Cаяси реформалар елімізге ерекше серпіліс берді

Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің төменгі мөлшері 600-ден 200 адамға дейін қысқарды.

Осыдан бір жыл бұрын 16-наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынған болатын. Содан бері бұрын-соңды елімізде орын алмаған кең көлемді өзгерістер болды. 


Мәселен, енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси партияның мүшесі бола алмайды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгеріп, олардың өкілеттігі күшейген. Конституциялық сот құрылып, жұмыс істей бастаған. Ал сот мүшелерінің өкілеттік мерзімі Президент пен Парламент депутаттарына қарағанда ұзағырақ болады.


Елімізде маңызды мемлекеттік институттарды жүйелі түрде қайта құру үдерісі аяқталып келе жатыр, сондай-ақ Президент және Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, 19-наурызда жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланбақ.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының негізгі бағыттарының бірі – партия құрылысын ырықтандыру. Оны жүзеге асыру аясында саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетіліп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің төменгі мөлшері 600-ден 200 адамға дейін қысқарды. Бұл ретте партиялардың Парламент Мәжілісіне өтуіне шектеу 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Бұл шаралар партиялардың құрылуына да, сондай-ақ олардың өз саяси мақсаттарын жүзеге асырып, сайлаушылардың мүдделерін қорғау үшін Парламентке кіру мүмкіндіктерін де айтарлықтай кеңейтті. Сонымен қатар бұл партияның дамуын белсендіріп, жаңа партиялардың құрылуына ықпал етті.


Аталған бір жыл ішінде еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы да өзгерді. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшті және мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы әріптестік орнату жұмысы жалғасты. Бабалар жолымен Ұлттық құрылтай шақырылуын осы бағыттағы ілкімді істердің дәлелі деуге болады. Оның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті, екінші отырысы киелі Түркістанда өтеді.


Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Нәтижесінде екі жаңа партия тіркелді. Осылайша, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады.

 

Құндыз МҰРАТҚЫЗЫ,

Төлеби ауданы "Жастар ресурстық орталығы" КММ инспекторы.

Пікір қалдырыңыз