Әкесі – темір ұстасы, өзі – сөздің ұстасы!

Былайғы жұрт журналистерді қоғам мен бұқара арасын байланыстыратын алтын көпір ретінде бағалайды. Дегенмен, олар халықтың көкейіндегі мәселені нақты көрсетіп, қоғамға қажетті тұстарын айта алғанда ғана құрметке бөленеді. Билікке бұқараның мұң-мұқтажын жеткізе білу үшін кәсіби біліммен қатар, журналистік шеберліктің алар орны ерекше. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде бәйдібектік қаламгер Серікбай Дәулетбайұлы ТҰРЖАН туралы жалықпай айта бергің келеді.

Бәйдібек ауданындағы Жүзімдік ауылында осы төңірекке ерекше қасиетімен танылған Дәулетбай есімді қария өмір сүрген. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жүзімдік, Талапты, Үсіктас сияқты үш ұжымшардың ұстаханасын қатар ұстап, ертелі-кеш еселі еңбек еткен Дәулетбай ұста елінің қадірмендісі еді. Сонымен қатар, ол кісі қарсақ, түлкі, қасқыр терісінен ішік, тон тіккен ісмер болатын. Өмірлік қосағы Құрманкүл де тігін мәшинесімен төсек-орын және үйге қажетті бұйымдар тігіп, ауылдастарының әжетін шығарып, алғыс алған жан болыпты. Отбасындағы 

3 қыз бала дүниеге келгенімен, ат ұстар болмағанына ерлі-зайыптылардың көңілдері алаң еді. 1948 жылы 5 наурызда ұл бала дүние есігін ашқанда есімін Серікбай деп атапты. Әке-шешеге еркелеп өскенімен, жастайынан әдебиетке құмар болған бозбала 6-класта жүргенде аудандық «Алғабас» газетіне, республикалық «Қазақстан пионері», «Балдырған» басылымдарына хат жазып, мақалалары жарық көрсе, Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп қабырғасында тәлім алғанда облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында хабарлары, суреттемелері жарияланды. Мектеп бітіргесін Шымкент кооперативтік техникумына құжат тапсырып, 2-3 ай оқығанымен, әдебиет әлемін сүйген жүрек бұл мамандықты қаламады. Ауылға қайтты. Жалғыз қайтқан жоқ, студенттік шақта танысқан болашақ өмірлік серігі, Қызылорданың сұлуы Күнқияшты ерте келіп, босағасын аттатты. Әдетте, бұл жақтың адамдары батыстың қыздарын келін етіп түсіре бермейтін. Жеңгелері мен туыстары: «Атамыздың жалғыз ұлы Қызылордадан келін әкеліпті, қалай болар екен?» деп дүдәмалмен қарады. Жас жігіт қара жұмысты ар көрмей-ақ, бірден трактор бригадасының есепшісі қызметіне кірісіп кетті. Адамдармен араласты, өмір көрді. Қапланбектегі зооветеринарлық техникумды да бітіріп алды. Мектепте ұстаздық етті, комсомол ұйымының хатшысы қызметін де атқарып, шыңдала түсті. Осы 5-6 жыл көлемінде де баспасөзбен байланысын үзген жоқ.

Жасынан журналистика саласында қызмет етуді армандаған ол 1970 жылы КазГУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1976 жылы тәмамдады. Студенттік жылдарда Жүрсін Ерман, Кеңшілік Мырзабеков секілді қазіргі белгілі әдебиет майталмандарымен бірге оқып, сырласты. Диплом қорғауда жетекшілік еткен Әбілпайыз Ыдырысовтың газет макетін жасаудағы тәлімі кейінгі қызметінде көп жәрдемдесті. Зейнолла Қабдоловтың, Мырзатай Жолдасбековтің берген дәрістері көңілден кетпейді. Жоғары оқу орнын сырттай оқып жүргендіктен 1972 жылы аудандық «Алғабас» газетінің редакторы Еркінбек Тұрысовтың сенім артуымен корректорлық қызметке қабылданды. Кейіннен әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып, газет жұмысына белсене араласты. 1983 жылы «Алғабас» газетінің редакторлығына тағайындалды. Оның принципшілдігі, бастаған істі аяғына дейін жеткізбей тынбайтындығы кімге де болса өнеге. Туралық пен теңдікті, әділдік пен ақиқатты ұстанған редактордың кемшілікті бетке айтатын тік мінезінен көпшілік қаймығатын. Ешкімнің лауазымынан сескенбей, халықтың айтқан пікірін дер кезінде жергілікті атқарушы билікке жеткізе білетін Серікбайдың мәртебесі биіктей түскен.  

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Алғабас, Ордабасы, Созақ аудандарындағы меншікті тілшісі бола жүріп те С.Тұржан жемісті еңбек етті. 1972 жылы КСРО, одан кейін Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, 2015 жылы «Қазақстанның құрметті журналисі», «Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» атанды. Шаянда қаржы табылмай тоқтап қалған «Сәт» телеарнасын қайтадан іске қосуға мұрындық болды. «Қазбаспасөз» мекемесінің басшылығында 5 жыл қызмет еткенде де басылымдарға жаздыруда, оны уақтылы таратуда белсенділік танытты. «Зейнеткер тынысы» газетіне басшылық етіп, газетті тұрғындардың іздеп жүріп оқитын басылымына айналдырды. Ұлттық тәрбие, өмір тынысы сияқты материалдарды ұйымдастырып қана қоймай, іссапарға шығып, жақсы жаңалықтарға қалам тербеді. Бұған дейін «Оңтүстік ұстаздары» газеті редакторының орынбасары болып келсе, қазір осы басылымның сарапшысы. Еңбегі әрдайым ескеріліп, түрлі марапаттар иеленді. «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарымен, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Шығармашылыққа уақыт бөліп, «Өмір – шындық», «Сағыныш екен сол бір кез», «Асыл сөз», «Ауылдың ардақты азаматтары», «Қастерлі қасиет» атты кітаптары жарық көрді. 

Серікбайдың 18 жасында ата-анаға келін түсіріп қуантқанын, басқа өңірдің қызын әкелгенін жоғарыда айттық. Серікбай үйленгенде әкесі Дәулетбай қария сол кезде 63 жаста екен. Ұлының 3 перзентін көріп, шүкіршілік етіп, о дүниеге ризашылықпен аттаныпты. Қазақылықты ұстанған келіні үлкендердің алдынан кесіп өтпепті. Алғашында бірнеше жыл сауда саласында, баспаханада еңбек етті. Құдай берген алтын асықтай 6 ұлын инабатты, білімді етіп тәрбиеледі.Қазіргі таңда сол перзенттерінен өрбіген 9 немере, 3 шөберенің ортасында бақытқа бөленген ардақты ана. 

Серікбай әріптесімізге жүзге кел, ұрпағыңмен мың жаса демекпіз!

Еркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз