Үміткерлер әлеуметтің әлеуетін көтерсек дейді

Қазіргі таңда әлемде геосаяси күрделі ахуал қалыптасты. Көршілес мемлекеттер Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар, одан қалды  Армения мен Әзірбайжан, шекаралық тұрғыда Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстар елімізде  бейбіт өмірдің қаншалықты маңызды екенін аңғартқандай. Ал, бейбітшілікті сақтау үшін саяси тұрақтылық керектігі әмбеге аян.

Еліміздегі Президент сайлауына да санаулы күндер қалды. Қазіргі уақытта үгіт-насихат жұмыстары жүруде. Сайлауға түсетін үміткерлердің ішінде халықтық коалиция атынан ұсынылған және бірнеше саяси партия мен қоғамдық бірлестіктің қолдауына ие Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл партиясы» атынан Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаев, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығының атынан ұсынылған Мейрам Қажыкен бар. Бұдан бөлек кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан ұсынылған Президент жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған Президент жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Салтанат Тұрсынбекова, оппозиция өкілі, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан ұсынылған астаналық филиалдың жетекшісі Нұрлан Әуесбаев та бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың мүшелері өңірлерде сайлаушылармен кездесуді жалғастырып жатыр. Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сарапшылар, журналистер кіретін РҚШ мүшелері өңірлерде кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелерін түсіндіріп, іс-шараларды белсенді өткізіп жатқанын атап өтті. 
Президенттікке кандидат  Жигули Дайрабаевтың сайлауалды бағдарламасы дала демократиясының принциптері; жоғары рухани-адами мәдениет; қуатты аграрлық сала және бақуатты өңірлер тәрізді біздің басты ұлттық артықшылықтарымызды барынша іске асыруға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.
Салтанат Тұрсынбекова өзінің сайлауалды бағдарламасында әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін қысқартуды, сондай-ақ 1-2-топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларға күтім жасауды, ең төменгі жалақы мен өмір сүру деңгейін арттыруды ұсынып отыр (зейнетақы жинақтары, жәрдемақылар мен шәкіртақылар). Көпбалалы және қиын жағдайдағы отбасылардың қарызын есептен шығару, толық емес отбасылардың мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту, жас отбасыларға ипотека алу кезіндегі жәрдемақылар мен субсидияларды енгізу және тағы басқа ұсыныстары бар.
Президент болуға және бір үміткер Қарақат Әбден өзінің сайлауалды бағдарламасында барлық қазақстандық отбасылардың лайықты өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасауды, тұрғын үй алуға немесе белгілі бір кезеңге пәтер жалдау ақысын төлеуге арналған ақшалай сертификаттар жүйесін енгізуді, бала тәрбиелеп отырған үй шаруасындағы әйелді «қызметкер» деп танып, осы мерзімді еңбек өтіліне қосуды, аға буын өкілдерін тарта отырып, ұлттық-патриоттық жастар клубтарын құруды, зейнеткерлік жастағы адамдарға елімізде жеңілдікті тарифтермен саяхаттауға мүмкіндік беретін бағдарламаны қолға алған.
Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкеннің сайлауалды бағдарламасының басты фокусы – жасы, жынысы, ұлты, діні мен әлеуметтік мәртебесіне тәуелсіз Адам болып cаналады. Ол өз бағдарламасында медициналық персоналдың тапшылығын жоюды, дәрігерлердің әлеуметтік әлеуетін арттыруды, олардың жалақысын ұлғайтуды, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесін,  еңбек жағдайларын жақсартуға басымдық береді. Мейрам Қажыкен қазір  сыртқы қауіптердің төнуі мәселесі күрделі жағдайда, ұлттық қауіпсіздік, оның ішінде қорғаныс бағытын нығайту – өте өзекті деп санайды.
ЖСДП-дан ҚР Президенттігіне кандидат Нұрлан Әуесбаев өзінің сайлауалды бағдарламасында адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға және жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен тығыз жұмыс істеуіне баса назар аударады. Сондай-ақ, Нұрлан Әуесбаев халықпен кездесуде олигархиялық экономикадан бас тарту, тегін медицина және білім беру, парламенттік-президенттік басқару нысанына көшу секілді өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырып жүр. Үміткер атап өткендей, бүгінде ел алдында тұрған басым міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлықты жою.

