Әлем қазақ қызы Қасиеттің дарынына тәнті

NIS оқушысы Қасиет Әділбай Канада, Оңтүстік Корея, Америкадағы жоғары оқу орындарымен қатар Венгриядағы үздік жоғары оқу орындарының да толық грант иегері атанды. Химия-биология бағытындағы мектептің 12-В сыныбында оқитын Қасиет әлем елдеріне 19 ғана грант бөлетін International Scholars бағдарламасына түсіп, University of British Columbia-ның толық грантын ұтып алды. Айта кетсек, аталмыш университет әлемдегі ең үздік 40 жоғары оқу орнының қатарына кіреді.
Сонымен қатар, Қасиет Оңтүстік Кореяның үздік университеттерінің бірі UNIST-қа толық грантқа түсті. Университет әр жыл сайын шетелдік оқушыларға тек 15 орын ғана бөледі. Сол орынның бірі Қасиетке бұйырды.
Қасиет онымен ғана шектелмей, АҚШ-тағы Northwestern University-дің Катардағы филиалына да грант ұтып алды.
Міне, осылай Қасиет Әділбайға Канада, Оңтүстік Корея, АҚШ-пен Венгрияның ең беделді білім ордалары толық грант ұсынып отыр. Атап айтсақ, Қасиетке төртінші шақырту Венгрияның ELTE университетінен келді. Қасиетке енді осы беделді оқу орындарының бірін таңдау ғана қалып тұр.
Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.