Ажырасу көбейіп тұр...

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қалалық соттары 2022 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Жиында алқа төрағалары өткен жылдың еншісіндегі жұмыстарға талдау жасап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Пәрменовтің айтуынша, былтыр қала көлеміндегі аудандық соттарға 28 240 арыз түскен. Яғни 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түскен арыздардың саны 2 257-ге көбейген. 
– Оның ішінде банкілік немесе қарыз шарттардан және отбасылық қатынастардан туындайтын даулардың саны артып тұр. 2021 жылы осы санаттағы істердің саны 8 834-ті құраса, былтыр 9 790 арыз түскен. Ал, неке және отбасылық қатынастардан туындайтын даулардың ішінде ажырасушылардың қатары қалың. Бір жылда 4781 отбасы неке бұзу бойынша арызданған. Ең жоғары көрсеткіш Қаратау аудандық сотына тиесілі. Оларға былтыр неке бұзу бойынша 1 437 арыз түскен.
Дегенмен, өткен жылы аяқталған істердің саны 19 277-ні құраса, оның 9 796-на шешім шығарылған. Бұл 2021 жылға қарағанда 135 іске артық деген сөз. Осы аралықта 5 426 іс медиация тәртібімен аяқталса, бұл ретте Абай және Еңбекші аудандық соттарын ерекше атап өткен ләзім, – деді Мұхтар Абайұлы.

23 адам ақталды

Қылмыстық істерге келетін болсақ, былтыр 1631 тұлғаға қатысты 2275 қылмыстық іс түссе, 23 адамға ақтау үкімі шығарылған. Ал, 2021 жылы 10 адам ақталған. Жыл ішінде 457 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Низамиддин Жамашов қалада жас балаларды азғындық жолға түсіру, есірткі, психотроптық заттармен заңсыз жұмыс істеу, алаяқтық, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу секілді санаттағы қылмыстық істердің көбейгенін алға тартты. Бір ғана алаяқтық бабы бойынша 249 іске үкім шығарылған. Оның үшеуі кәмелет жасына толмағандарға қатысты болса, 130 іс әйелдерге қатысты.
– Қаңтар оқиғасына байланысты 65 тұлғаға қатысты 46 іс қозғалды. Шығарылған 46 үкімнің біреуі әйелдерге қатысты. Олардың қылмысына қарай 3 жыл көлемінде жаза тағайындалды. Ал, сыбайлас жемқорлыққа байланысты 83 тұлғаға қатысты 37 қылмыстық іс түссе, оның 21-не айыптау үкімдері шығарылды. 12 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 20 азамат айыппұл төлеумен шектелді. Бір іс бойынша ақтау үкімі шығарылды. Оларға 166 496 117 теңге айыппұл салынып, қазіргі таңда оның 125 952 950 теңгесі бюджетке қайтарылды, – деді Низамиддин Қазыбайұлы.

Сот орындаушыларына наразылар көп

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Гүлмира Қыдырбаеваның мәлімдеуінше, 2022 жылдың 12 айында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына барлығы 1703 талап қою түскен. Олардың басым бөлігі сот орындаушылардың әрекетіне, мемлекеттік сатып алу кезіндегі келеңсіздіктерге, жер және мемлекеттік қызмет көрсету салалары бойынша шағымданған. 
– Осы қаралған әкімшілік істердің 573-не шешім қабылданса, 266 талап қою ішінара қанағаттандырылды. Яғни сот шешімдерімен тұрғындарға ауыртпалық түсіретін әкімшілік істердің күші жойылып, әкімшілік органга талап қоюшының пайдасына қолайлы акт қабылдау міндеттелді. Осылайша, әкімшілік сот ашылғалы бері қаншама жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, заңды мүдделері қорғалды, – деді Гүлмира Дұрысбекқызы.
Пікір қалдырыңыз