«Қаракет қылсаң, қара жер құр қалдырмайды»
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Түркістандық диқандардың көктемгі қарбалас тіршілігі ақпан айынан-ақ басталып кеткен. Әсіресе, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес аудандарының диқандары қашаннан ерте қамданады. «Көктемнің әр күні жылға азық» екенін жете ұғынған шаруалар техникасы мен дәнін алдын-ала дайындап, ауа райының қолайлы күндерінде жерін жыртып, дала дүбірін қыздыра түседі. Жауапты науқанда облыс егіншілерінің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Аймақтағы агроқұрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығын білу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановқа қоңырау шалған едік.– Қоян жылының көктемі жер емген диқандар үшін құт болғай деп тілейік. Биыл қар жақсы жауды, жауын-шашын да мол болды. Дәл қазір жер бусанып тұр. Механизаторлар мен фермерлер қолайлы күндерді тиімді пайдаланып, қарқынды қимылдап қалуы тиіс. Уақыт ырғалып-жырғалуды көтермейді. Дана халқымыздың: «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген тәмсілі тегін айтылмаған.
Көктемгі дала жұмыстары облысымызда жылма-жыл қарқын алып келеді. Мол өнім алу диқандарға ғана емес, сала мамандарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Енді егіс көлемін арттырып қана қоймай, сапаға мән беретін кез жетті. Сапалы өнім диқанның маңдай терінің ғана жемісі емес, ол – тұқымның сорты мен тыңайтқышқа да, суға да тәуелді. Тұқым жақсы болмаса алқапты қанша кеңейткенімен, өнім молаймайды, – дейді басқарма басшысы.
Аталмыш басқарманың ресми мәліметтеріне сүйенсек, биыл облыс бойынша ең кемі 860 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, барлығы 318 мың гектарға (өткен жылы 313,7 мың) ұлғайтылды. Ал, мал азығы дақылдары алқабы 6,7 мың гектарға көбейіп, 227,7 мың гектарға (2022 жылы 220,9 мың) жетті. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарын егетін алқап 9,7 мың гектарға ұлғайтылып, 129,1 мың гектарды (2022 жылы 119,4 мың га) құрайтын болады. Керісінше мақта плантациясы өткен жылмен салыстырғанда 14,9 мың гектарға қысқарады. Майлы дақылдар алқабы да 6,3 мың гектарға қысқартылып, 73,5 мың гектар (2022 жылы 79,8 мың) болады.
Бұл күндері өңірімізде қолдағы техникалардың күшімен танаптарды жырту жұмыстары қарқын алып келеді. Биыл 488,6 мың гектар жер жыртылуы тиіс болса, осы аптаның басына дейін нақты 439,4 мың гектар танап жыртылды немесе тапсырма 90%-ға орындалды. Жалпы, 67,8 мың гектардың сорын шаю жұмыстары жоспарланса, қазір бұл жұмыстың 59%-ы жүзеге асырылды, яғни 115 мың гектар алқаптың соры шайылды.
Жоспарланған жаздық егістіктің (496,8 мың гектар) 31,8 мың гектары ғана (6%) егілді. Атап айтқанда, 75,7 мың гектар масақты дақылдардың 17,5 мың гектары (23 пайыз), 45,8 мың гектар жоңышқаның 3,7 мың гектары (8 пайыз), 44,9 мың гектар көкөністің 6,3 мың гектары (14 пайыз), 15,3 мың гектар картоптың 4,3 мың гектары (28 пайыз) егілді. Демек, бұл жұмыстарды уақыт өткізбей жандандыру қажет.
Биыл көктемгі дала жұмыстары үшін облысымызға 48,2 мың тонна жағармай бөлінді. Оның ішінде ақпан айында дизель отынының 13,8 мың тоннасы берілсе, наурыз айына – 13 мың, сәуірде – 11,4 мың, мамыр айына 10 мың тоннасы таратылады. Жанар-жағармайды босату жұмыстары тұрақты бақылауда.
Мол өнім алуда минералды тыңайтқыш себудің маңызы зор. Облыста 500 түрлі минералды тыңайтқыштар құнының 50%-ын субсидиялауға 6,5 млрд. теңге бөлінді, бұған 71,2 мың тонна минералды тыңайтқыш субсидияланады.
Облыс аумағында минералды тыңайтқыштар тапшылығын болдырмау үшін отандық тыңайтқыш өндіруші «Қаз-
Азот» АҚ-мен меморандум түзілген. Соның нәтижесінде «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қуаттылығын есепке ала отырып, облысқа жалпы көлемі 60 мың тонна аммиак селитрасын жеткізу жөнінде келісім жасалған. Облыс аумағындағы қоймада 25 мың тонна минералды тыңайтқыш («ҚазАзот» АҚ-ның Сарыағаш ауданындағы базасында) сақтаулы тұр.
Өңіріміздің табиғи-климаттық жағдайы бір алқаптан жылына 2-3 өнім алуға мүмкіндік береді. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы соңғы жылдары кеңінен іске асырылуда. Биыл бұл жобаны 9,3 мың гектарға қолдану жұмыстары жүргізілуде.
Қай жұмысты да қаржысыз жүзеге асыру қиын. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,8 млрд. теңге бөлініп, ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде АШТӨ-ны несиелендіру жұмыстары облыста алғашқы рет желтоқсан айында басталды. «Ырыс» МҚҰ, «Оңтүстік» АИО арқылы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен
526 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие берілді. Қосымша тағы 4 млрд. теңге қажет екені жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс хат жіберілді.
«Не ексең, соны орасың» демекші, көп мәселе тұқымның сапасына да байланысты. Аталмыш басқарманың жауапты басшыларының айтуынша, Түркістан облысы бойынша тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті 7,8 мың тонна масақты дақыл, 1,5 мың тонна мақсары, 3,4 мың тонна мақта, 0,5 мың тонна жоңышқа және 0,9 мың тонна жүгері тұқымы бар. Ал, картоптың тұқымы солтүстік облыстардағы коммерциялық ұйымдардан алынады. Тұқым шаруашылықтарын қолдауға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінді.
Облыста 23,9 мың ауыл шаруашылығы техникасы бар. Олардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы бүгінде 93%-ды құрайды. Оның ішінде трактордың 96%-ы, дән сепкіштердің 98%-ы, соқалардың 98%-ы, қопсытқыштардың 97%-ы науқанға дайын.