«Мен оның мықты ақын екенін білдім»

Сен барда өртең едi ғой
Гүлдерi мына адырдың.
Гүлден де көркем едiң ғой,
Қайдасың бүгiн, қадiрлiм?

Сен барда таулар паң едi-ау,
Биiкке жүрдiк құмартып.
Дидарың атқан таң едi-ау,
Аяулым, сенен кiм артық?

Сен барда сырлы едi ғой,
Сыбдыры сыпсың құрақтың.
Сен барда нұрлы едi ғой
Ай жүзген бетi бұлақтың.

Жайдары, жарқын паң көрiк –
Бақыты ма едiң бұл үйдiң?!
Бейнеңдi жансыз әл көрiп,
Өзiмнен өзiм жымидым...

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен дарабоз ақын Өмірзақ Қожамұратов осы өлеңін жан-жары Ұлман Абдықадыроваға арнаған екен. Ұлман апамыз Ордабасы ауданы, Бөген су қоймасында 1941 жылы дүниеге келген. Шымкент кооперативтік техникумында оқып, есепші мамандығын алып, Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай бітірген. Бес-алты жыл сауда саласында, кейінірек аудандық Мәдениет үйінде есепші қызметін атқарған, қырық жылдық еңбек өтілі бар еңбек ардагері. Арқалы ақынмен азды-көпті бірер жылын бірге өткізіп, ұрпағын өрбіткен қадірлі ана бүгінде Темірлан ауылында тұрады. Арнайы іздеп барған бізді сексеннен асқан кейуана көңілді қарсы алды. «Былтыр біраз ауырып қалдым. Көп жағдай есімде болмауы мүмкін» деді ағынан жарылып. «Өмірзақпен Мәдениет үйінде жұмыс істеп жүргенде таныстым» деп бастады әңгімесін. 

