Батырмен өткен бір күн

1968 жылдың жаз айлары еді. Мен ол кезде жеңіл көлік жүргізушісі едім. Жолаушы алып, Шымкенттен «Сарыағаш» курортына бардым. Жолаушылар түсіп болған соң жаныма қарасам, топырлаған халық бір ер кісі мен әйелді ортасына алып тұр екен.  Мен «бұл кісі кім?» деп сұрадым. Шетте тұрған бір кісі «бұл Бауыржан Момышұлы» деп жауап берді. Мен де барып, батырдың қолын алып, амандастым. Сәлемдесіп болғаннан кейін менің таксиімді көріп Бауыржан аға:
– Жеңгең екеумізді Ташкентке апарып әкелесің бе? – деді.
Мен ойланбастан, «апарғанда қандай!» деп жауап бердім. Содан Баукең жеңгем екеуі артқы орындыққа жайғасты. Кетіп бара жатып «ойпырмай, осындай адамды, жеңгем екеуін Алланың кездестіргенін, оларға аздап болса да қызмет жасағаным мен үшін бір ғанибет емес пе?!» деп іштей ойланып қоямын. Оқтын-оқтын айнадан қарап байқағаным, Баукеңнің шашы тікірейіп қалған, мұртты, айбынды, екі көзден от шашып тұрғандай. Сөздері нық, анық, даусы гүрілдеп сөйлейтін кісі екен. Ал, жеңгем болса шашын ортасынан екіге бөліп тараған, мінезі жұмсақ, жайдары жан екен. Кешке дейін жүріп байқағаным, Баукең көп жерде ашуланып, тұтана жөнелгенде жеңгем ерекше парасаттылықпен оны сабырға шақырып отырды. Ташкенттің көп жерін аралаттым. Дүкендерді аралап жүріп «кіруге болмайды» деген жол белгісі тұрған жерге тоқтауға тура келді. Ол кісілер көліктен түсіп, дүкен аралауға кетті. Сол кезде инспектор келіп, құжаттарымды тексерді. Инспектор «сіз мынау кіруге болмайды деген жол белгісін көре тұра неге кідірдіңіз?» деді. Мен оған «сіз мені кешіріңіз, айып менде, көріп біле-тұра осында тоқтауымның себебі менің алып келген жолаушым, профессор, гвардия полковнигі, 1941 жылы сұрапыл соғыста Мәскеуді жаудан қорғаған Бауыржан Момышұлы батыр» дедім.  Инспектор маған орысшалап, «к нам не только полковники и генералы приезжают» деді де талонымды бір тесіп берді. Ол кезде талоныңда 3 тесік болса қайтадан емтихан тапсырасың. Мен оған «сіздерде келген меймандарды сыйлап қадірлеу жағы кемшін екен» деп ренжідім. Инспектор кетіп, Баукең келгенде талонымды инспектордың тесіп кеткенін айтпадым. Көңіл-күйін түсірмейін дедім. Кешке дейін Ташкенттің барлық жерін араладық. Баукең маған риза. «Інім, саған естелік болсын, автограф жазып берейін» деп кітап магазиніне барып, өзінің «За нами Москва» дейтін кітабын сұрады. Содан 3-4 кітап дүкенін араладық. Ол кісі сатушыға амандасып болғаннан кейін өзін былай деп таныстырады:
– Я профессор, полковник гвардий Бауыржан Момышұлы, у вас должна быть книга написанная мной «За нами Москва», дайте пожалуйста, – дейді.
Ал, ол кітап бұл дүкенде де жоқ болып шықты. Оған Баукең ренжігендей болды. Сонда жеңгей:
– Сіз қапа болып, ренжімеңіз, сіздің кітабыңыз қызық, тартымды болғаннан кейін жұрт сатып алып кеткен ғой, – деп басу айтты. Ол кісі «әй, сенің бұл айтқаның жөн екен, ендеше, барып інім үшеуміз суретке түсейік, ескерткіш болсын» деп суретке түстік. Өздеріңіз көріп отырған мына суреттің тарихы осындай.
Содан Ташкенттен кешке қарай «Сарыағаш» курортына қайта оралдық. Көңіл-күйім көтеріңкі. Маған жеңгем екеуі көп ризашылығын білдірді. Машинадан түсіп болғаннан кейін Баукең маған:
– Мынау өкіметтің таксиі, күндік план беруің керек, ақшасы қанша болады? – деді. 
Мен қарсылық білдіріп, «Батыр аға, сіз бен жеңгем екеуіңізге аздап жасаған қызметім болар, ештеңе алмаймын» дедім. 
Маған қарап ойланып тұрып, қалтасынан блокнотын алып Алматыдағы үйінің адресін жазды. 
– Інім қай уақытта келсең де саған есік ашық, – деді. 
Батыр ризашылығын білдірген соң қоштастық. Бірақ кейін Алматыға жолым түспеді. Сөйтіп, жанын аямай елімізді жаудан қорғаған, өзінің батырлығымен ел аузында аңыз болып қалған адамға аздап болса да қызмет жасап, ризашылығын алғаныма ерекше қуанып, баламның атын да Бауыржан деп қойған едім.

Кеңесбек СЕЙДІМБЕКҰЛЫ, 
халықаралық веломарафоншы.

Пікір қалдырыңыз