Хоккейшілердің қарқыны қатты

Қысқы универсиада ойындарында өнер көрсетіп жатқан хоккейшілеріміздің қарқынына көз сүйсінеді. Алғашқы 4 турдың қорытындысы бойынша олар өз тобында көш бастап тұр.
Алғашқы турда Оңтүстік Корея құрамасын 5:1 есебімен жеңген біздің жігіттер екінші ойында Венгрия қақпасына 9 шайба салды. Одан кейін Ұлы­британия хоккейшілерін 15:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл құрамалар өзге спорт түрлерінен мықты болғанымен, хоккейге келгенде әлсіз командалар қатарына жатады. 

Қазақстан хоккейшілері үшін нағыз сынақ енді басталады. Әзірге отандастарымыз алғашқы сынақтан сүрінбей өтті. Топтың фавориті саналатын Словакия құрамасын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Енді соңғы турда жарыс қожайындары АҚШ құрамасымен күш сынасады. Біздің құрамаға плей-оффқа шығу үшін ірі есеппен жеңілмесе жетіп жатыр. 
Осы орайда Қазақстан хоккейшілерінің бұрынғы универсиада ойындарында көрсеткен нәтижелеріне тоқталғанды жөн санап отырмыз. 1993 жылғы студенттер ойынында біздің құрама Ресейге ғана жол беріп, күміс жүлде иеленген. Ал, 1995 жылы нағыз сенсация жасап, чемпион атанған-ды. Сол жылдары қазақстандықтар азулы Финляндияны жартылай финалда, Чехияны финалда ұтқан еді. 
2007 жылғы ойындарда жартылай финалда Ресей құрамасына жол беріп, 3-орын үшін таласта Финляндияны жеңген. 2009 жылы тағы да жартылай финалда Ресейден ұтылып, қола жүлде үшін ойында Словакияға жол берген. 2011 жылы да біздің хоккейшілер 4-орынды қанағат тұтты. 2013 жылы ақтық сынға дейін жетіп, шешуші ойында Канада студенттеріне жол берген. 2015 жылы да алтын жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, күміс жүлдемен елге оралған. Алматыда өткен 2017 жылғы универсиада ойындарында «соңғы ойын» синдромы бізді айналып өткен жоқ. Сол кезде де ақтық ойында Ресей хоккейшілері айласын асырып кеткен. 2019 жылғы ойындарда қола жүлде үшін болған бәсекеде Канададан жеңілген еді. 

Ерболат АЙНАБЕКОВ.
Пікір қалдырыңыз