Екі ойыншы, екі стратегия, екі әскер және бір жеңімпаз



NIS-те дәстүр бойынша шахматқа айрықша қызығушылық танытатын оқушылардың басын қосқан желілік спартакиада өтті. Ақ-қара ойынның жас виртуоздарын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен оңтүстік астанадағы шахмат федерациясының аға жаттықтырушысы Асылхан Қараев құттықтады. 
NIS шахматшылары Lichess платформасында кездесіп, үш күн бойы тартысты ойын көрсетті.
Командалық есепте елордадағы физика-математика бағытындағы NIS құрамасы чемпиондық атаққа ие болды. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің жас шахматшылары күміс жүлдені еншілесе, үздік үштікті Семей қаласындағы NIS командасы жапты.
7-9 сыныптар арасында бірінші орынды елордадағы халықаралық бакалавриат мектебінен Бексұлтан Молдағали және Семей қаласынан Тоғжан Кәрібаева иеленсе, 10-12 сыныптар арасындағы сайыс жеңісі атыраулық Ибрагим Ғалымжанұлы пен Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Елдана Қалиахметке бұйырды.
Ең жас ойыншылар арасында Көкшетаудағы Зияткерлік мектептің спортшысы Алидар Құрмантас пен астаналық Амина Дүйсенова чемпиондар болып танылды.
Ал 10-12 сыныптардың қыздары арасында бірінші орынға ие болған Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Елдана Қалихамет NIS жүйесінде шахмат ойынының қарқын алып жатқанын атап өтті:
–  Желілік спартакиадаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған, қарсыластар да осал емес. Зияткерлік мектептерде бұл спорт түрінің дамып келе жатқаны бәрімізге шабыт бергені сөзсіз.
Ең жас қатысушылар санатында Астанадағы халықаралық мектеп оқушылары ерекше көзге түсіп, 1 алтын және 1 күміс, 2 қола жүлдені иеленді.
Ал Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-те пианиноның ақ-қара пернелерін меңгерген Данияр Керімқұл бағын ақ-қара зият ойынында да сынап көрді.
– Пианинода өзіңнің ішкі күйіңді қозғай отырып ойнасаң, шахматта қарсылас бар, барлық зейін тақтада болады екен. Ерекше әсерге бөлендім, – дейді шымкенттік қатысушы. 
Алматы қаласындағы шахмат федерациясының өкілі Әділ Тоқтамысов басқарған төрешілер алқасы қатысушылардың логикалық және креативті ойлауын, талдамалық қабілеттерін және сәйкесінше спартакиаданың жоғары деңгейін атап өтті.
Пікір қалдырыңыз