Дара дәрігер

Есімі елімізге  танымал ғалым-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Халық Қаһарманы Мұхтар Әлиевтің туғанына 90 жыл толып отыр. Ол дәуірінің тамаша дәрігері болатын. Ұлтымыздың көптеген ғалым- оташыларының ұстазы, қазақстандық хирургтер мектебінде өз орны бар дегдар азамат еді. Мұхтар Әлиев 1933 жылы 2 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық стансасында теміржолшы отбасында дүниеге келген. 

1950 жылы Түркістан педагогикалық училищесін бітіріп, еңбек жолын Шымкент облысы, Шәуілдір ауданына қарасты Темір ауылының жетіжылдық мектебінде мұғалім болып бастаған. Одан кейін 1951-1957 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетінде оқып, білім алған. Дәрігерлік мамандықтың біраз қыры мен сырын игерген ол 1957-1958 жылдары Қызылқұм ауданындағы «Темір» кеңшарында (қазіргі Отырар ауданындағы Шәмші ауылы) учаскелік аурухана хирургі, кейін бас дәрігері  болып қызмет атқарды. Білімге деген құштарлық оны Алматыға қайта әкеліп, клиникалық ординатураға түсті. Уақытпен санаспай ауруханада еңбек етіп, хирургиялық жаңа тәсілдерді меңгеруге күш салды.   Бірер жылдан кейін хирургия бөлімшесінің хирург-дәрігері, ординаторы болып тағайындалды. Практикалық жұмыспен қатар аспирантураға түсіп,   Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері болып еңбек етті. 1969 жылдан 1976 жылға дейін Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының доценті, кафедра меңгерушісі, 1976-1980 жылдары Алматы медицина институтының хирургия кафедрасының меңгерушісі, 1980-1982 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі болып қызмет атқарды. 1980-1985 жылдары клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры болып жұмыс істеді. 1982 жылдан 1987 жылға дейін Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі, 1987 жылдан 2001 жылға дейін А.Н.Сызганов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры қызметін абыроймен атқарды. 
Ол Қазақстан медицинасында торакальды, абдоминальды, жүрек қан-тамырлары, эндоскопиялық хирургия, микрохирургия және транс-плантация салаларын айтарлықтай дамытты. М.Әлиевтің басшылығымен лазердің көмегімен бауыр эхинококкозын хирургиялық емдеудің түбегейлі жаңа әдісі дүниеге келді. Жүректің ишемиялық ауруы кезінде 50-ден астам аортокоронарлық шунттауды жүзеге асырды. Республикада бірінші рет өт қабын, аналық безді, бүйрек үсті безін, өкпені лапороскопиялық-эндоскопиялық жолмен алып тастау операцияларын жасады. Білікті дәрігердің бастамасымен ішкі органдарды трансплантациялау орталығы ұйымдастырылды. Өкпенің, өңештің және басқа да органдардың созылмалы ауруларын емдеудің көптеген әдісін практикаға  енгізді. Хирургиямыздың жетістіктері жайлы халықаралық конгрестерде, съездерде, конференцияларда баяндамалар жасап, отандық медицинаның көкжиегін кеңейте түсті.
Мұхтар Әлиевтің жетекшілігімен 70 докторлық, 83 кандидаттық диссертация қорғалды. Оның диссертант шәкірттері тек біздің Қазақстанда ғана емес, көрші Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзірбайжанда, Ресейде, Түркияда, тіпті Африкадағы Ангола мемлекетінде еңбек етуде. Ол 970 ғылыми еңбектің, оның ішінде 59 монографияның авторы, 155 авторлық куәлігі бар. Хирургия ғылыми орталығында бірге қызмет еткен 18 дәрігер-ғалым Мұхтар ағамен бірге екі рет (1988 және 1999) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты атанды.
Ғалымның ілкімді ізденістері мен игі істері және елге сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, 1995 жылы «Халық Қаһарманы» (Алтын Жұлдыз)  айрықша белгісі табыс етілді.
