Отбасының цифрлық картасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты қазақстандықтарға арнаған Жолдауында халықты әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасы ұсынылды.
Әлеуметтік  кодекс жобасы аясында 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы  іске қосылды.
Бастапқы кезде жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. Биылдан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтіледі, ал, 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.    
2023 жылы 1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы арқылы барлық отбасыларға кепілдендірілген мемлекеттік қолдау шаралары проактивті форматта жүзеге асырылады. Оның негізгі мақсаты — алушының өтінішін күтпей-ақ көмек көрсетуді көздейді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендете отырып, қызметті жеделдетуге және көрсетілетін мемлекеттік  қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, бала туу және баланың күтімі бойынша жәрдемақы, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдем-ақы, асыраушысынан айырылғандарға  берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, тағы басқа төлемдер осы жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Отбасының цифрлық картасы қалай  жұмыс істейді?
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан СМС-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік төлем Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі құжаттары бойынша автоматты режимде тағайындалып, алушының банк шотына аударылады.
Сонымен қатар, негізгі өзгерістердің бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды.   Аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылды. Жұмыс істейтін ата-аналарға жәрдемақы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленсе, жұмыс істемейтін ата-аналарға жәрдемақы мемлекеттік бюджеттен төленеді.
Облыс көлемінде биылғы 1 қаңтардан бастап  40 079  ата-анаға бала күтімі бойынша төленетін жәрдемақылардың төлеу мерзімі ешқандай қосымша құжат талап етілмей автоматты түрде ұзартылды.

Жанат ЖАМАХОВА,
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің
Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының
орынбасары.

Пікір қалдырыңыз