Биік кісі...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақ жақсы көрген адамына түрлі ат телиді. «Ол көшелі кісі ғой», «сырбаз адам», «көргенді кісі», «зат екен», тіпті, «ол адам ғой» деп жатамыз. Әрине, бәріміз де адамбыз деп жүрміз. Алайда, қандай адамбыз, оны бір Алла, сосын айналамыз біледі. Сондықтан да адамгершілігі мол, жүзінен мейірім-шапағаты төгіліп тұратын, қамқор, жүрегі кең адамдарды сипаттағанда үлкен-кіші «Ол адам ғой!» деп таңдай қағады. Сол сияқты «Пәленше биік кісі ғой» деп айтылатын да сөз бар. Бұл  сөз әңгіме етіп отырған адамның бойына емес, ойына, жүріс-тұрысына, зеректігі мен зейініне, өзгелерден оқшау парасат-пайымына, жүрген ортасындағы беделінің биіктігіне қарап айтылады. «Пәленше биік кісі ғой» деген сөз екінің біріне айтылмайды, кісінің кісісіне ғана бағышталып айтылады.

Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов туралы сөз бола қалса, осы теңеу еске түседі. Шын мәнінде ол ойы да, бойы да биік кісі...
Қабылбек Аманбекұлы жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен соң еңбек жолын Созақ аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып бастады. Жалындаған жастық жігермен жұмысына бар ынта-жігерімен кірісті. Оның бойында Ғани Мұратбаевтың, Павел Корчагиннің от-жалыны бар еді. Кешегі кеңес кезінде «Бір адам барлығы үшін, барлығы бір адам үшін» деген жалынды ұран болатын. Осы ұранды негізге алып, партия мен үкімет жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиеледі. Патриотизмнен сусындап өскен жас өркеннің бойында ертеңге деген нық сенім қалыптасты. Романтикаға толы жылдар еді бұл. Кейінгі толқын ішінен небір таланттар мен талаптылар шығып жатты. Олар үлкен ерліктер жасады.
Міне, сол буынды Қабылбек сынды жастар жетекшілері отансүйгіштікке, ерлікке, бауырмалдыққа, ізгілікке, мәдениеттілікке тәрбиеледі. Біздің кезімізде жоғары сынып оқушылары комсомолға қабылданатын. Кеудесінде қызыл төсбелгісі бар олар төменгі класс оқушыларына ерекше жандар сияқты болып көрінуші еді. Соларға ұқсағымыз, ертерек ер жеткіміз келетін. Жастардың жүрегіне от жаға білген Қабылбек сияқты жетекшілер сол жастармен бірге өздері де шыңдалды, шынықты. Қандай да жетекшінің ең басты көрсеткіші ұйымдастыру қабілетіне қарап бағаланды. Бұл ретте Қабылбек алдына қара салдырған жоқ. Кеңестік кезеңде жастарды комсомолда шыңдап, кейіннен қабілет-қарымына қарай партиялық жұмыстарға жіберетін. Кейіпкеріміз бұл сындарда саңлақтар қатарынан табылды.
Жігерлі жас көп ұзамай ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатылды. Ал, 1978 жылы Созақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. «Ай-хой, жиырма бес!» деп бабаларымыз аһ ұрып аңсап кеткен осы жасында Қабылбек қыран биік шыңды осылай бағындырды. Осы жылдары Созақ ауданының жүрегінде оты бар көптеген жастары облыс, республика көлемінде жарық жұлдыздай жарқырап көрінді. Олардың алды Мәскеуде өткен бүкілодақтық фестивальге қатысып қайтқаны ұмытыла қойған жоқ.
Өткір мінезімен, батылдығы мен өжеттілігімен, қайсарлығымен, ұшқыр ой, терең білімімен ерекшеленген ол аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Ол аудандағы ең жас бюро мүшесі болды! Аудандағы барлық мекеме, ұйымдардың, бірлестіктердің тағдыры аудандық партия комитетінің бюросында шешілетін. Қабылбектің алдында талай мен деген кеңшар директорларының, мекеме басшыларының тізелері дірілдегенін замандастары жақсы біледі.
Бала қыранның қанаты қатайды. Енді оны аудандық партия комитеті «Сызған» кеңшары партия комитетінің хатшысы етіп жіберді. Сол заманның талабы бойынша партком хатшысы кеңшардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосумен қатар саяси тұрақтылықты сақтауға, еңбекшілерді ортақ мүддеге жұмылдырып, ішкі татулықты қалыптастыруға, жоғарғы органдардың шешімдері мен қаулыларын бұқара халыққа күнделікті жеткізіп тұруға міндетті еді. Жауапкершілік жүгін сезіне білетін ол бұл сыннан да сүрінген жоқ.
Ендігі ретте Қабекең жоғары партия мектебінде білімін шыңдады. Оқудан оралған соң Созақ аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып тағайындалды. Ал, бұл міндет кез келген коммунистке жүктелмейтін. Ары таза, жүрегінде иманы бар, ой-өрісі, білім-бітігі биік кісіге ғана сеніп тапсырылатын қызмет еді ол.
Қабылбек Аманбекұлы аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, «Жартытөбе» кеңшарының директоры, «Жартытөбе» өндірістік кооперативінің төрағасы, Құмкент ауылдық округінің әкімі, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде жүргенде соңынан бір жаман сөз ілестірген жоқ.
Жастайынан комсомолдың қазанында қайнап, тәртіп пен жауапкершіліктің жүгін сезініп өскен ол қай қызметте жүрсе де өзіне де, өзгеге де жастайынан қалыптасқан дағдысымен қызметтік мүддесіне сай қатаң талап қоятын. Бәлкім осы талапшылдығынан болар, қызметтестері оны «Қабыл – Корчагин» деп те атады. Шын мәнінде ол темірдей тәртіптің адамы. Басшылық қызметтерде жүргенде Қабекең айналасына мықты жігіттерді топтастыра білді. Олардың барлығы шарболаттай шыңдалып шықты. Осы жерде Қабылбек Еспенбетовтің шәкірттерін санамаласақ, мұны газет көлемі көтермейді. Екіншіден, кейбірі қалып кетсе, өкпесі бізге артылады.
Тағы бір тиянақтап айта кетер жайт, Қабылбекке темірдей тәртіп пен жауапкершілік әке қанымен келген. Аманбек ата сұрапыл соғыс жылдары батыр барлаушы болыпты. Әбекең жау тылына кіріп, «тіл» әкелгенде нағыз батырлықтың, әбжілдіктің үлгісін көрсетеді екен. Командирлері ең қауіпті жерге қазақ батырын жіберіп отырған. Мұны Аманбек Еспенбетовтің сол соғыста екінші және үшінді дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталғаны да растайды. Енді осы орденнің бірінші дәрежесін алғанда Кеңес Одағының Батыры атағымен тең болар еді.
Бабаларымыздың «Әке көрген оқ жонар» деген сөзі қалай дәл айтылған десеңізші! Қабылбектің де кеудесі орден- медальдарға толы. Аманбек – соғыс батыры болса, Қабыл-бек – еңбек батыры!
Созақ ауданының құрметті азаматы, бірнеше мемлекеттік марапаттың иесі Қабылбек Еспенбетов зейнеткерлікке шыққаннан соң да қол қусырып қарап отыра алмады. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды. Қазір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қоғамдық жұмыс саналғанымен, мұның да иыққа артар жүгі аз емес. Аудан бойынша алты мыңға жуық зейнеткер бар. Осынша қарияның оябын табу, оларға қамқорлық көрсету, басқа да толып жатқан іс-шаралар ұйымдастыру оңай шаруа емес. «Ақылды қария – ағынды дария!». Олардың мол тәжірибелерін, тәлім-тәрбиелерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру жолында да ұйымның атқарып жүрген жұмысы ұшан-теңіз. Аудандық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен жыл сайын бір топ қария республикамыздың көрікті қалаларына, киелі орындарына саяхаттап қайтады. Жасы егде тартқан жандар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Біз Қабекеңнің үзеңгілес достары, қызметтес болған кісілермен сұхбаттасқан едік.
Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ, Созақ ауданының бұрынғы әкімі, Түркістан облыстық КХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
– Қабекеңмен мектепте қатар оқыдым, дос болдым. Біздің балаларымыз да бірге өсті. Біз қиын заманда жұмыс істедік. Кеңес өкіметі тараған жылдары біз шаруашылықтарды ыдыратпай, сақтап қалуға тырыстық. Сол қиын кезеңнің өзінде мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 110, ауданның 80 жылдығын лайықты атап өттік. Бұған Қабылбек көп еңбек сіңірді. Қабылбек мемлекетшіл, досқа адал азамат.
Салыхан ПОЛАТОВ, Созақ ауданының бұрынғы әкімі:
– Мен Қабекеңді облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары кезімнен білемін. Сәтін салып, Созақ ауданының әкімі болып барғанымда онымен етене араласып, қызметтес болдым. Қабылбек Аманбек-
ұлын іскер, жұмысқа берілген азамат ретінде таныдым. Ол үлкенге іні, кішіге аға бола білетін жан. Елдің бірлігі, татулығы жолында ат үстінен түспей жүрген атпал азамат.
Иә, Қабылбек Еспенбетов қай жағынан алып қарасаңыз да биік кісі. Оған ешкім таласа алмаса керек.
Жуырда ағамен тағы да кездесіп қалдым. Шашына ақ қырау түскені болмаса, сол қалпы. Өз биігінде тұр.

Созақ ауданы.
Пікір қалдырыңыз