Бақыт талымыз биыл гүлдемеді...

Өмір көшіндегі үйлесімді тіршілігіміздің ырғағы іркіліп, бір сәтте қоштаспастан бақиға кетіп қалғаныңа әлі сенер емеспін. Сен кеткелі қырық күнге жуықтады. Қырық күнде қырық рет жылап, қырық рет шүкіршілік айтудан басқа шарам жоқ...  

Құба таңдардың теперішін көріп, жетімдіктің шемен шерін кеудеге жиып, өгейліктің өксігі өзегімді өртеп, тағдырдың тақсыретін тартып келе жатқан жан едім. Соқпақсыз тағдырымда сүрініп кеткенініме өзгені емес, тек өзімді ғана айыптап, құлағаныма кісіні емес, өзімді ғана кінәлаған кездерімде кезіккен азаматым едің, Талғат!

Отбасың шайқалып, шаршаңқырап жүрген кезің екен. Шалалау тағдырымызды, жартылау бақытты бүтіндемекке сөз байластық. Сен арқылы отбасы бақытын сезіндім, ердің әйеліне деген сүйіспеншілігін сезіндім. Сен маған тым қамқор болдың. Жұрттың құлап-сүрінгенімді сөз еткен сыпсың сөздерін тыңдамадың, бақытсыз кей жандардың әдейілеп келіп айтқан қауесетіне құлақ аспадың. Сен өзгенің тағдырын сөз етпейтін, артық сөзі жоқ жан едің, Талғат! Қырық жылғыны қоңырсытып отыратын сөзқұмар кей жандардан өзіңді биік ұстадың.

Маған сенің еркіндігімді шектемейтін ер мінезің ұнады. Қоғамдағы кейбір келеңсіздікті, тәртіпсіздікті көрсең жаның шыдамай: «Жазсаңшы, Зылиха, шындықты жазсайшы» деп күйіп-пісетін мінезің де жадымда.

Үлкен ұлды үйлендірмекке дайындалып жүргенбіз. Қуанышты күтіп отырған сәтте асығып ажал жетті. Келді де күлкімді көмді, қабырғамды күйретті, көз жасымды көл етті. Жүрегің сыр берді де, көз алдымда қоштаспастан кете бардың. Өте сақ, сырбаз едің. Жүрегіңнің ауырғанын қалай сезбедің? Әлде соңғы бірнеше ай бойы жүректі емдетіп жүрген мені уайымға салынбасын деп жасырдың ба? Ал, мен түк те сезімтал емес екенмін. Кетеріңді де сезбедім, кеткеніңе де сенбедім. Өзің сезген сияқтысың. Соңғы сөзің: «Кентауға жерлеші, әкемнің қасына, жалғызсырайын» болды.

Аманатынды орындадық. Жұма күні жер қойнына табыстадық. Сол күні жаңбыр құйып жауды. Табиғат бізбен бірге егіліп тұр деп жұбаттым өзімді. Жаназаға жиналған жұрттың көптігін көріп тағы жұбандым.

Сексендегі қарт анаң, сегіз бауырың егіліп, перзенттерің жоқтап тұрды сол күні. Жаныңнан бір сәт қалдырмай, жетелеп өсірген жеті жасар ерке Нұрасылымыз жаназаға жиналғандардың арасынан сені іздеді.

«Анашым, адамдар өлмей-ақ қойса, болмай ма?» дегенде көз жасыма  тұншығып не жауап қатарымды білмедім.

Жеті күндік асыңды өзің өскен қара шаңырақта өткіздік. Кентауға қалдырып, жаутаңдай-жаутаңдай Шымкенттегі өз үйімізге келдік. Ол үйде енді сен жоқсың. Бөтен үйге келгендей жабырқадық. Аула тап-таза. Сен өмірде тазалық пен тәртіпті сүйдің. Тірлігің тиянақты, қолың ұсынықты еді. Бір заттың орынсыз тұрғанын, бір затттың шашылып жатқанын қаламадың. Балаларды да солай тәрбиеледің.

Сен өз үйіңді қастерлеп, өз табалдырығынан күш алатынсың. Алысқа сапар шексек, үйді сағынып, жеткенше асығатынсың. Сенсіз оралған күні үй ішіндегі гүлдер де мейірімге шөлдеп тұрғандай солыңқы көрінді. Ит те күні бойы үрді. Иттің дауысын естіп отырған апам:

- Жарықтық, иесін іздеп жоқтап тұр ғой... деп күрсінді.

Сенің өзің жақсы көретін үйді тастап, мәңгілік үйіңе асығыс аттанып кете барғаныңа сене алмай жүрмін. Үйді сағынып, қайтып келіп қалардай терезеге қараймыз.

Көршілер де сенің азаматтығыңды, елгезек, пысықтығынды әңгімелейді. «Талғат күніге жағдайымды сұрап, түндерде қорқып тұрсаңыз, уақытқа қарамай хабарласа беріңіз деп тұратын» деп жылады көрші апа.

«Мықты бол!» дейді жұбатқанның бәрі. Мықты болмасқа амалым да жоқ.

Өзің өсірген жеміс ағаштары бүр жарып та үлгерді. Гүлдер де жайқалып тұр. Тек аулаға кіре берістегі екеуміз отырғызған бақыт талы биыл гүлдемеді. Құдайдың құдіреті...

Кеудемде -- аза, көңілімде -- мінәжат. Аллаңа шүкір ет дейді. Балаларымды құшақтап мінәжат еттім. Үкім Алладан!

Сағыныштың түсін бала кезімнен біліп өскен ем. Тағы да сағынышқа малындым. О дүниең жарық болсын, жан жарым! Қош бол, аяулы Талғатым!

 

Зылиха ЖАНТАСОВА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты.

 

*  *  *

Марқұм Аширов Талғат Сайлаубайұлының қырық күндік асы 8 сәуір, сағат 13.00-де (қонақасы 7 сәуір, сағат 19.00-де) Шымкент қаласы, Жаушықұм көшесі, 20 үй мекенжайындағы өз үйінде өтеді.

 

Пікір қалдырыңыз