Көрегеннің болмаса да көргендінің тірлігін істеді

Облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT»  партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары  Қалыйма Жантөрееваны үнемі оралымды істердің ортасынан көресіз. Қашанда тың идеяларымен танылып жүрген депутаттың әрбір бастамасы көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа жылдың басталғаны сол, біз тағы бір ізгі іс-шараның куәсі болдық. Халық қалаулысы Кентау қаласындағы Оқушылар үйіне ұлттық киімдер сыйлады. Сондай-ақ, Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесіп, ел егемендігі жолындағы ерен істеріне алғыс айтты. Жастық шағын ызғар қарыған қазақ аруларының бастарына орамал жауып, құрмет көрсетті.

Жиынға Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Рысты Асымбекова, Фарида Бекжігітова, Бибінұр Абдраймова, Сәуле Көлбаева, Ләззат Көлбаева, Гүлнар Амал­ова, Гүлмира Нұркелекова, Мәдина Шілекеева, Базаркүл Данирова, Роза Төреқұлова қатысып, тәуелсіздік жолында жастардың бастан өткерген қиыншылықтарын айтып, өзара ой бөлісті.

«Желтоқсан  құрбандарын еске алу шараларын желтоқсанның аяғына дейін жалғастырдық. Жастық шағын желтоқсанның ызғары қарпыған қазақ аруларына арнап арнайы орамал алып келдім. Ал, Оқушылар үйіндегі өнерлі қыздарымызға ұлттық өрнекпен кестеленген костюмдер сыйладым. Қыз деген гүл сияқты ғой, кестелі киімдер жараса кетті» дейді Қалыйма Жантөреева ерекше риза сезіммен. 

   Ерекше әдемілігімен көздің жауын алатын осынау ұлттық киімдер Қалыйма Жантөрееваның өз қолынан шыққан. Ол кісінің ісмерлігі жайлы біреу білсе, екеу білмес. Алайда, айтайын дегеніміз ол емес, айтайын дегеніміз қашанда партияның қым-қуыт тірлігінің арасында жүріп, ол кісінің бәріне қалай үлгеретініне таңданбасқа шараң жоқ. Бұл жолғы қайырымдылық іс-шарасының мақсаты сонау ызғарлы желтоқсанда намыстың алау отын жағып алаңға шыққан, осылайша тәуелсіздікке қол жеткізуді армандаған балауса қыздардың рухына арналғанын айтады өзі. Қазақы нақыштағы киімдері бойларына әдемі жарасқан өнерлі қыздар Желтоқсан оқиғасының құрбандарын бір сәт үнсіздікпен еске алды. Желтоқсан оқиғасына қатысқан апаларына құрмет көрсетті.  «Қазақ оюындағы нәзіктік мейірім шақырады. Мейірім – тәрбиенің анасы» дейді Қалыйма апай.   

2021 жылы да Қалыйма Жантөреқызы Кентаудағы Ш.Қалдаяқов атындағы Мәдениет сарайының өнерпаздарына ұлттық оюмен өрнектелген киімдерді сыйға тартқан болатын. 

Іс-шараға қатысқан Желтоқсан қаһармандары ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты. Халық қалаулысы барша шараға қатысушылармен бірге Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» әнін қосыла шырқады.

Ал, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қалыйма Жантөреева Кентау қаласының бүлдіршіндеріне сыйлықтар табыс етті.  

Онға жуық көпбалалы отбасының үйлеріне барып, жалпы 50 балаға жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді. 

«Бүлдіршіндерге тәттілер табыстағанда ерекше әсерге бөлендім. Әрқайсысы бір-бір сыйлықтан ұстап тұрғанда өзімнің балдәурен балалық шағым есіме түсті. Әкетайым жұмысынан үйдегі сегіз балаға да тәтті сыйлық беріп жіберетін. Сыйлықтарды ұйықтағанда жастығымыздың астына басып ұйықтайтынбыз. Кейде шоколадтары еріп кетіп, жастықтың тысын бүлдіріп қоятын еді. Сабырлы анамыз ләм демей, жастықты ауыстырып қоятын. Бүгін соның бәрі есіме түсіп, еріксіз жымидым, балалармен  бірге қуандым» деді Қалыйма Жантөреева.

Б.ДӘРІҚОЖА.

Пікір қалдырыңыз