Сіз не дейсіз?

Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ, қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы:
– Жеті жылдық, бір реттік Президент сайлауы елдегі бастамалар мен реформаларды тиянақты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қоғамды біріктіруші күш ретінде Президенттің жанында реформаларды жүзеге асыруға толықтай жағдай жасайды деп есептеймін. Сондықтан еліміздегі болып жатқан саяси трансформациялар бұл тек қана президенттік биліктің ғана емес, жалпы барлық билік тармақтарына әсер етіп, Парламенттің қайта құрылуына алып келеді. Өйткені, алдағы жылы көктемде өтетін кезектен тыс Парламент сайлауы, мәслихат сайлаулары Конституциялық реформаларға сәйкес пропорционалды-мажоритарлы өтуі, еліміздегі кез келген азаматтың бастамашыл тобы арқылы депутат ретінде өзін ұсынуға мүмкіндік алуы, сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқаруда әкімдерді тікелей сайлау сияқты өзгерістердің барлығы елдегі саяси жүйенің қайта құрылуының негізгі көрінісі болып табылады.
Сапарбек САХОВ, саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Соңғы үш жыл уақытындағы елдегі оң өзгерістерге үміттену және оның барысы шабандықпен ұласуы көптеген азаматтардың сеніміне қаяу түсіргендей көрінді. Бұл жағдай соңғы жылдары қордаланған қоғамдағы негативтерді еңсеру үдерісін жылдамдату талабын туғызды. «Қаңтар оқиғалары» саналық-психологиялық катализатордың рөлін қаламасақ та, қаласақ та та атқарды. Бүгінгі күні қоғамдық пікір гаммасынды басты үш пікір көзге түсуде. Бірі – конституциялық өзгерістерді қолдап, жоғарғы билік иесін қайта сайлап, атқарушы үкімет билігін қайта тағайындауды қолдаушылар; екіншісі, реваншистер (қайта қалпына келтірушілер); үшіншілер, екі айтылған бағыттағыларды да «жақтырмайтындар» және сайлаудың өткеніне де, өтпегеніне да «басын ауыртпайтындар». Мен өзім айтылғандардың алғашқы сегментіндемін. Бізге ең қолайлысы құқықтық негізде, демократиялық жолмен жүзеге асатын эволюциялық оң өзгерістер. Ол – бір түнде жүзеге аса салатын «қаңтар» немесе баяғы «Ұлы Октябрь» емес. Мүмкін, біраз уақыттан ұтылармыз. Біраз ұрланған дүниелерден ұтылармыз. Есесіне 300 жылдан бері кәрі тарихтың заңдылығымен ұлт уысына әзер түскен тәуелсіз шаңырағымызды шайқалтудан сақтанамыз.  Алдағы сайлау реваншистер үшін күтпеген, соңғы ауыр соққы. Халық өз таңдауын өзі жасар. Барлық үміткерлерге қарсы дауыс та бар, егер халық солардың жағында болса. Меніңше, саяси санасы  бар, қоғамның дамуына бей-жай қарамайтын көзіқарақты сайлаушылар елімізде жеткілікті ғой деп ойлаймын.
Светлана ИМАНҚҰЛОВА, заңгер:
– Президентті бір реттік сайлау – бұл монополизациядан сақтау. Қазір рухы мықты, қазақтың нағыз патриот, ұлтжанды азаматтары өсіп келе жатыр ғой, жас буындар. Соларға да мотивация. Алға ұмтылу жолында бір жаңа серпіліс береді деп ойлаймын.
 Жан де БРАБАНДЕР, Брюссельдегі дипломатиялық академияның сарапшысы:
– Президенттің өкілеттілігін жеті жылға ұзартқан тиімді. Себебі, АҚШ-ты алсақ, сайлау әр төрт жыл сайын өтеді. Бұл тым қысқа уақыт. Ештеңе істеп үлгере алмайсың. Ал, жеті жыл тың жобаларды жүзеге асыруға жеткілікті. Әрі қазақта жеті – киелі сан екенін білеміз. Сондықтан мен осы сайлаудан көп үміт күтемін әрі байқаушы ретінде қатысудан үміттімін.

Дайындаған саясат бөлімі.

Пікір қалдырыңыз