Қоғамдық істерде де М.Әлиев өзінің өшпес ізін қалдырды. Ол 11-ші, 12-ші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы XVI, XVII съездерінің делегаты, ҚКП ОК мүшелігіне кандидат, КОКП XXVIII съезінің делегаты, КСРО халық депутаты болды.  А.Н.Сызганов атындағы хирургия ғылыми орталығы жанындағы медицина ғылымдарының докторы ғылыми атағын алу үшін ғылыми диссертация қорғау диссертация кеңесінің төрағасы, «КСРО–Франция» Достық қоғамдастығы Қазақ бөлімінің төрағасы, Бүкілодақтық хирургтер қоғамының басқарма мүшесі, ҚазКСР ҒА төралқасының мүшесі, Халықаралық гастроинтестианалды хирургтер клубының, Н.И.Пирогов атындағы хирургтер ассоциациясының мүшесі, СПИД-пен күресу және алдын алу республикалық қоғамдық комитетінің құрметті төрағасы және ұйымдастырушысы, 1998 жылы Халық-аралық медицина ғылымдары академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Қазақ КСР ҒА, Халықаралық шығармашылық академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Нью-Йорк ғылым академиясының, ГФР Медициналық білім беру академиясының академигі, «Мамандық –Өмір» халықаралық сыйлығының, «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. 
Бүгін еліміздің қай өңіріне барсаңыз да М.Әлиевтің қолдауымен хирургия саласын шебер меңгерген, ғылым жолына түскен шәкірттерін кездестіруге болады. Өзі негізін қалаған Ұлттық хирургия орталығы бүгінгі таңда әлемге танылған беделді емдеу клиникаларының біріне айналды. Ғалым-дәрігерлердің ұстаздары жайлы ыстық пікірлерін тыңдай отырып, Мұхтар ағаны бейне жапырағы жайқалған, тамырын тереңге жіберген алып бәйтерекке ұқсатамыз. Мыңдаған жанға шапағаты тиген алтын қолды дәрігерлердің бірі, медицина ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан азамат Мұхтар Әлиев өз ғұмырында 13 мыңнан астам операция жасапты. Бұл – 13 мың адамның тағдыры. Оның табиғи дарыны еліміздің медицина саласын талай биіктерге көтеріп, талай мәрте әлемді жаңалықтармен толықтырды. Ол жасаған операциялар жас ғалымдарға тағлымды тәжірибе болды. 
Академик Мұхтар Әлиевтің  шәкірттерінің бірі өзіммін. Мен Жамбыл облыстық ауруханасында қатардағы дәрігер-хирург бола жүріп, ізденіп, ғылыми мақалалар жаза бастадым. Олардың  біразы Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев және де басқа қалалардың баспаларынан шығатын ғылыми-практикалық журналдарда жарық көрді. Мәскеудегі дәрігерлердің білімін жетілдіру институтына екі айлық курсқа барғанымда кафедра меңгерушісі, профессор И.Б.Розановқа жолығып, «Эхинококкоз ауруы жайлы жинаған, жарық көрген бір топ ғылыми мақалаларым бар. Соларды жүйелеп, реттеп, бір тәртіпке келтіріп, диссертация қорғасам» деген ойымды жеткіздім. Мақалаларыммен танысып шыққан ол: «Эхинококкоз ауруы Азия мемлекеттерінде жиі ұшырасады. Оның хирургиялық емі жайлы ғылыми диссертация жоқтың қасы. Сондықтан ойыңды, мына тақырыбыңды  қолдаймын. Ғылыми жетекшіңіз, қаласаңыз, мен-ақ болайын» деп келісімін берді. Сөйтіп, жолым болып, негізгі жұмыс орнымнан қол үзбей, екі жылда жұмысымды толықтырып, ғылыми негізін қалап, 1986 жылы Мәскеудің Лазерлік медицина ғылыми-зерттеу институтында сәтті қорғап шықтым. Еңбегімді орынды бағалаған мәскеулік ғалымдар әрі қарай докторлық диссертациямен айналысуымды ұсынып, тақырып бекітіп берді. Алайда, тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес Одағы ыдырады. Шек-аралар жабылып, Мәскеуге барып-келу қиындап кетті. Тығырыққа тіреліп, менің де біраз  қиналғаным бар. Содан бір күні «Тәуекел!» деп жиған-терген ғылыми жұмысымды көтеріп, елімізде «хирургияның корифейі» атанған  Мұхтар Әлиев ағамызға барып, бастан өткерген проблемаларды асықпай баяндадым. Сырт көзге түсі суық көрінетін ғалым мені түсіністікпен жылы қабылдады. Диссертациямды парақтап көріп: «Асқынған эхинококкоздың хирургиялық емі» бізде әлі қорғалған жоқ. Жұмысың ғылыми жағынан көкейтесті. Бірақ, осы тақырыпта біріншіден монография шығарыңыз. Содан кейін жолыңыз ашылады»  деп кеңес берді. Сөйтіп, академик Мұхтар ағамыздың қолдауымен монография шықты және арада көп уақыт өтпей докторлық диссертацияны да қорғаудың сәті түсті. Міне, осылай дегдар азамат М.Әлиевтің шапағатымен 1997 жылы алға қойған мақсаттыма жетіп, медицина ғылымының докторы атандым.
Қазақ медицинасын талай биіктерге жетелеген Мұхтар Әлиев 2015 жылдың 12 қаңтарында 82 жасқа қараған шағында өмірден озды. Отандық хирургияның дамуына ерекше үлес қосқан абзал азаматтың  шәкірттері оны әр кез ерекше сағынышпен еске алып, рухына тағзым етеді.   

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Жамбыл облысының құрметті азаматы.
Тараз қаласы.
Пікір қалдырыңыз