Батыста сайлау қызғалы тұр...

Келесі кім?

Америка Құрама Штаттарындағы кезекті президент сайлауы 2024 жылдың қараша айына жоспарланып отыр. Дегенмен, қазірдің өзінде саяси додаға дайындық басталып кеткен сыңайлы. Мұны билікке талас басталды деп те айтуға келіңкірейді. Қазіргі президент Джо Байден АҚШ-тың 47-ші президенті болуға ниетті. Ол өзінің 80-ге келген жасына қарамастан, сайлауға түскелі отыр. Ақ үйдің экс-басшысы Дональд Трамп та сайлауға қатысатынын ресми түрде мәлімдеп үлгерді. Оның көмекшілері алда болатын сайлауға қатысуға ресми түрде құжат өткізді.
АҚШ-та президент бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады. Ел азаматтары президент сайлауына түсетін үміткерлерге дауыс береді. Бірақ сайлаудың ресми қорытындысы әр штаттан таңдалған 538 таңдаушының даусы арқылы шығарылады. Яғни келесі президенттің кім болатынын әр штаттың атынан шығатын өкілдер анықтайды. Сол 538 өкілдің кем дегенде 270-інің даусын жинаған адам Американың президенті бола алады. Егер сайлау алқасында екі кандидат тең түссе, екеуінің біреуін Өкілдер палатасы президент етіп тағайындайды. «Республикалық не Демократиялық партиялар атынан (АҚШ-тағы екі негізгі партия) президенттікке ресми кандидат болу үшін үміткер праймеризде жеңіске жетуі тиіс. Бұл процестер 2024 жылдың ақпанында басталып, маусымға дейін жалғасады. Ал сайлауға қатысу туралы ресми шешім жазда Республикалық және Демократиялық партиялардың съезінде қабылданатын болады» делінген ақпаратта.
Қазіргідей геосаяси ахуал ушығып тұрған кезде Америкада президент болып кімнің сайланатыны әлем елдерін қатты толғандыратыны белгілі. Өйткені АҚШ-тың әлемдік экономикада да, саясатта да орны бөлек. Тіпті өзгені айтпағанда, осынау алпауыт елдің Украинадағы соғысқа, украин халқының тағдырына қатты әсер етіп отырғандығы әмбеге аян.
Жуырда, 20 ақпанда Джо Байден Киевке барып, Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Оның бұл сапары қауіпсіздік үшін өте құпия сақталғаны сонша, Киевке Польша арқылы пойызбен барғаны белгілі болып отыр. Бұл туралы әлем хабардар болғаннан кейін Байденнің өзі де Киевке Украина президентімен кездесуге келгенін растады. Ол өзінің мәлімдемесінде: «Бүкіл әлем Ресейдің Украинаға қанды басқыншылығының бір жылдығына дайындалып жатқан тұста президент Зеленскиймен кездесу үшін Киевке келдім. Осы сапарым арқылы демократияны, Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін толық қолдайтынымызды көрсеткім келеді» деді. Тіпті сөзінің соңын «АҚШ Украинаны қанша қажет болса, сонша қолдайды» деп аяқтады. Зеленский де бұл кездесудегі екі жақты әңгіменің нәтижесіне ризашылығын жасырған жоқ. «Біз үшін 2023 жыл жеңіс жылы болады деп үміттенеміз» деді ол. Себебі Байден Киевке сапары кезінде Украинаны Ресейдің әуе шабуылдарынан қорғайтын артиллериялық қару, танкіге қарсы және ракетадан қорғайтын жүйе беретінін, Ресей элитасы мен компанияларына жаңа санкция салатын мәлімдеген еді.
Сонымен қазіргі таңда АҚШ-тағы президент сайлауы төрткүл дүние көз тігетін басты саяси додаға айналып үлгерді. Джо Байденге кімдердің бақталас болатыны әлі нақты емес. Белгілісі – Дональд Трамп қана болып отыр. Республикалық партияның өкілі 2017-2021 жылдары ел президенті болды. Сарапшылардың пікірінше, саяси бәсекеде Трамптың бағы жана қоюы екіталай. Ол президенттік таққа отырғаннан кейін өзінің берген уәделерінің көпшілігін орындамаған. Мәселен, инфрақұрылымды дамыту үшін қаржы бөлмеген. Әсіресе пандемия кезінде карантин енгізуге асықпауы, дағдарыс кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДҰ) шығуға шешім қабылдағаны да сынға ілініп отыр. Сонымен қатар 2021 жылғы 6 қаңтарда президент сайлауының нәтижесімен келіспей, Капитолийге басып кіргені де елдің есінен шыға қойған жоқ. Осының барлығы Трамптың сайлауға қатысуына, жеңіске жетуіне кері әсерін тигізуі бек мүмкін. Мұнан бөлек, сарапшылар Ақ үйден көшкеннен кейін оның үйінен құпия материалдардың табылғаны да президент болу ықтималдығын азайтуы мүмкін екендігін айтып отыр.
Айтпақшы, мұндай құпия құжаттардың Вашингтондағы Байден атындағы дипломатия және жаһандық ықпалдастық орталығынан, содан кейін Делавэрдегі жеке гаражы мен президенттің резиденциясынан табылуы Байденнің де абыройын айрандай төкті. Бұл құжаттар Байденнің вице-президент болған кезіне тиесілі екен. Ал, «құпия» саналатын құжаттардың Ақ үйден тыс жерге шығарылуы құпия құжаттарды пайдалану ережесін өрескел бұзу болып саналады. Сондай-ақ, Байденнің президенттігі кезінде АҚШ-та инфляция деңгейі көтеріліп, экономикалық жағдайдың нашарлағаны да сайлау нәтижесіне тікелей әсер ететін фактор болғалы тұр. Дегенмен, Байденнің қоғамдағы рейтингінің төмендеуі оның саяси не экономикалық қателіктерінен ғана емес, оның қызметке өте қиын уақытта келгенінен болып отыр дейтіндер де жоқ емес. Алайда, Байденнің ең үлкен қателігі – 2021 жылдың тамыз айындағы АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығарылуы. Осы сәтті пайдаланған Талибан елдегі билікті өте жылдам өз қолдарына алды.
Сонымен қатар, АҚШ президенттігіне үміткерлер санатында қазіргі Флорида штатының губернаторы Рональд Десантис те бар. Ол да Республикалық партияның өкілі.
Ал, жуырда Оңтүстік Каролина штатының бұрынғы республикашыл губернаторы және АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған Никки Хейли перзиденттік сайлауға түсуге дайын екенін мәлімдеді. Ол іскер әйелдер ұлттық қауымдастығының бұрынғы президенті, алғаш рет 2004 жылы Оңтүстік Каролина Өкілдер палатасына сайланды. Алты жылдан кейін, 2010 жылы штаттың губернаторы болып сайланған алғашқы әйел және 2011 жылы қызметіне кіріскен кезде елдегі ең жас губернатор болды. АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісі болу үшін екінші мерзімінің ортасында отставкаға кетті.

Кипрде жаңа президент сайланды

Кипр Республикасының халқы елдегі сыбайлас жемқорлықты және инфляцияны сынап, жаңа президент сайлауға ниет танытқан еді. Сонымен биыл қаңтар айында өткен саяси додада бұрынғы Сыртқы істер министрі Никос Христодулидис 51, 9 пайызбен жеңіске жетті.  Сайлаудың екінші кезеңінде халықтың белсенділігі байқалды, электораттың 72,2 пайызы өз таңдауын жасады. Осылайша саясаткер басты қарсыласын БҰҰ-ның өкілі Андреас Маврояннисті басып озды. Жаңа президент 49 жастағы Никос Христодулидис мемлекетті 5 жыл басқаратын болады.
  2004 жылдан бастап Еуропалық Одаққа кіретін Кипр Республикасының президентін жалпыға бірдей дауыс беру арқылы сайлайды. Ол ел үкіметін қалыптастырып, басқарады. Президент бес жылға сайланады. Қазіргі мемлекет басшысы Никос Анастасиадис бұл қызметті 2013 жылдан бері атқарып келеді. Жергілікті заң бойынша ол үшінші мерзімге қайта сайлана алмайды.
Сайлауға тек кипрлік гректер ғана қатыса алады, олар шамамен – 560 мың адам. Түрік Республикасы мойындамаған Солтүстік Кипр тұрғындары оларға дауыс берген жоқ.   
Сайлаудың екінші туры Христодулидис бірінші турда көшбасшы болғаннан кейін бір аптадан кейін өтті. Оған үшінші кандидат қатысты. Авероф Неофиту соңғы 10 жыл ішінде билікте болған оңшыл орталық «ДИСИ» партиясының жетекшісі. Неофитудің жеңілісі республикадағы ең ірі саяси күш – «ДИСИ» партиясы президенттік сайлаудың екінші кезеңіне өте алмаған алғашқы жағдай болды.
Никос Христодулидис елдің сегізінші президенті болып отыр. Айтпақшы, Маврояннисте айтарлықтай саяси тәжірибе бар. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясының вице-президенттерінің бірі, Кипрдің Еуропалық Одақтағы тұрақты өкілі болды. Аралдың бірігуі туралы мемлекет үшін ауыр мәселеде Маврояннис грек-кипр қауымдастығының келіссөз жүргізушісі рөлін атқарды. 2019 жылдың шілдесінде Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Кипрдің елшісі және тұрақты өкілі болды. 2022 жылдың маусымында «АKEL» партиясы саясаткерді Республика президенттігіне кандидат етіп ұсынды.
Мұның себебі, бұл – бүкіл еуропалық қоғамдастық үшін өте қолайлы болды. Маврояннис көрнекті саясаткер болғанымен, Ресейге Украина дағдарысы үшін кінәні жүктей отырып, оған қарсы тұра алмады.
Бірақ жеңісті 2018 жылдан 2022 жылға дейін Кипрдің Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Христодулидис жұлып алды.
Никос Христодулидис тәуелсіз кандидат ретінде сайлауға түсті. Ол үшін ол сыртқы істер министрі қызметінен кетіп, оңшыл «Демократиялық бірлестік» партиясымен (DISY) байланысын үзіп, үстем кипрлық саяси топта алауыздық тудырды. Мұның барлығы жарысқа қатысқан орталық-оңшыл «ДИСИДІҢ» жетекшісі Авероф Неофитуге қатысты болды. 
«ДИСИДІҢ» жетекші қайраткерлері Маврояннисті қолдайтындықтарын білдіргенімен, партияның кез-келген кандидатты ресми түрде қолдаудан бас тартуы сайлау жарысын ашық етті. Сайлаудың жетекші талдаушысы Христофорос Христофору: «Нәтиже консервативті сайлаушылардың «AKEL» кандидатына дауыс берудің идеологиялық кедергісін жеңе алмауына байланысты» деп атап өтті. Сонымен қатар, Кипрдің көптеген азаматтары ұзақ мерзімді банк дағдарысы үшін солшылдарды және алтыншы президентті айыптайды.
Христодулидисті грек және түрік бөліктеріне бөлінген Жерорта теңізі аралын біріктіру туралы келіссөздерге қатысты ашық түрде дұшпандық ұстанымға ие топтар қолдады. Көптеген адамдар үшін оның жеңісі, жақын арада Еуроодақтың ең шығыс мемлекеті Кипрдің бөлінуіне әкеліп соқтырған көпжылдық даудың шешімі табылатынына үмітін үзді.
