Жеңістің де жеңісі, жеңілістің де жеңілісі болады

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әлемде орын алып жатқан геосаяси оқиғалар спортты да айналып өткен жоқ. Ресейлік және белоруссиялық спортшылар бірқатар жарыстардан шеттетіліп жүр. Оның салқыны ойыншыларының басым көпшілігі Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын біздің құрамаға да тиді. Тура әлем чемпионаты басталардың алдында Ресей, Беларусь азаматтығы бар спортшылар мен бапкерлер жарыстан шеттетіліп, біздің құрамаға «өткелде ат ауыстыруға» тура келді.


Біздің құраманың бапкері Андрей Скабелканың Беларусь елінің азаматы екені белгілі. Осыған байланысты жарысты ұйымдастырушы Латвия мен Финляндия оны елдеріне кіргізуден бас тартты.  Сөйтіп аяқ астынан біздің құраманы баптауға өзіміздің маман Ғалым Мәмбетәлиев кірісті. Ол осы маусымда ғана «Номад» хоккей клубын ел чемпиондығына жеткізген-ді. Оған 2018 жылы ұлттық құрамада жұмыс істеген тәжірибесі бар Ерлан Сағымбаев, Александр Высоцкий, Александр Шимин және Александр Березенский секілді мамандар көмектесті.

«Өткелде ат ауыстырдық» дегенді текке айтқан жоқпыз. Әлем чемпионатын ұйымдастырушылар тарапынан шектеу болған соң бірқатар ойыншыға Қазақстан азаматтығына өтуге тура келді. Ал, Егор Петухов, Антон Сағадеев, Леонид Метальников пен Алексей Маклюков секілді «Барыс» хоккейшілері азаматтық алудан бас тартты. Жарақатына байланысты Егор Шалапов, отбасылық жағдайына байланысты Павел Аккользин әлем чемпионатына бара алмады. 

Есесіне «Барыс» хоккейшілерінің көлеңкесінде қалып, өздерін көрсете алмай жүрген жергілікті ойыншыларға жол ашылды. Мәмбетәлиев бапкерге жақсы таныс «Номад» ойыншылары Батырлан Мұратов, Станислав Александров, Олег Бойко, Артем Королев, Абай Маңғысбаев, Әлихан Өмірбеков, Алдияр Нұрлан, Мәди Диханбек, Максим Мұхаметов құрамаға ілінді. Сонымен қатар «Сарыарқа» клубының шабуылшысы Саян Данияр мен мұхиттың арғы жағында өнер көрсетіп жүрген Андрей Буяльскийге тамаша мүмкіндік туды. Темирлан Гайтамиров пен 19 жастағы Дінмұхамед Қайыржан «Барыс» клубынан қосылды.

Бұл жігіттердің шеберлігі «Барыс» және ұлттық құрама сапында шайба қуып жүрген хоккейшілерден кем еді деп айта алмаймыз. Тәжірибе жағынан кем түседі демесеңіз, ұлттық құрамаға ілінуге мүмкіндік таппай жүрген шеберлер-тін. Тура әлем чемпионатының алдында осындай ротацияға ұшыраған біздің құраманың осы жарыстағы ең басты мақсаты – элиталы дивизиондағы орнын сақтап қалу болды.

Жыл басында АҚШ-та өткен универсиада ойындарында Ғалым Мәмбетәлиев баптаған Қазақстан хоккей құрамасы қарсыластарын ойсырата жеңіп (Ұлыбританияны 15:1, Венгрияны 9:1 ), көпшіліктің назарын аударған. Алайда, плей-оффта жолдары болмай, 4-орынға табан тіреген еді. Сол сәтте Максим Мұхаметов 6 шайба, 9 ассист жасап, универсиаданың ең үздік сұрмергені атанды. Батырлан Мұратов – 6 шайба, 5 ассист, Саян Данияр – 4 шайба, 6 ассист, Максим Мусоров – 4 шайба, 5 ассист, Руслан Демин – 1 шайба, 6 ассист, Мәди Диханбек – 7 ассистпен ТОП-30 хоккейшінің қатарына кірді. Универсиадада өнер көрсеткен 9 хоккейші осы әлем чемпионатында ойнады.

Осы әлем чемпионатында 10 хок­кейшіміз өздерінің дебюттік ойындарын өткізді. Мұндай ірі жарыста ел намысын алғаш рет қорғап тұр демесеңіз, олар да «сен тұр, мен атайын» ойыншылар болатын. Атап айтсақ, Максим Мұхаметов 58 ұпаймен Қазақстан чемпионатының ең үздік сұрмергені атанған. Ол осы әлем чемпионатында 3 шайба салды. Ал, Батырлан Мұратов 15 ұпаймен Қазақстан чемпионатының плей-оффында ең үздік ойыншы атанған болатын. Ол бұл әлем чемпионатында 1 шайба салып, 

3 рет нәтижелі пас берді. Сонымен қатар 19 жастағы Дінмұхамед Қайыржан биыл «Барыс» клубында 62 ойын өткізіп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Ал, Темирлан Гайтамиров «Барыс» сапында – 31, «Номад» клубында 13 ойын ойнаса, Максим Мусоров Ресейдің «Химик» клубында 44 ойын өткізген.

Біздің құрама осы чемпионатқа барған ең жас командалардың бірі болды. Біздің құраманың орташа жасы – 24,2 жасты құрады. Сондықтан да көптеген спорт сарапшылары Қазақстан құрамасын осы чемпионаттың ең басты аутсайдері қатарына кіргізіп қойған. 

Ұлттық құрама сапынан бір чемпионатта алғаш рет 2 қазақ хоккейшісі шайба салды. Жалпы, жоғары дивизионда 4 қана қазақ (Талғат Жайлауов, Әлихан Әсетов, Әділ Бекетаев, Батырлан Мұратов) шайба салған. 

Айта кетерлік қызықты жайт, біздің құрама әлем чемпионатында 6 рет матч соңындағы буллитке дейін барып, тек 1 рет жеңілген екен. Оның бәрінде құрама сапында Роман Старченко болған. Тағы бір қызықты дерек, осы чемпионатта жеңген 3 ойында да біздің құрама жеңіліп тұрып, жеңісті жұлып әкетті.

Сонымен 7 ойында 8 ұпай иеленген біздің құрама өз тобында 6-орынға ие болды. Осылайша элиталы дивизиондағы орнын сақтап қалды. Қазақстан құрамасы алғаш рет төртінші мәрте элиталы дивизионда қалып отыр. Бұған дейін 2004, 2005, 2006 жылдары үш жыл қатарынан жоғары дивизионда ойнаған. 

Осы чемпионатта біздің құрама қақпасына 31 шайба өткізіп алып, бұл антирекорд бойынша үштікке кірді. Жоғары дивизионда ең көп шайба өткізген құрамалардың қатарында Венгрия (37 шайба) мен Франция (31 шайба) бар. Ал, өздері қарсылас қақпасына 14 шайба салған. 

Жалпы, бұл чемпионаттағы ірі жеңілістердің өзі тәттірек көрінді. Өйткені, біздің құрама бұл жарысқа тәжірибесі аз жергілікті жастардан құралған команда апарды. Соның өзінде біздің құрама бұрын жеңіп көрмеген Норвегия, Словакия сынды құрамалардың осал тұсын таба білді.

Пікір қалдырыңыз