Ауыл мәдениеті қайтсе дамиды?

«Театр киім ілгіштен басталады» демекші, ауыл мәдениеті де клубтан басталады. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы өлара кезеңде кейбір ауылдағы мәдениет үйлері жекеменшікке өтіп, кейбірінің есігіне қара құлып салынды. Соның бірі ретінде Созақ ауданы, Созақ ауылындағы жазғы клубты айтар едім. Кезінде 500-ден аса отбасы тұрған ауылда қазір мыңға жетеғабыл түтін тұрады. Біздің ауылдағы клуб та сол тоқсаныншы жылдардың аяғында жабылуға мәжбүр болды. Қазір оның орнында кәсіпкердің жеке балабақшасы тұр. Ауылға барған сайын сол клубтың орнын көріп, көңілімді мұң тербеп, көз алдыма балалық шағым келеді. Кейде біз өткенге оралсақ, сол дәуірді көксегендей боламыз. Шын мәнінде, олай емес.
Ауылға ерекше көрік берген сол жазғы клуб жетпісінші жылдары салынса керек. Дәл іргесінде үлкен саябақ болды. Жаз кезінде ауыл адамдары клубтан шыққаннан кейін сол саябақта демалып серуендейтін. Соның бәрі қызық еді. Бала кезімізде өзіміз осы сахнадан қазақтың аңызға айналған сүйікті әншілері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, театр әртістері Әнуар Молдабеков, Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді теледидардан ғана тамсанып көретін аға-апаларымыздың жүзін бетпе-бет көріп, өнерін қызыға тамашаладық. Ол кезде клубта күнде кино қойылады. Бала болсақ та кинодан қалмаймыз. Ал, ауылға үнді киносы келсе, кішігірім той болатын. Қазір осы оқиғалардың бәрі тарих, тіпті, ертегі секілді көрінеді. Міне, ауылдық клубтар осындай мазмұнды кештерімен қаншама адамға ізгіліктің дәнін сеуіп, өнерді сүюге тәрбиеледі. Ал, бүгінде қоғам басқа дегенімен, ауылдағы мәдениет үйлерінің орны бәрібір бөлек екендігін түсінуі керек. Бұл мәселе Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда қозғалып, ауылдағы клуб, мәдениет үйлерінің бүгінгі жай-күйі ортаға салынды. Ұлттық құрылтай мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалдының айтуынша, ауылдағы мәдениет үйлері бүгінде ауыл әкімдерінің жиналыс өткізетін залы іспетті.
– Мәдениеттің тамыры таралмаған сала қалмауы керек. Соның ең бір ауқымды тармағы ауыл деп білемін. Мен соңғы жылдары ауылдарды көп араладым. Өкініштісі, сол ауылдардағы мәдениет үйлері түгелімен жабық тұр. Қағаз жүзінде небір керемет жобалар жасалып жатыр. Шындығына келсек, ауылдағы бүгінгі мәдениет үйі ауыл әкімінің жиналыс өткізетін залы ғана. Бізде қалыптасып қалған қасаң қағида бар, мәдениет үйін тек концерт өткізетін зал деп ұғынамыз. Мәдениет үйі деген есігі жабылмайтын үлкен орталық болуы керек. Ішінде үйірмелер, қуыршақ театры, кітапхана, шағын кинозалдары үнемі жұмыс істеп тұруы тиіс. Әлем жаһандық мәдениетке бой ұрып жатқан шақта біз әлі ауыл және қала мәдениеті деп бөлінеміз. Соның аражігін біріктіріп, жаһандық мәдениетке қадам басып, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен ауыл мәдениетін көтеруіміз керек, – деді өнер өкілі.
Расында, ауылға қатысты бірқатар мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Ауыл мәдениетін өрістету үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау қажет. Атап айтқанда, бүгінгі ауыл мәдениетінің жетістігі мен олқылығы жан-жақты зерттелуі тиіс. Осы ретте біз облыстық мәдениет және туризм басқармасына хабарласып, ауыл клубтарының жағдайын сұраған едік.
– «Бүгінгі таңда облыс көлемінде 5 аудандық мәдениет сарайы,
11 аудандық мәдениет үйі, 92 ауылдық мәдениет үйі және 251 ауылдық клуб халыққа мәдени қызмет көрсетеді, – дейді басқарма қызметкері Тұрсынай Шәметова. – Осы клубтарда 889 үйірме мен көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істесе, олардың ішінде халықтық атағы бар 37 ұжым бар. Дегенмен, олардың материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталуы сын көтермейді. 64 клубта музыкалық аспаптар мен аппаратуралар жоқ. Жеке ғимараты болмағандықтан, Қазығұрт, Келес және Бәйдібек аудандарындағы клубтар  жекеменшік ғимараттар мен мектептерде жұмыс істеп жатыр. Тіпті, басқасын айтпағанда, Түркістан қалалық мәдениет үйінің жеке ғимараты жоқ. Сондай-ақ, бүгінге дейін апатты жағдайда тұрған 7 клуб жұмысын тоқтатса, 2000-нан аса тұрғыны бар 85 елді мекенде бірде-бір мәдениет ошағы жоқ. Бұл ауылдарға мәдениет үйлерін салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Соңғы үш жылда 16 клубқа ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілсе, жаңадан 7 мәдениет үйі салынып, ел игілігіне берілді».
Әрине, тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңдегідей емес, ауылдың жағдайы бүгінде біртіндеп түзеліп келеді. Ел еңбекке бет бұрып, тұралаған шаруашылықтардың түтіні қайтадан түзу шыға бастады. Мәдени тұрғыдан алғанда да оңды өзгерістер жоқ емес. Жабылған кітапханалар мен ауылдық клубтардың бірқатарына қайтадан жан біте бастады. Бірақ, осыған малданып, орны толмас олқылықтарға көз жұмып қарауға болмайды. Дәл қаладағыдай сәнді сарай, театр, кинотеатр, саябақ салып тастамасақ та, ауылдағы мәдениет үйлерін қайта жандандырып, жергілікті халықтың мәдени демалысын дұрыс ұйымдастыра білсек, құба-құп болар еді. Сондай-ақ, клуб ішінен домбыра, әдебиет, театр үйірмелерін ашып, ауыл жастарын өнерге баулу қаншама таланттың талабын ұштап, қанатын қатайтар еді. Себебі, осы күні ел аузында жүрген өнер шеберлерінің қай-қайсысы болсын, кезінде сол ауыл сахнасынан түлеп ұшқандарын сағынышпен еске алады. Бір анығы, бүгінде танымал өнер иелері, театр ұжымдары ауылға сирек келеді. Қаржы мәселесі өз алдына, мұндағы негізгі себептердің бірі – ауылдық клубтарда үлкен ұжымдар мен өнер шеберлерінің лайықты өнер көрсетуіне қолайлы жағдай жоқ. Қыста – қақаған суық, жазда – аптап ыстық, одан қалса, залдағы акустиканың сапасы сын көтермейді. Әйтеуір толып жатқан олқылықтар. Осының салдарынан ауыл жұртшылығы жан-жақты мәдени ақпарат алу, театр, кино өнеріндегі жетістіктерден сырт қалып отыр. Соңғы уақытта шыққан қазақ киноларының ауыл көрерменіне жеткені некен-саяқ.
Өкінішке қарай, мемлекеттік саясаттың саясат пен экономиканы ғана емес, мәдениетті де ауқымды түрде қарастыруы қажет екендігін ескере бермейміз. Рас, ауылдың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін жандандыруға бағытталған «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға» тәрізді жобалар қолға алынып та жатыр. Бірақ, мұндай құптарлық қадамдар бір реттік, уақытша ғана шаралармен шектелмей, жалғасын тауып жатса, игі еді. Сондықтан ауыл мәдениетін одан әрі дамыту жөнінде мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама әзірлеудің қажеттілігі айқын аңғарылып тұр.   

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз