Махаң тұтынған бұйымдар музейге тапсырылды

Дилара БИМЕНОВА,
«Ońtústik Qazaqstan».

Мархабат Байғұт көзі тірісінде туған өлкесінен ұзамай-ақ тұтастай бір ұлттың жазушысына айнала білді. Оның қаламынан туған әрбір дүниесі ешкімді қайталамайтын мәнерімен ерекшеленетін. Қабырғалы қаламгермен қоштасқанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, әдебиет сүйер қауымның оның жылы жымиысының өзін сағынғаны байқалады. Жақында Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мархабат Байғұтты еске алу кеші өтті. 

«Көркемсөз бен көсемсөздің кемеңгері» тақырыбында ұйымдастырылған шараға жазушының көзін көрген, бірге қызметтес болған аға-інілері мен тай-құлындай тебісіп өскен сыныптастары, аяулы жары, қызы қатысты.  Олар алдымен Мархабат Байғұт жайлы дайындалған бейнебаянды тамашалады. Одан кейін аталмыш кітапхана қызметкері Аида Өтеп өзінің авторлық «Ана мен баланың жұмақта жүздесуі» атты жазбасынан монолог оқыды. Ондағы баласы Мархабатпен жүздескен Әсем ананың әр сөзі еске алу кешіне жиналғандарды ерекше тебірентті.
Жазушының балалық шағы, журналистикадан қаламгерлікке қадам басуы жайлы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қазақстанның құрметті судьясы, белгілі заңгер Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері Шәріпбек Жамалбеков, жазушы Шойбек Орынбай, «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендерінің иегері Фатима Қадырбаева әңгімеледі. Олар қарымды қаламгердің соңынан ерген ізбасар інілері мен жастарға әрдайым жол көрсетіп, қамқорлық, мейірімділік танытатын игі қасиетінің өзі бір төбе екенін жеткізді. Әсіресе, туған жерін жан-тәнімен сүйгеніне тәнті болды. Мархабат Байғұт көзі тірісінде Таупістелінің төрінде, қыр басында отырып өзі шығарған «Ақтолғай» әнін орындаған екен. Соны үнтаспадан тыңдап, қимастықпен көздеріне жас алды.  
Кеш барысында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының, Шымкент қалалық жөсөспірімдер кітапханасының, Шымкент қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының қызметкерлері Мархабат Байғұттың есте қалар есті сөздерінен үзінділер оқып, еске алу кешінің мазмұнын тереңдете түсті. Ал, ақын Дәурен Айманбет Мархабат Байғұтқа арнаған өлеңін оқыды. 
Іс-шараны өткізуге мұрындық болған Ы.Алтынсарин атындағы облыстық кітапхана директоры, Қазақстанның педагогикалық академиясының профессоры Ақмарал Құдайбергенова Мархабат Байғұттың көзі тірісінде тұтынған бұйымдарын, қолжазбалары мен қаламсаптарын облыстағы музейлерге жәдігер ретінде табыстады. Сонымен қатар, алдағы уақытта музейлерде Мархабат Байғұтқа арналған бұрыштар ашылып, қаламымен елге еңбек сіңірген тұлғаның өмір жолы мен шығармалары кеңінен насихаттала беретініне сенім білдірді. 
Қаламгердің Құдай қосқан жары Қыздаркүл Пернебайқызы мен қызы Ақлима Мархабатқызы келген қонақтарға ризашылықтарын білдірді. Ал, немересі Айкөркем қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін жатқа оқып берді.
Пікір қалдырыңыз