– 1968 жылы Темірландағы Мәдениет үйінде қызмет атқаратын Тұрмаханбетов Бердуалы деген әріптес ағамыз болды. Ол кісі Өмірзақпен Сарыағашта танысқан екен. Кейінірек әлдебір жұмыспен бе, әлде арнайы келді ме, білмеймін, Өмірзақ Темірланға Бекеңнің үйіне келіпті. Сол сапарында маған көзі түскен болу керек, айналшықтап жүрді. Менің алғашқы күйеуім Елшібек Тұрсынбеков бес-алты жыл бұрын қайтыс болып, бір баламен қалған едім. 
Бір күні үйге Өмірзақ, Қамардин Бектұрсынұлы және Көктөбе ауылының Шопақов деген жігіті (атын ұмыттым) үшеуі кіріп келді. Үйде қонақтар бар еді. Алматыдан әкемнің ағасының қызы Райхан әпкем келіп отырған. Бір ауданда жұмыс істейтін болғандықтан Қамардинді бұрыннан танитынмын. Ол Өмірзақты үйдегі кісілермен таныстырды. Өмірзақ аздап қызулау болса керек, лепіре сөйлеп, Райхан әпкеме бірнеше өлеңін оқыды. Қамардин Өмірзақты мақтап отыр. Қонақтардың мені айттырып келгенін білген соң Райхан әпкем «жақсы жігіт сияқты. Ұлманды осы жігітке ұзатайық» деді анама. Менің әкем соғыста хабарсыз кеткен, анам Нәзікүл 25 жасында бес баламен жесір қалған, көп сөйлемейтін, салмақты кісі еді. Әпкемнің ұсынысына үндеген жоқ. Мен де пәлендей мән бермедім. Тек кейінірек Бердуалы Тұрмаханбетов: «Ұлман шырағым, Өмірзақ Мәдениет үйіне келгіштеп кетті ғой» деп жымиып күлді. Сөздің қысқасы, ақырында Өмірзақпен қол ұстастым.
– Ақындар да кәдімгі пенде ғой. Олардың да артықшылығы, пендешілігі, кемшілігі, жақсылы-жаманды қыры көп. Олардың қыр-сырын жанындағы жұбайынан артық ешкім білмесе керек, Өмекең қандай адам еді?
– Әрине, ақындардың да пендешілігі болады. Олар елдің алдында жүрген соң көзге тез түсіп қалады. Әйтпесе солардың жасаған артық-кем қылығын басқалар да жасайды ғой.
Өмірзақпен заңды некеге тұрған жоқпыз. Бір жастықта басымыз түйіскен соң, ақынның туған жері Тамдыға жолға шықтық. Оның нағыз мінезін осы жолы байқадым. Ол жылдар ащы су елдің санасын билеп, ырқынан айырып алған кез еді. Ақындар, жасыратыны жоқ, көп ішетін. Өмірзақ та бұл «өнерден» құралақан емес екен. Ішіп алса мінезі шатақ. Мені қызғанып, сырт көзден жасырғысы келіп, әр купеге бір тығады. Тіпті жолсеріктер айдалада түсіріп кете жаздады. Әупірімдеп ауылына жеттік.
Өмірзақтың әкесі жеті-сегіз ағайынды екен. Солардың арасында көзі тірісі Төремұрат ақсақал төрде отырды. Төремұраттың кемпірі маған қағаберісте: «Қызым, Өмірзақ өте жақсы бала еді. Ащы судың кесірінен көп зиян шегіп жүр. Мінезі де оңып тұрған жоқ. Өзің бір еліктей ғана өрім қыз екенсің. Әлде де болса ойланып, еліңе жетіп алғаның жөн» деді маған. Кейінірек білсем Өмірзақ ауылынан бір кетсе себеп-салдарсыз айлап жоғалып кетеді екен. Ол ешкімге есеп бермейді. Сұрағанды ұнатпайды. Жалғыз Сәуле деген әпкесінен ғана тартынады. Басқалар Өмірзақтан қашып жүреді. Әсіресе ішкен кезіндегі мінезі өте қиын, тұтас ауылдың апшысын қуырып жібереді. Тамдыда көп тұрмадық. Он-он бес күннен кейін кенеттен жетіп келді де: «Ұлман, киін, Темірланға кеттік» деді. Апасы марқұм баласының мінезін жақсы біледі ғой, қарсы болған жоқ.
– Отбасы болған соң тамақ, киім керек. Өмекең жұмысқа тұрды ма?
– Темірланға келген соң мен бұрынғы жұмысыма қайта оралдым. Ол жұмыс істеген жоқ. Бірақ ақшасыз жүрмейтін. Қаламақысын алатын болса керек. Ол кезде жас едім, ештеңе сұрамайтынмын, шынын айтқанда қорқатын да едім. Сосын ол үйде тұрмайды. Қайда кеткенін, қашан келетінін білмейсің. Қайдан келгенін сұрасаң да айтпайды.
Бір күні оның тағы бір қыры ашылды. Біреулер жұмысқа телефон соғып, Өмірзақтың қызу күйде көшеде біртүрлі қылық көрсетіп жүргенін айтты. Ол кезде Темірланда Қанаселов, Әбентаев деген жақсы кісілер бар еді. Сол үлкендер ақылдасып: «Ол жігіт Өзбекстаннан келген қонақ қой, Ұлманға машина тауып берейік. Тиісті жеріне жеткізіп алсын» деп маған машина берді. Келінім екеуміз Сайрамдағы ауруханаға алып бардық. Өмірзақ өзінен-өзі «ойбай, жылан келе жатыр. Ұлман, қаш, бері тұр, ана жағыңда жылан келе жатыр» деп шошына берді. Мен қорқып ауылына: «Өмірзақ ауырып қалды» деп жеделхат жібердім. Сөйтсем туыстары оның бұл дертінен хабардар екен. Ертеңгісін анасы Зылиха мен інісі Әжмахан келді. Енем өте ақылды, жақсы адам болатын. Дәрігерлер: «Апа, балаңызды қалдырып кетіңіз. Біз емдейміз, көп ішкендіктен шараптың қызуы аздап өтіп кетіпті» деді. Апам көнгендей сыңай танытып еді, Әжмахан: «Далаға тастай алмай жүрген бауырым жоқ. Алып кетемін. Ол жақтан да қатын табылар» деп даурығып кетті. Дәрігер: «Әй, бауырым, дарылдама. Тым құрыса сен ішпей келсең қайтеді?» деп ұрсып тастады. Ақыры олар Өмірзақты алып кететін болды. Өмірзақ менен айрылғысы келмей қолыма жабысып алған. Апам: «Балам, келін осы жақта босанып алсын. Сосын декретный отпускі алып, артыңнан келеді» деді алдарқатып (Ол кезде қызым Зәуреге жүкті едім). Өмірзақ: «Жоқ, Ұлман келмейді. Бұл келмей қалады» деп ұзақ уақыт жібермей тұрды. Біраз жерге ұзап барып, қайтадан жүгіріп келіп, қапсыра құшақтап, «Ұлман, шынымен артымнан келесің бе? Ұмытып кетпейсің бе?» деп қайта-қайта сұрайды. Апам жылап тұр. Ақыры олар кетті, мен қалдым...
