Су шаруашылығының сыры көп

Иә, бүкіл тіршіліктің көзіндей болып көрінетін суды тиімді пайдалана білмесең, әп-сәтте тілсіз жауға айналып, жолындағының бәрін жайпап кететіні рас. Оны үйлестіріп отыру да оңай  шаруа емес. Сайып келгенде, сусыз тіршілік атаулыны көз алдыңа елестету қандай қиын болса, ол саланы білікті мамандардан бөле-жара қарау да солай мүмкін емес. 
Саналы ғұмырын суландыру саласының өркендеп-өсуіне арнап, қырық жылдан бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Күлән Қожамқұлованы осы саланың білікті мамандарының бірі деуге болады. Бүгінде Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы басшысының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша орынбасары қызметін атқаратын оны сөзге тарта отырып, сыры көп саланың тыныс-тіршілігімен тереңірек таныстыруын өтінген едік. 

– Су шаруашылығы – жер үсті және жер асты суларын экономиканың түрлі салаларында тиімді пайдалану шараларын белгілеп, оларды іске асыратын, сондай-ақ суды қорғаумен және оның зиянды әсерімен күресумен айналысатын халық шаруашылығы саласы болып табылады. Бұл сала өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және коммуналдық шаруашылықты сумен қамтамасыз етуге, жерді мелиорациялау бағдарламасын орындауға, гидротехника мен су көлігін, балық шаруашылығы мен құс шаруашылығын өркендетуге, денсаулық сақтау ісін нығайтуға септеседі. Бір сөзбен айтқанда, сусыз тіршілік болмайды, – деді ол.
– Қазақстанда үлкенді-кішілі 85 мың өзен мен елу мыңға жуық көл бар. Соның қаншасы Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына қарайды?
Инспекцияға қарасты аумақта 127 өзен, 105 гидротехникалық құрылғы орналасқан. Осы су нысандарының заңға сай жұмыс істеуін қадағалау біздің инспекцияға міндеттелген. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдармен, прокуратура, салық инспекциялары және мыңдаған су пайдаланушымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз.
– Күлән Кәрібайқызы, осы салада қырық жылдан бері қалтқысыз жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамансыз. Айтыңызшы, тіршілік көзі саналатын суды біз қаншалықты тиімді пайдаланып жүрміз?
– Бізге дейін де суландыру саласының білгір мамандары бұл мәселені жіті қадағалап отырған. Айталық, су мұраптары, ел диқандары кәсіби шеберлігімен тіршілік көзін тиімді пайдаланып келді. Өзен бойларын таза ұстап, табиғаттың берген сыйын барынша қадірлей білді. Сол еңбектерінің арқасында, суармалы жерлерді игеріп, халықты тойындырып, ел мен жер байлығын молайтты. Бай табиғатты, құнарлы жерді, телегей-теңіз суды бізге мирас етіп қалдырды. Енді оны одан әрі күтіп ұстап, келер ұрпаққа қалдыру – біздің парызымыз.
– Сырдария етегіндегі ел жазда егіншілігіне су жеткізе алмай жатады. Ал, қыстың күндері мол суды қайда ағызарын білмей әлек болады... 
Қыс, көктем мезгілінде судың молайып, жаз, күз айларында азаятыны табиғи заңдылық. Өйткені, бұл мезгілдерде жауын-шашын мол болып, су өз арналарына сыймай жатады. Ал, жазда жаппай егін суару науқаны басталатындықтан, тіршілік көзіне сұраныс артады. Оны үйлестірудің қаншалықты маңызды екені осы тұста білінеді. Рас, суды тиімді пайдалану үшін су қоймалары мен өзен арналарын таза ұстауымыз керек. Кейде су аз болады да ел өзен-көлдердің етегіне дейін егін егіп, үй салып жайғасып алады. Бірақ, арада біраз жыл өткенде су арнасы өзінің бұрынғы деңгейіне көтеріледі де, жағадағы жаңадан салынған құрылыстарға қатер төндіреді. Өзендердің су қорғау аймағы мен белдеулерінде орналасқан заңсыз құрылыстармен күресу, атап айтқанда, мал қоралар мен демалыс аймақтарын мәжбүрлеп бұздыру түрлі қиындықтар туғызып жатады. Себебі, шағын кәсіпкерлікті қорғау саясаты оларды тексеруге, заңсыздығын анықтауға жол бермейді. Сонымен қатар, демалыс аймақтарының меншік иесі мен жер иесі екі түрлі болуына байланысты да қиындықтар туындайды. Осы аталған жағдайлар Су кодексінің талаптарын бұзған заңды және жеке тұлғаларға әкімшілік шара көруге қолбайлау болып отыр. Егер су арналары ашық, таза болса мөлшерден тыс келген суды төменге ағызып, қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік жасаған болар едік. 
– Биыл жаңбыр да мол жауды, қар да қалың түсті. Сырдариядағы су деңгейі қандай? 
– Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы 70-80 пайызға толып тұр. Әлі жиырма пайыздай су жинауға мүмкіндік бар. Өзеннің төменгі ағысына қарай секундына 1000 текше метр су тасталуда. Оның 400 текше метрі Көксарай су реттегішіне жинақталуда. Қызылорда облысына қарай 600 текше метр су ағып жатыр. Қаңтар, ақпан, наурыз айларында көктемгі тасқын суды қабылдауға уәкілетті органдармен шаралар қарастырылып, қауіп-қатердің алдын алу үшін түрлі қарекеттер жасалып жатыр. 
– Соңғы кездері ғалымдар су тапшылығына байланысты түрлі болжамдар айта бастады. Яғни су тапшылығы үдей түсетіні туралы жиі айтылатын болды. Маман ретінде бұған не айтасыз?
– Алматы қаласындағы географиялық ғылыми-зерттеу институтының   болжамы бойынша 2040 жылы біздің ел аумағында су тапшылығы 40 пайызды құрайды екен. Демек, тіршілік көзі төңірегіндегі ғалымдардың алаңдауы бекер емес. Ендеше, адам өміріне ең бірінші қажетті ресурс ауа мен су екенін ескеріп, оны барынша тиімді пайдалану жолдарын қарастыра беруіміз қажет. Су ресурстарының қадірін біліп, бұл салаға ерекше назар аударатын уақыт жетті. Қазіргі таңда егістікке берілетін судың тең жартысы буланып ауаға ұшып, жерге сіңіп, ысырап болып жатыр. Себебі, суармалы каналдардың әлі де көптеген бөлігі бетондалмаған. Рас, соңғы кездері бұл олқылықтардың орнын толтыру әрекеттері қарқынды қолға алынды. Нәтижесінде, 2020-2021 жылдары Түркістан қаласы аумағындағы Түркістан магистральды каналының 75 пайызы бетондалып, 60 миллион текше метр су үнемделді. Яғни каналдың пайдалану әсер коэффициенті 0,96 пайыз болды. Суды үнемдеу технологиялары да қолданылуда. Алайда, бұған тоқмейілсуге болмайды, әлі де жұмысты жандандыра түсуіміз керек. 
– Күлән Кәрібайқызы, бір қарағанда бұл сала нәзікжанды қыз балаларға қолайсыз сияқты көрінеді. Ал, Сіздің өз кәсібіңізді шексіз сүйетініңіз әңгімеңізден аңғарылып тұр. Жалпы, суландыру саласында қызмет атқарып жүрген қыз балалар көп пе?
– Көп деп айта алмаймын. Өйткені, біз бір топта 27 қыз оқыдық, бірақ оның бәрі өмірін бұл саламен байланыстыра алған жоқ. Мүмкін ер адамдармен тең дәрежеде далалы жерлерде жүріп, су өлшеп, жердің табиғи құнарын тексеріп, ылғалдылығын анықтап, бір сөзбен айтқанда, ыстық-суығына төзіп жүруге мүмкіндіктері болмаған шығар. 
Өзім Алматының қызымын. 1985 жылы Қазақ химия-технология институтын бітірдім. Мамандығым – инженер-технолог. Еңбек жолымды ерте бастадым, яғни институт қабырғасында жүріп-ақ жұмысқа араластым. Содан міне, қырық жыл бір салада табан аудармай жұмыс істеп келемін. 1982 жылы Арал–Сырдария бассейндік инспекциясына инженер лауазымымен жұмысқа кірдім. Жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы болдым. 2018 жылдың қазан айынан бастап Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарып келемін. Құдайға шүкір, жаман болған жоқпыз. Еңбегім басшылар тарапынан лайықты бағаланып келеді. Әріптестеріме де дән ризамын. Бір үйдің баласындай ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Осыдан он жыл бұрын елу жасқа толғанымда қызылордалық әріптес ағамыз Әділхан Қарлыханов «Күлән өте бақытты адам, өйткені, оның еңбек кітапшасында бір ғана мекемеде жұмыс істегені жазылған. Бұл өте сирек кездесетін жағдай» деп жоғары бағалаған еді. Міне, одан бері де он жыл өтіп, өзімнің алпыс жас мерейтойыма осындай жетістіктермен жетіп отырған жағдайым бар. 
Иә, айтса айтқандай, әріптестері «Суландыру саласының сұлуы» деп атап кеткен Күлән Кәрібайқызының жеткен жетістіктері де аз емес. Әр жылдары «Экология саласының үздігі», «Суландыру саласының үздігі» медальдарымен, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, Түркістан облысы мен Қызылорда облыстары әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталғанын да айта кетейік. Ендеше, сыры да көп, «жыры» да көп салада сыр алдырмай, шаршап-шалдықпай қырық жылдан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан нәзікжанды маман – Күлән Кәрібайқызына біз де өз тарапымыздан толағай табыстар тілейміз. 
Пікір қалдырыңыз