Аға аманатына адалмыз

Біздің әулетіміз үшін Ұлы Жеңіс мерекесінің орны ерекше. Өйткені, әкем Нұралы,  әкемнің інілері Сейдуалы, Мүсірәлі, Жүзтай ағам – бәрі де кешегі сұм соғыста толарсақтан саз кешіп, елді қорғады. Өкінішке қарай, Сейдуалы, Мүсірәлі көкелерім қан майданнан оралмады. 
Жүзтай (Жүсіпәлі) ағам 1923 жылы 20 мамырда ауданымыздың «Кеңес» колхозында дүниеге келген. Енді жігіт болып келе жатқанында Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанады. Сұрапыл соғыстың от-жалынын кеше жүріп, 1945 жылдың күзінде қолынан жарақаттанып, ауылға оралды. 
Сейдуәлі ағамыз соғыстан бұрын аудандық суландыру бөлімінде қызмет істеген еді. Ол кісі соғыстан оралмаған соң сол кездегі аудандық суландыру мекемесінің бастығы Талқа Әйменов Жүзтай ағамды су технигі етіп жұмысқа алды. Біраз уақыт жұмыс істеген соң Жүзтай ағам Шымкенттегі алты айлық курста білімін жетілдіріп, көп нәрсе үйреніп қайтады. Сөйтіп Жүзтай ағам елге пайдасы мол білікті маман болып оралады. Ол кісі одан кейін де Қызылорда гидромелиоративтік техникумын бітіріп, 1949 жылы аудандық суландыру (водхоз) жүйесінің бастығы болып тағайындалды. Содан 1987 жылға дейін осы қызметті атқарды. 
Зейнеткерлікке шыққан Жүзтай ағамды ұжымы жібермей, бөлім басқартып қойды. Осы жылдарда ол аудан игілігі үшін қаншама жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, аудан орталығын қақ жарып ағып жатқан, 1930 жылы Дүйсенбай Алтынбеков бастап қаздырған каналды одан әрі ұзартып, Отырарға дейін жеткізді, 1931 жылы қазылған Л-1, Шөлтөбе каналдарын ұзарту жұмыстарына басшылық етті. Сөйтіп аудан орталығындағы халықтың үйіргелік жерлерін суаруына жағдай туғызып берді. 
Ал, Шөлтөбе, қазіргі Т.Кенжәлиев атындағы канал қазір Автобаза, Шифер қораға дейін барады, ұзындығы – 7 шақырым. Оны халық егістікке пайдалануда. 
Тағы бір айта кетерлік жағдай, 1969 жылғы қатал қыста Арыс өзеніндегі 1936 жылы салынған тоғанды мұздан сақтап қалу жұмыстары кезінде Жүзтай ағам ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Осы еңбегі үшін Үкімет басшыларының алғысын алды.
1965 жылы шыққан Үкімет қаулысымен Шәуілдір массивінің сорланып кетуіне байланысты 10 мың гектар жерді күрделі тегістеуден (капитальный планировка) өткізу, соған байланысты осы жоғарыдағы жерлердің сметалық-құжаттамасын даярлау үшін бұл кісі сол кездегі «Главриссовхозстрой»,  «Союзгипрорис» мекемелерінің Ташкенттегі филиалына барып, жоғарыдағы 10 мың гектар жерді күрделі тегістеуден өткізуге және 534 шақырымдық ашық дренаж жұмыстарын жүргізуге қол жеткізді. Қазір ол жерлерді Отырар, Қарғалы, Талапты, Қоғам ауылдық әкімдіктерінде тұратын халық пайдаланып жатыр. Сондай-ақ, ағамыз Қызыл Ту насостарын қоюда да көп жұмыстар атқарды.
Ағам көпшіл, ақкөңіл, ашық-жарқын кісі болатын, ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Сондықтан болар, халық еркелетіп Жүзтай деп атап кеткен. Ол кісінің ұйымдастырушылық қабілеті де өте күшті еді. Жоғарыда айтып өткенімдей, аудандағы суармалы жерлердің еселеп артуына қосқан үлесі мол.
Ауданда сол жылдары суармалы жер 19 мың гектарға жетті. Соның арқасында аудан халқы 55-60 мың тоннаға дейін жүгері дәнін алды. Сол кездегі республикадағы, облыстағы орыс әріптес-басшылары «Жүзтай Иванович» деп атап, ұсыныстарын үнемі қуаттап, қолдап отыратын. Ағам осындай жайсаң жан еді. Қазір сол айтылған суармалы жерлер мен каналдар жағасымен жүріп өткенде ағамның қалдырған қолтаңбасы жарқырай көрінеді.
Ағам 1995 жылы 8 наурыз күні өмірден өтті. Ол кісіні ел есінде сақтау –  бүгінгі ұрпақтың борышы. Отырар аудандық мәслихаты мен аудан әкімінің біріккен қаулысы негізінде «Шәуілдір ауылындағы Л-1 каналына Жүсіпәлі Жақсыбаевтың есімі берілсін» деген шешім шықты. Мұны өте әділетті шешім деп білемін. Бұған мұрындық болған ауданның байырғы тұрғындары Қалжан Махатов, Тұрмахан Досбердиев, Ефрейм Брон, Асан Оралбаев, Қали Диханбаевтарға айтар алғысымыз шексіз. Өмірден өтіп кеткендерінің жатқан жерлері жарық болсын, пейіштің нұры жаусын дегім келеді.
Халқымызда «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген дана сөз бар. Жүзтай ағам осыдан  28 жыл бұрын өмірден өтсе де, ол кісінің өнегелі істерін бүгінгі ұрпақтары парасаттылықпен жалғастырып, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеру жолында еселі еңбек етіп келеді. Тірі болса ағам бүгінде 100 жасқа толар еді. Ал, аға аманатына әрқашан адал болу – біздің азаматтық борышымыз.

Ахмет ЖАҚСЫБАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері,
Отырар ауданының құрметті азаматы.
Пікір қалдырыңыз