Елімізге ерекше серпіліс берді

Осыдан бір жыл бұрын 16 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынған болатын. Содан бері бұрын-соңды елімізде орын алмаған кең көлемді өзгерістер жүріп жатыр.
Мәселен, енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси партияның мүшесі бола алмайды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгеріп, олардың өкілеттігі күшейді. Конституциялық сот құрылып, жұмыс істей бастады. Ал, сот мүшелерінің өкілеттік мерзімі Президент пен Парламент депутаттарына қарағанда ұзағырақ болады.
Елімізде маңызды мемлекеттік институттарды жүйелі түрде қайта құру үдерісі аяқталып келеді, сондай-ақ, Президент және Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, ертең жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының негізгі бағыттарының бірі – партия құрылысын ырықтандыру. Оны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетіліп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің төменгі мөлшері 600-ден 200 адамға дейін қысқарды. Бұл ретте партиялардың Парламент Мәжілісіне өтуіне шектеу 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Бұл шаралар партиялардың құрылуына да, сондай-ақ, олардың өз саяси мақсаттарын жүзеге асырып, сайлаушылардың мүдделерін қорғау үшін Парламентке кіру мүмкіндіктерін де айтарлықтай кеңейтті. Сонымен қатар бұл партиялардың дамуын белсенді ете түсіп, жаңа партиялардың құрылуына ықпал етті.
Аталған бір жыл ішінде еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы да өзгерді. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшті және мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы әріптестік орнату жұмысы жалғасты. Бабалар жолымен Ұлттық құрылтай шақырылуын осы бағыттағы ілкімді істердің дәлелі деуге болады. Оның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті, екінші отырысы киелі Түркістанда өтеді.
Саяси партияларды тіркеу ресімі жеңілдетілді. Нәтижесінде екі жаңа партия тіркелді. Осылайша, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады.

Құндыз МҰРАТҚЫЗЫ,
Төлеби аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ инспекторы.


Пікір қалдырыңыз