Шабандоз қыз

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Созақ ауданындағы Қызылкөл ауылында тұратын шабандоз қыз Гүлнәр Жидебай бүгінде Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алуда. Тарих факультетінің екінші курс студенті. Айтпағымыз, ол қазір қалада жүрсе де, дала перзентіне тән болмысынан еш айныған емес. Сабақтан тыс уақытта ипподромға барып, ат үстінде түрлі трюктер жасауды үйреніп жүр. Сүйікті ісіне де, оқуына да уақыт табады.


Жігіттермен иық тіресіп, ат жалын тартып мінген Гүлнәрді мереке қарсаңында оқырмандарға жақынырақ таныстыруды жөн көрдік.

– Көп балалы отбасынан шыққанмын. Үйде қыздардың үлкені болғандықтан, әкеме көбіне мал жайғауға көмектесетінмін. Алғаш атқа мінуді, оған қалай жүген салуды әкем үйреткен. Ол кезде 5-сыныпта оқитынмын. 

Әкем: «Ылғи да аттарға бала секілді қарау керек» дейтін. Өзі олармен «ала ғой», «келе ғой», «тоқтай ғой» деп сөйлесіп жүретін. Уақыт өте келе мен де әкемнің осы әрекетін қайталай бастадым. Жылқы жануарының көңіл-күйін жанарынан сезіп-білуге болатынын ұқтым. 

Ауылға барғанда аттарды шомылдырып, жем-шөбін берерде оларға әкем секілді жылы сөздерімді арнаймын. Құшақтап, жалынан сипаймын. Өйткені, ат адамның даусынан-ақ бәрін аңғарып қояды. Егер де оған ұрысып сөйлейтін болсаңыз, кісінеп, бір орнында тұра алмай кетеді. Бала күнімнен үйреніп қалғандықтан болар, қазір атқа міну, оның бабын жасау мен үшін тамаша демалыс, – дейді шабандоз ару. 

Гүлнәр қыздың атасы да жылқыдан алыс болмаған, сәйгүлік баптаған. Кейіпкеріміз ат әбзелдеріне байланысты дүниелерді ата-апасынан естіп білгенін айтады. Әкесі жеке кәсіпкер, мал шаруашылығымен айналысады. Ал, анасы балабақшада әдіскер болып жұмыс істейді.

– Қазақта атқа мінсе арқаланып кететін қасиет бар. Өзім кең далада көсіліп шапқанды ұнатамын. Мұндайда аттың басын қалай бұрамын десеңіз де өз еркіңізде. Әрине, ипподромдарда және арнайы демалыс орындарында жаттыққан аттарды мініп серуендеген, шапқан жақсы. Бірақ, кең далада, еркіндікте жүрген қылқұйрыққа ештеңе жетпейді. Ең бастысы, шабандоздың тақымы мықты болуы керек, – дейді Гүлнәр. 

Жылқыны жанындай жақсы көретін кейіпкеріміздің өзі айтпақшы, оның алда алар асуы көп екеніне сеніміміз мол. Ару қыздың аударыспақ, теңге ілу секілді ұлттық ойындарда қанжығасының майлана беруіне тілектеспіз.

Пікір қалдырыңыз