Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабайұлы –бір әулеттің балалары

Біз оңтүстік астанадағы «Құлан» тұрғын үй кешенінде тұрамыз. Бұрынырақта да қазақы, мұсылман жолымен сәлемдесіп, үлкенге деген ілтипатымен жүрегімізді жаулап алған жас жігіт бір күні дәл іргеміздегі аумағы кеңірек пәтерге көшіп келді. Дәл есік аузында кездесіп қалғанда мен оны жаңа қонысымен құттықтадым. Ол қашанғы елгезек қалпымен «ата, бұйырса әлі қоныс тойымызда боласыздар» деді. Қажет жерінде үлкенмен де, кішімен де қалжыңдаса беретін мен: «Жоқ, олай болмайды» дедім. Жаңа көршім «неге, ата?» деді сасқалақтап. «Алдымен ерулік деген бар емес пе?» дегенімде ол сөзімнің төркінін ұққандай болды.
– Дәулет ата, менің атым – Абай, - деді.
– Бәрекелді, – дедім мен шын сүйсініп. – Сені алдымен Алла, одан кейінгі жерде аттас Абай атаңның әруағы қолдасын!
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емес пе?! Жаңа күмілжи сөйлеген жас арыстаным енді батылданып:
– Ата, менің толық аты-жөнім Абай Құнанбаев, – десін! Мен:
– Солай ма? – деп таңырқап тұрып: – Олай болса, мен жаңадан жаңғырып, ашылып жатқан Абай облысындағы Абай ауданының қазағы боламын, – дегенімде өзімізше мәз болғанбыз.
...Ал, одан кейінгі жерде мен де, ол да сөзімізде тұрып, жақын танысып, араласа бастадық. Бірде көршіміз бала-шағасымен біздің үйде отырғанда Мақтаарал ауданында сот төрағасы болып қызмет істейтін әкесі Құнанбай ұлымен видео арқылы байланысқа шықты. Ұлы «көрші атаның үйінде отырмыз» деген соң маған телефон арқылы сәлем берген. Кейіннен Құнекең бауырымыз Алматыға келгенде де тілдесіп, тағы да бір қызықты жайттарды естіп, таңырқап-ақ қалғанбыз.
Он баланың ата-анасы атанған Әбибулла ақсақал мен Хадиша апа ұлдарының біріне – Құнанбай, ал, кенжесіне Жабай есімін беріпті. Мұның себебін былайша түсіндірген.
«Әбибулланы әкесі Иса қайтыс болғаннан кейін әкесінің ағасы Мұса бауырына басыпты. Абай заманында өмірге келген Мұса атамыз ескі тарихқа жүйрік, аса діндар адам болған екен. Шыңғыстауда ғұмыр кешкен, қарадан шығып хан атанған, Абайдай алыптың өмірге келуіне себепкер болған Құнанбай сынды кемеңгердің атақ-даңқы, есім-сойы біздің елге де ежелден белгілі болған. Туған баласындай қолында өскен Әбибулланың бір ұлына Құнанбай, екіншісіне Жабай есімін қойған сол Мұса атам екен. Ол кісі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында өмірден озды. Жыр алыбы Жамбылдың әкесі Жабайдың да қандай құрметке болсын лайық екендігіне ешкім шек келтірмесе керек. Сол себептен де атам ең алдымен құрметті осы екі алыптың әкесінен бастауды жөн көрген секілді.
Ал, әкем Әбибуллаға келетін болсақ, ол кісі оқу-білімнің соңына түспегенімен, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болатын. Ерекше кітапқұмар адам еді. Жақсы кітапты тіпті Ташкенттен сатып алдырып оқитын. Сондықтан ол әке орнына әке бола білген Мұса ағасының әлгіндей ұйғарымына қуана келісіпті».
Әңгіме арасында аталған әулетке қатысты тағы бір қызықты жайтты естідік. Яғни жоғарыда есімдері аталған ағайынды Мұса мен Исаның азан шақырып қойған аты Итбай, Күшікбай болған екен. Тұңғыштары Мұсаға дейін нәрестелері шетіней берген соң ырымшыл қазақ амалсыз осындай шешім қабылдаған ғой. Ал, енді, неге аттары өзгеріп кеткен дегенге келетін болсақ, Мұсаның ұлы үйленейін деп жатқанда болашақ құдалары «Итбай, Күшікбайлармен құда болмаймыз» деп намыстанғаннан кейін олар еріксіз есімдерін өзгертіпті. Соған Жаратқан назаланды ма екен, кім білсін, сол тұста Мұсекеңнің бір баласы кенеттен өмірден аттанып кете барыпты. Әйтеуір бір абзалы сол, қазірде бұлар өсіп- өнген үлкен әулет.
Соның бәрін тілге тиек еткен бүгінгінің Құнанбайының заңға ғана емес, сөйлер сөзге де жүйрік екенін байқадық. Ол 2007 жылы Мекке-Мәдине жағына сапарлап барғанында баба Құнанбайдың тек қажылық парызын өтеумен ғана шектелмей, сол жақтағы қандас бауырларымызға арнап қонақүй салдыруға мұрындық болғанына қайран қалыпты.
Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетін тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай бітірген бүгінгі күннің Құнанбайы жолдамамен кешегі заманның биі атанған Құнанбай еліне, шығыс өңіріне, нақтылап айтқанда Тарбағатай ауданына ат басын тірейді. Ал, бұл шақта хакім Абайдың 150 жылдық торқалы тойы тек бір өңір, тіпті бір елмен шектелмей, әлемдік деңгейде аталып жатқан-ды. Сондықтан 1995 жылдың мамыр айында өмірге келген немересіне Хадиша апаның хакім есімін беруі қай жағынан болса да жарасып тұр деуге болады. Ал, екінші ұлы Жабайдың арада екі айдан кейін өмірге келген нәрестесіне Жамбыл есімі берілуі де заңдылық. Бұл шақта өмірден озып кеткен Әбибулла ақсақалдың әруағы тебіреніп, бір аунап түскен де болар.
Айтпақшы, бүгінгі Абайдың анасының аты – Хадиша. Ол кісі де жоғары білімді ұстаз. Бұлар тұңғыштары Абайдан кейінгі ұлдарына Ыбырай, Абылай сынды ұлт мақтаныштарының атын қойған екен. Тіліміз тасқа дейік, ал, бүгінде Абайдың екі, Жамбылдың үш ұл-қызы желкілдеп өсіп келеді. Абай да, Жамбыл да, Жамбылдың әкесі Жабай да мамандықтары бойынша математик. 2017 жылы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетін бітірген Абай қазір аталған университеттің докторантурасында оқиды. Алматыдағы энергетика және байланыс университетінде математика пәні бойынша оқытушы болып еңбек етіп жүр. Таяуда Чехияға барып, білімін жетілдіріп қайтуды жоспарлауда.
Ал, әкесі Құнанбайға қайырылып оралатын болсақ, ол Тарбағатайдан соң еліміздің шығысындағы Риддер қаласы мен Зайсан, Көкпекті аудандарында мамандығы бойынша қызмет атқарыпты. Бүгінде Мақтаарал аудандық сотының төрағасы болып қызмет істейтінін жоғарыда айтқанбыз. Тегінде бұлар онтүстік өңірдің Жетісай жағындағы Мақтаауыл деп аталатын елді мекенінен. Құнанбай жас жағынан менің тұңғышыммен шамалас болса, оның тұңғышы Абай біздің тұңғыш немереміз Азаматпен құрдас.
Солайша қазірде немереммен құрдас Абай Құнанбаевпен көрші болып тұрып жатқан жайымыз бар. Кешегі Құнанбай мен Жабайды, одан кейінгі жерде Абай мен Жамбыл сынды алыптарды әспеттеп, құрметтеп отырған әулетпен танысып, білісіп жатқанымызға біз де қуаныштымыз! Тағы да жоғарыда айтқандай, баршамызды алдымен Алла, ал, одан кейінгі жерде алыптар әруағы қолдасын деймін!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті
журналисі.
Алматы қаласы.
Катира
Машша алла тил козим таска Абай Жамбыл өмірлерін узак болсын алар асуларын коп болсын арман максаттарын биык болсын үлгілі устаз құрметке лайықты болуларына тілектеспіз
Қаншайы Абдыхалыққызы
Керемет әңгіме есітіп қуанып отырмын. Алла тіл көзден сақтасын. Айналайын Абай біз үшін сен ерекшесің. Бір күні төркініме келсем тәп-тәтті балақай анамның арқасында отыр. Ол Абай екен. Айналып сүйіп жатырсын. Сол Абайымыз міне осындай дәрежеге жетіп, үлкен азмат болып, еліне қызмет етіп жүр. Алар асуларың көп болсын. Біздер сенімен мақтанып жүрейік. Үлкендерді сыйласа Алла сені қолдасын! Өз әулетіңнен тарихи әңгіме берген Дәулет ағаға Алла разы болсын! Керемет әңгіме. Қуанып қалдым. Абай әруақытта жолың ақ болсын! Биіктен көріне бер!
Қарлығаш Әбдіхалыққызы
Абай мен Жамбылдың дені сау өмірлері ұзақ болсын. Алар алулары көп болсын.Әбибулла әулетінен кішкене болсада тарихи әңгіме бергеніміз үлкен рахмет.
Тажигул .
Я,керемееет екен,Абай мен Жамбыл омирлерин узак болсын,дуниенин килти математика,математик болгандарын кутты болсын.Аллах тагала адамды жаратканда омырткага букил органдарды омырткага байлан гой,Сол сиякты математикасыз омир жок.Аллахтын кудирети кушти гой,ширкин,.Даулет ага сизге Рахмет,омириниз узак болсын,ауырманыз.