«Әке көрген оқ жонар...»

Әбдімәлік БЕЛГІБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Кезінде аудандық полиция бөлімінде 28 жыл абыройлы қызмет етіп, майор шенінде зейнеткерлікке шыққан сыйлы азамат Дәуренқұлов Нұрмахан Боранбайұлының ұлы Мұса да бүгінде әке жолын қуып, қоғам тыныштығын күзетуде.

Уақтысында «Ауданның  үздік полиция қызметкері» атанған Нұрмахан Дәуренқұловтың талапты да білімді ұлының еңбегі де жеміссіз емес. Мұса аудан орталығындағы Ш.Қалдаяқов атындағы орта мектепті үздік бітіріп, 2009 жылы Түркістандағы «Болашақ» колледжінен және 2014 жылы Шымкенттегі ОҚПУ-дан заңгер мамандығын алып шықты. Көп ұзамай әскери борышын Қарағанды қаласында абыроймен өтеп қайтты. Мұнда да үздік студент, мықты спортшы атанып, талай марапатқа ие болды. Еңбек жолын 2015 жылы Астана қаласында бастады. 2018 жылы Астана қалалық полиция департаментіне қарасты Байқоңыр аудандық полиция бөліміне учаскелік полиция қызметкері болып жұмысқа орналасты. Жан-жақты білімді жігіт бұл жерде де өзін жақсы қырынан таныта білді.
Мұса Нұрмаханұлы, 2019 жылы туған жеріне оралып, содан бері қызығы мен қиындығы қатар жүретін, өзі өмірлік жолым деп қалаған полиция саласында еңбек етуде. 2023 жылы өзіне бекітілген әкімшілік аумақта екі қылмысты ашып, кінәлілер ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 1-тармақшасына сәйкес лайықты жазаларын алды.
Полиция аға лейтенанты Мұса Нұрмахан-ұлы 2020 жылы Отырар ауданының «Үздік полиция қызметкері» атанды. Оны сол кездегі аудан басшысы құттықтап, сый-сияпат жасаған-ды. Жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан Мұса Нұрмаханұлының мұнан кейін де табыстан табысқа жете беруіне тілектеспіз.
Пікір қалдырыңыз