Кейін қызым Зәурені босанғанда бір мәрте іздеп келді. «Ашхабадтан келе жатырмын. Алматыға кітабымды баспаға тапсыруға барамын» деді. Өзі қызу екен, қоярда-қоймай қызын бесіктен босатып алып, құшырлана иіскеп, бұрыш-бұрышқа теңселіп көп жүрді. Баланы құлатып ала ма деп қорқып тұрмын. Бір кезде апам: «Балам, бөпені маған бере ғой, бір жерін ауыртып аласың» деп еді, қарсыласпай ұстата қойды. Сол кеткеннен қайтып оралмады.
– Әдетте қызғаншақ адам қол көтергіш болады ғой, ондай жағдайлар болды ма?
– Жасыратыны жоқ, бір мәрте қол көтергені бар. Бердуалы Тұрмаханбетов ағамыз елуге толып, үлкен отырыс жасады. Мен жас кезімде домбыра тартып, ән салатын едім. Сол отырыста үлкендер жағы маған бір ән салып жібер деп қолқа салып қоймады. Өмірзақ та: «Ағаларың сұранып тұр, айтсаң айтсайшы» деген. Бір әннен кейін көпшіліктің сұранысымен екінші әнді бастай бергенде байқадым, Өмірзақ маған қадалып қарап қалыпты. Іштей «әй, мынау бірдеңе бүлдіреді-ау» дегенімше болмады, домбыраны жұлып алып, мені салып қалды. Сосын бір- екі түйгіштеп, алдына салып үйден шыға жөнелді. Қой-қойлағандарға қараған жоқ. Бір жастау жігіт «Өмеке» дей беріп еді: «Немене, жеңешеңе қырындап отырсың ба, өзім білем, әрі жүр» деп тыйып тастады.  Бұл оның алғашқы және соңғы қол көтеруі болды. 
Ол мені қатты қызғанды. «Сені жерден де, көктен де, бетіңе тиген желден де, сенімен сөйлескен адамдардан да қызғанамын. Сендей әйел жер бетінде жоқ. Атақты әйел ақынмен танысқанын айтып, ол жігіттермен көп сөйлеседі екен. Сол үшін мен оған қарамай қойдым» деп отыратын. Осындай әңгімелерін жұрттың алдында, үйде кім отырғанына қарамай айта беретін.
Бірақ, қанша ашуланса да боқтамайтын еді.
– Сіз сол арқалы күйеуіңіздің алты алашқа мәлім мықты ақын екенін білдіңіз бе?
– Мықты ақын екенін білдім, әрине. Кейде бір қағаздарын «бұл кімге керек?» деп майдалап жыртып шашып жіберетін. Төлеген Айбергеновті жиі айтып отыратын. 
– Ол кісінің қайтыс болғанын қалай естідіңіз?
– Бір күні қайным Жанұзақ іздеп келді. Сол қайным өте жақсы бала еді, Зәурені қарындасым деп еркелетіп, Ташкентке апарып қыдыртып келетін. Өмірзақтың көз жұмғанын сол қайным естіртті. «Өмірзақ қайтыс боларының алдында сіздердің суреттеріңізге қарап жатты» деді Жанұзақ. Жолымыз екіге айрылғаннан кейін де біраз жыл жүрді ғой. Көбіне қызым екеуміздің суретімізге қарап:
Сен барда өртең едi ғой
Гүлдерi мына адырдың.
Гүлден де көркем едiң ғой,
Қайдасың бүгiн, қадiрлiм? – деп өлеңдетіп отырады екен. Мен де оны жақсы көрдім. Кейде түсімде көретінмін. Сағынғанмен де амалым болмады. Тағдыр солай шығар. Райхан әпкем: «Өте жақсы жігіт еді, ішімдігі құртты ғой» деп отыратын.
– Ақынның бауырларымен араласып тұрасыз ба?
– Қазір әпкесі Сәуле мен қарындасы Күләнда бар. Өзгелері қайтыс болып кетті. Бірер жыл бұрын Тамдыға бала-шағамызбен барып, бес-алты күн қона-жатып қайттық. Күланда біздің үйге отбасымен келіп, қонақ болды. Біз де оларға бардық. Бірақ кейінгі жылдары арақатынасымыз үзіліп қалды.
Қызым Зәуре кейде: «әкем бізден кеткеннен кейін де біраз жыл өмір сүрді ғой, неге бізді тым құрыса бір мәрте іздемеді екен?» деп қалады. Не айтамын, пешенемізге солай жазылған болып тұр ғой. «Сәуле, Күланда апаларыңмен хабарласып тұр. Олар жақындарың, қаны бір туыстарың» деп айтып отырамын.
– Сізді ақынның жары ретінде жергілікті билік қандай да бір мереке-жиындарға шақырады ма? Жалпы, әлеуметтік тұрмыс-тіршіліктеріңіз қалай болып жатыр?
– Мені танитын, Өмірзақты білетін көзкөргендерден бүгінде ешкім қалмады. Кейінгі жастар танымайды. Ешкім ешқайда шақырған емес. Өзім зейнетақы аламын. Қызым Зәуре Шымкент қаласында кітапханада істейтін. Денсаулығына байланысты қазір үйінде отыр. Төрт баласы бар. Қайбір жылы кезегі келіп, пәтер алған. Ай сайын сексен мыңдай төлеп тұрса, жиырма жылдан кейін өзінде қалады екен деген еді, сөйтсек олай емес екен. Сол ақшаны өмір бойы төлеп тұратын сияқты...
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Пернебай САПАР,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз