Діни тұрақтылық жайы қозғалды

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Е.Нүкежанов бекіткен жоспарға сәйкес, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы (РАТТ) мүшелерінің қатысуымен облысымыздың аудан, қалаларында кездесулер өтті. Бұл кездесулердің негізгі мақсаты – дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Кездесулерде ұлттық және рухани құндылықтар, ұлттық тәрбие үлгілері, адами қасиеттердің маңызы кеңінен талқыланды.

Республикалық РАТТ мүшелері  Қызылорда облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Оспанов, Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры М.Халықов, Алматы облыстық «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ директоры С.Жаңабай, Ұлытау облыстық «Діндерді зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Ж.Рахымбердиев облыс тұрғындары мен түрлі сала қызметкерлерімен кездесіп, діни тұрақтылық жайында ой қозғады. 

«Нұр-Мүбарак» ЕИМ университетінің кафедра меңгерушісі А.Рыскиева, исламтанушы-журналист А.Кеңесбаева, магистр оқытушы, сарапшы А.Қалқаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы, дінтанушы Ж.Қаңтарбаева, Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінің ұстазы З.Үсенова облыстағы қыздар мен әйелдер қауымына ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізді. Сонымен қатар, «Дін мен дәстүр», «Діни ұйымдардың адам санасына, оның ішінде әйел адамға әсері», «Исламдық бағыттағы деструктивті ағымдар» тақырыптары бойынша сөз қозғалды.

«Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор – мемлекет. Сондықтан осы мемлекеттік іске салғырт қарамай, ұлттық идеяның негізгі бағыттарының тетіктерін жасау қажет. Ал, ұлттық идеологиямыз әлсіз болса, барлық салаға өзінің кері ықпалын тигізетіні шүбәсіз» деген Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Медет Халықов ұлттық идеологиямызды жандандыру маңызды екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, РАТТ мүшелерімен өткен кездесулерге 4 мыңнан астам облыс тұрғыны қатысып, жалпы саны 40 кездесу өткізілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз