Антифриз ауыстыру: негізгі ережелер мен кеңестер

Көлік қозғалтқышына қажетті антифризді уақыты келгенде ауыстырып тұру керек екендігін бәріміз білеміз. Дегенмен, адамдар арасында «оның қандай ресурсы бар?» деген тақырыпта жиі-жиі келіспеушіліктер туындап жатады. Сонымен қатар, антифризді қанша уақытта жаңартып отыру керектігіне қатысты да пікірталас көп. Сондықтан «антифризді жаңартатын уақыттың жеткенін қалай білуге болады? Әртүрлі антифриздерді араластыруға бола ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. 

Антифризді ауыстыру жиілігі

Автокөліктегі антифризді ауыстыру жиілігі ең алдымен сұйықтықтың сапасы, жұмыс жағдайы секілді факторларға байланысты. Сондықтан оны ауыстыру аралығы әр көлікте әртүрлі болады. Мысалы, салқындату жүйесіне түрлі сұйықтық, тіпті, кәдімгі қара су құйылған ескілеу көлікті алайық. Мұндай көлік қозғалтқышындағы салқындату жүйесінің ішінде коррозия ошақтары көбірек болады. Соған сәйкес, жүйеге енді ғана құйылған жап-жаңа антифриздің қоспалары әдеттегіден тезірек жарамсыз күйге түседі. Негізі техникалық регламентке сәйкес, антифризді әр 

3 жыл сайын немесе 60 мың шақырымнан кейін ауыстыру талап етіледі. Яғни осы екі меженің қайсысы бірінші орындалатынына байланысты. Бірақ, іс жүзінде бұл жаңа автомобильдерге қатысты және көлік құралын пайдалану уақытына қарай аталған кезеңдер қысқара береді. Жалпы, антифризді өзгерту қажеттілігін көзбен анықтау да оңай. Егер мұны өзіңіз білмесеңіз, автокөлікке қызмет көрсету орталықтарындағы сенімді мамандарға жүгінгеніңіз жөн. 

Төменде біз автокөлік нарығындағы ең көп таралған антифриз классификацияларын қарастырамыз. Олар 3 санатты қамтиды: 

G11. Қызыл антифриз. Мұндай антифриздерді өндіруде бейорганикалық қоспалар қолданылады. Олар салқындату жүйесінің ішіндегі бөлшектерді қорғайтын сезімтал тактильді пленканы құрайды. Бұл сұйықтықты ауыстыруға ұсынылған мерзім 2 жыл немесе 60-120 мың шақырым жүргеннен кейін. Әйтпесе, пайда болған қорғаныс қабаты тұнбаға түсіп, салқындату жүйесінің түйіндері мен арналарын бітеп тастайды. 

G12. Жасыл антифриз. Жасыл антифриздер қоспалар ретінде карбон қышқылдарымен өндіріледі. Бұл сұйықтықтар жылу берудің жоғарылауымен ерекшеленеді. G11-ден айырмашылығы – олар салқындату жүйесінде пленка түзбейді, бірақ нүктелік жұмыс істейді. Яғни коррозия ошағына топталатын қоспалар оның асқынуына жол бермейді. G12 антифриздерінің ұсынылған қызмет ету мерзімі 5 жыл немесе 250 мың шақырымға дейін. 

G13. Сары антифриз. Ал, сары сұйықтық пропилен және этиленгликоль негізінде өндірілген соңғы антифриздер. Бұл майдың әрекеті G12 сияқты, яғни коррозия ошақтарында қорғаныс пленкасын жасауға негізделген. Қоспалардың төзімділігіне байланысты антифриздің қызмет ету мерзімі де ұзақ. Дәлірек айтсақ, 10 жыл немесе 250 мың шақырымнан астам жол жүргеннен кейін жаңарту қажет. Тіпті, кейбір өндірушілер G13 санатындағы антифриздерді мүлдем ауыстыруды да ұсынбайды. Бірақ, өндіруші зауыттың ұсыныстарына толық сенудің де керегі жоқ. Өйткені, автомобильдердің жұмыс жағдайлары мен салқындату жүйесінің жағдайы әртүрлі болады. 