Афиналық «Eliamep» талдау орталығының Кипр саясаты жөніндегі кеңесшісі Клеопатра Киттидің айтуынша, Кипр гректері үкіметке ұлтшылдық тенденцияларымен дауыс берді. 
Осы арада еске түсіре кетсек, 1974 жылы шілдедегі түрік шапқыншылығынан кейін Кипр этникалық негізде бөлінді: гректер мен кипрлік түріктер БҰҰ патрульдейтін атысты тоқтату сызығының екі жағында тұрады. Анкара Кипрді Грециямен біріктіру мақсатында Афинада ұйымдастырылған төңкерістен кейін аралға әскерлер әкелді. Нәтижесінде түрік әскерлері ел аумағының 30%-дан астамын басып алды. Аралдың солтүстік бөлігінде тұратын 200 мыңға жуық кипрлік гректер үйлерін тастап, оңтүстікке қашуға мәжбүр болды. 1975 жылы 13 ақпанда түрік қауымдастығының басшылығы біржақты тәртіппен басып алынған территорияларда Кипр түрік федеративті мемлекеті деп аталатын және 1983 жылы 15 қарашада Солтүстік Кипр Түрік республикасын жариялады, оны әлі күнге дейін тек Анкара мойындап отыр.
Осы жылдар ішінде қайта бірігу әрекеттері бірнеше рет сәтсіздікке ұшырады. Христодулидис БҰҰ-ның делдалдығымен осы уақытқа дейін келіссөздер жүргізіліп жатқан негізді қайта қарастыратынын мәлімдеді, бірақ сонымен бірге кипрлік гректер бейбітшілік процесін жандандыру үшін халықаралық қауымдастықтың сенімін қалпына келтіруі керек деген түсінік бар.
Жаңа президенттің алға қойған мақсаттары өте көп. Ол этникалық бөлінген аралдағы Кипр түріктерімен қайта қосылу туралы келіссөздердегі тығырықтан және инфляцияның кеңеюі кезіндегі еңбек дауларынан бастап, сыбайлас жемқорлық жанжалдары мен көші-қонның өршуіне дейін барлығын қолға алмақ.
Христодулидис өзінің жеңісінен кейін  кең консенсус негізінде министрлер кеңесін тағайындау үшін саяси партиялармен ынтымақтасатынын айтты. «Менің басты мақсатым – Кипрді тезірек біріктіру» деді ол..
Сарапшылардың пікірінше, Маврояннис Кипрдің бірігуі мәселесінде келісімді ұстанатыны сөзсіз. Христодулидис те келіссөздерді қайта бастағысы келетінін  көрсетті. Науқан кезінде ол Кипр, мысалы, Анкараның Кипр туының астында кемелер үшін порт ашуға келісімі үшін Түркия азаматтарына визалық режимді неғұрлым либералды ете аламын деп болжады.
Қазіргі жағдайда елдің сыртқы саяси бағыты және оның әлемнің барлық елдері үшін басты мәселеге – Украинадағы қақтығысқа қатынасы қызықты.
Бір жағынан, Христодулидис бұл мәселе бойынша қатал мәлімдеме жасаған жоқ. Екінші жағынан, ол: «біздің батыс еуропалық бағдарымыз - біздің тұрақты компасымыз. Бұл бағдар болашақта да нығая түседі. Сонымен бірге біз өңірдің барлық елдерімен, сондай-ақ Кипр проблемасын шешуде маңызды рөл атқара алатын барлық күштермен қарым-қатынасымызды кеңейтуді жалғастырамыз» деді. Жалпы алғанда, оның барлық мәлімдемелерінде батыс әлеміне көзқарасы байқалады.
Франция президенті Макрон Кипрдің жаңа президентін әлеуметтік желіде грек тілінде символдық хабарлама жазып, жеңісімен бірден құттықтады. Владимир Зеленский де осы сәтті пайдалануға шешім қабылдады. «Украина біздің еліміз үшін қиын уақытта Кипр республикасының қолдауын бағалайды. Мен мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін белсенді ынтымақтастыққа дайынмын» деді ол.
Сыртқы істер министрі болған кезде Христодулидес Ресеймен белсенді қарым-қатынаста болғанын және Кипрдің өзі Мәскеуге қарсы санкциялар салудан бірнеше рет бас тартқанын еске түсірсек, ресейліктерде сенімді диалогты жалғастыруға үміт бар. Бірақ қазіргі уақытта батыспен байланыс сөзсіз украин мәселесіне белсенді қатысуды білдіреді.

