыйымдылығы жоғары үлкен автобустарға ауыстырылады.
– Облыстық құрылыс басқармасын айтпағанда қалалық құрылыс бөлімі арқылы да біраз жұмыстар жүріп жатқан болар. Қазіргі таңда қандай жобалар қолға алынған? 
– Биылғы жылдық жоспарда Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тарапынан 11 нысанда жұмыс жүргізу қаралған. Бүгінде жоспар аясында бөлім 3 әлеуметтік нысан, 
4 абаттандыру құрылысында, 4 нысанда инфрақұрылым жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Өткен жылы алғашқы кірпіші қаланған қалалық Мәдениет үйінің құрылысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Бес жүз орынды көрермен залы бар нысанның 9 287 шаршы метр аумағына көгал егіліп, автотұрақ аумағымен де қамтылады. Одан бөлек, бөлім М.Тұрсынов көшесіндегі стадионды реконструкциялаумен айналысуда. Нәтижесінде стадионда 2050 орындық көрермен залы, автотұрақ аймағы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, шаһардағы 32 гектар жерге инженерлік-инфрақұрылым жүйесі тартылуда. Атап айтқанда, 4132 метрге су құбыры, 3490 метрге кәріз жүйесі, 8225 метрге электр желісі тартылмақ. Бұл жұмыстар да бүгінде қызу жүріп жатыр. «Арман» тұрғын үй кешенінде 5 қабатты 44 тұрғын үй мен Яссы көшесінде (2,98 гектар) абаттандыру жұмыстары атқарылғанын да айта кетейік. 

Сұхбаттасқан 
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
Ысқақ САДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

1 пікір

  • Аймаханбетова Фатима,қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі
    Аймаханбетова Фатима,қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі

    Саламатсыз ба әкім мырза мен Түркістан қаласының мұғалімімін, Сіздің атқарып жатқан жұмыстарыңызды бағалаймыз ,құптаймыз,қала әдемі көркейіп,сұлуланып келеді.Сол қаланың балдарын оқытып,білім беріп жүрген мұғалімдерге неге сыйақы (премия) берілмеді,ҚР өңіріндегі барлық қала мұғалімдері сыйақы алып жатыр, бұл мұғалімдерге мотивация,үлкен құлшыныс берер еді ,Сізден үлкен үмітіміз бар әлі де күтеміз

Пікір қалдырыңыз