Антифризді өзгертетін уақыт келгенін қалай анықтауға болады? Өндірушілер ұсынған қызмет ету мерзімі келмесе де, антифриздің сапасы төмендей бастағанын көзбен аңғаруға болады. Антифризді өзгерту қажеттілігінің негізгі белгілері мыналар: 

Бұлыңғыр тартып, түсінің өзгеруі. Мұның себебі, салқындату жүйесінің тозып, көптеген коррозия ошақтарының пайда болуы. Бұл мәселеге назар аударып, ұсынылған қызмет мерзімі аяқталғанын күтпей-ақ ауыстырып тастаған жөн. Сондай-ақ, жаңа салқындатқыштың күйін үнемі қадағалап отыру керек. 

Қабыршақ түріндегі тұнбаның болуы. Бұған химиялық реакция тудырған басқа санаттағы антифриздің құйылуы себеп болады.  

Көбік түзілуі. Алдыңғы белгі сияқты, ең ықтимал себеп – сәйкес келмейтін сұйықтықтарды араластыру. 

Май эмульсиясы және өрт иісі. Бұл өте қауіпті. Өйткені, қозғалтқыш майы антифризге еніп кетеді. Мұндайда тек сұйықтықты ауыстыру проблеманы шешпейді. Проблеманың себебі әлдеқайда тереңірек. Егер антифризден қозғалтқыш майының іздері көрінсе, көлікті эвакуатормен автосервиске апару қажет. 

Сұйықтықта желе тәрізді кесектердің болуы. Бұған бірнеше себеп болуы мүмкін. Мысалы, сапасыз антифриз, жақсы салқындатқышқа су араластыру немесе антифриздің тым ұзақ қызмет етуі.  

Антифриз көлемінің айтарлықтай төмендеуі. Бұл салқындату жүйесі толық бітелмеген жағдайда ғана болуы мүмкін. Мұндайда сұйықтықты толығымен жаңарту қажет емес. Тесілген жерді бітеп, антифризді толықтырып қою жеткілікті. Бірақ, өте мұқият болу керек. Өйткені, антифриздің барлық түрлерін бір-бірімен араластыруға болмайды. 

Әртүрлі антифриздерді араластыру

Түрлі-түсті антифриздерді араластыруға болмайды деп сеніммен айтуға болады. Себебі, олардың негізіне түрлі қоспалар кіреді. Тиісінше, сұйықтықтарды араластырған кезде салқындатқыш барлық қорғаныс қасиеттерін жоғалтады. Тіпті, тұнба пайда болып, ол салқындату жүйесін бітеп, ішкі жану қозғалтқышының қызып кетуіне соқтыруы мүмкін. Сонымен бірге, бірдей түсті салқындатқыштардың қоспасы да қиын жағдай тудыруы мүмкін. Мысалы, ең көп таралған G12 антифризін алайық. Оның жасыл түсті, карбон қышқылдары негізінде өндірілген «TOTACHI® NIROтм» деген түрі мен фосфат қосылған, карбосиликаттар негізінде өндірілетін «Long Life Coolant GREEN» деген екі түрін араластырсаңыз, қоспасы бірден тұнбаға айналып, салқындату жүйесін бітеп тастайды. Демек, антифризді таңдағанда абай болу қажет. Ең дұрыс шешім, алдыңғы құйылған антифриздің маркасын есте сақтап, ауыстыратын немесе араластыратын кезде маманның көмегіне жүгіну. 

Антифризді дұрыс ауыстыру

Антифризді ауыстыруда күрделі ештеңе жоқ. Тіпті, ол тәжірибесі аз жүргізушінің қолынан да келеді. Бірақ, әртүрлі қоспалар негіздерімен жасалған сұйықтықтарды араластырудың салдарын есте сақтау керек. Жағымсыз жағдайдың алдын алу үшін бұрын пайдаланылған антифризді ағызғаннан кейін салқындату жүйесін шаю қажет.

Жалпы, тәжірибелі автокөлік жүргізушісі антифризді қашан немесе қандай жағдайда ауыстыру керек екенін еш қиындықсыз түсінеді деп ойлаймыз. Ал, тәжірибесі жеткіліксіз адамдар бірден автосервиске жүгінгендері абзал.

Пікір қалдырыңыз