Петр Павел жеңіске жетті

Чехияда президент сайлауының бірінші кезеңінде НАТО әскери комитетінің бұрынғы басшысы Петр Павел жеңіске жетті. Оны дауыс берушілердің 35,4 пайызы қолдаған. Қарсыласы Чехияның бұрынғы премьер-министрі Андрей Бабиш 35 пайыз дауыспен сәл ғана қалып қойды. Ешкім 50 пайыздық межеден аса алмаған соң үміткер сайлаудың екінші кезеңінде бағын сынап көрді. Шара 27-28 қаңтарда өтті.  Бірінші турға бұл екеуінен бөлек тағы 6 кандидат қатысқан еді. Олар 4-тен 13 процентке дейін дауыс жинады. Екінші турда Петр Павел сайлаушылардың 58% даусына ие болды. Ал, Бабишқа дауыс бергендердің үлесі – 42%. Ал, қазіргі президент Милош Земанның өкілеттігі наурызда аяқталады. Ол билікке 2013-ші жылы келген еді. Жеңіске жеткен кандидат наурыз айының басында инаугурациядан кейін қызметіне кіріседі.
Павелдің платформасы Чехия Республикасының Еуропалық Одақ пен НАТО-мен байланысын сақтап қалады. Ол Украинаға әрі қарай әскери көмек көрсетуге бел буып отыр. Ол еуроны енгізуді және прогрессивті саясатты қолдайды.
 
Дайындаған Б.ДАРҒОЖИНА.

Пікір қалдырыңыз